Байқау • Бүгін, 08:00

Мұқабада бейнеленетін мұра

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігі кіндік Азияның жас суретшілеріне тамаша мүмкіндік сыйлады. Олар «BeWoman Asia» жаһандық форумы аясында өткен өнер додасында бақ сынасты. Жеңімпаздар алты ай бойы атаулы стипендия алатын болды.

Мұқабада бейнеленетін мұра

Орталық Азияның жас сурет­шілеріне ар­налған «Болашақты бей­нелеу» атты байқауда сынға түскен суретшілерден – болмыс, трансформация, әйел құді­реті, ұжымдық бірлік қуаты мен болашаққа деген жекелеген жауап­­кершілік тақырыптарын кекіндеме, графика, цифрлық өнер, фото, тоқыма мен инс­талляциялар арқылы жеткізу талап етілді.

Осы орайда, «BeWoman Asia» форумының бас продюсері Әлихан Мұсатаев: «Өнер қашан да адамдарды біріктіретін ортақ тіл болып қала береді. Жаңа есім­дерге жол ашып, олардың кө­рі­нуіне септесу – бүкіл команда үшін үлкен мәртебе. Форум­ның қам­қоршылық кеңесін басқа­ра­­тын Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Аида Балаеваға осы ­идеясы ­үшін, сондай-ақ кәсібилік таныт­қан жобаның сарапшылар құрамы мен стипендия бөлгені үшін «Easy Art» бастамасына алғыс айтамыз!», деді.

Байқауға екі ай ішінде Орталық Азияның бес елінен 445 жұмыс келіп түссе, ақтық сынға іліккен суретшілердің туындыларын тәуелсіз арт-кеңесші Владислав Слудский, өнертанушы әрі «Art Society» спикері Ольга Батурина, Түрікменстан Суретшілер одағының төрағасы Чарымурат Язмурадов, «Almaty Gallery» директоры Наргиз Алиб, Дубайдағы «Andakulova Gallery»-дің иесі әрі өнертанушы Наталья Андакулова, өнер тарихшысы Екатерина Резникова, арт-менеджер Алек­сандра Филатова, көрме кураторы Оля Веселова сынды аймақтық және шетелдік сарапшылардан құралған халықаралық қазылар алқасы саралады.

Сонымен бес жеңімпазға алты ай бойы 300 000 теңге стипендия. Көрермендер көзайымы жүлдесіне – 1 000 доллар көлемінде сыйақы, Гран-при иегеріне халықаралық арт-резиденциясына қатысу құқығы берілді.

Сарапшылар стипендияға Қа­зақ­станнан – Аида Әділбек, Өзбекстаннан – Сардор Эркинов, Түрікменстаннан – Тойлы Чопа­нов, Қырғызстаннан Айдана Турумбекова лайықты деп тап­қан. Ал арнайы стипендияны түрікменстандық Махым Атакова алды. Бас жүлде мен халықара­лық арт-резиденцияға қатысу бақыты отандасымыз Интизор Отаниезоваға бұйырып отыр.

Ең бастысы, байқау жұмыста­рының бірі халықаралық әйелдер журналы «Marie Claire»-дің мұқаба­сына шағатын болды.

«Мұқабаға таңдалған туынды Орталық Азия әйелдерінің та­рихтан бастау алған терең дәс­­түр­лері мен келешекке деген құл­шынысты көзқарасын бей­­не­­лейді», дейді «Marie Claire Kazakhstan» журналының бас редакто­ры Наталья Старостина.

Жүлделі туындыларды 20 қыр­күйектен бастап Наргиз Алиб же­текшілік ететін «Almaty Gallery»-ден тамашалауға болады.

 

АЛМАТЫ