Үкімет • Бүгін, 17:19

Үкімет басшысы жол апаттарына қарсы нақты шаралар қабылдауды тапсырды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қарау барысында жыл басынан бері азаматтардан жол қозғалысына қатысты 30 мыңнан астам өтініш келіп түскенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Үкімет басшысы жол апаттарына қарсы нақты шаралар қабылдауды тапсырды

Фото: Үкімет

Премьер-министр жолаушылар тасымалын бақылау бойынша да тиімді тетік жоқ екеніне назар аударды. Бұл мәселе қала ішіндегі және қалааралық бағыттарға да қатысты болып отыр. Өңірлерде жолға шыққан балаларды арнайы көлікпен алып жүру ережесінің де сақталмайтыны айтылды. Мәселен,  өткен аптада ғана Алматы облысында оқушылар мінген автобус апатқа ұшыраған.

Ал жексенбіге қараған түннің өзінде жол апаттарының салдарынан Қарағанды облысында 5 адам, Жетісу облысында 10 адам қаза тапқан. Жетісу облысындағы жағдайда апатқа кінәлі адам әлі жүргізуші куәлігін де алмағаны анықталған. 

«Президент заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік және жазаның бұлтартпас қағидатын сақтау міндетін қойды. Осы бағытта, әсіресе, жол апаттарының деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Ішкі істер министрлігі тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдаймыз. Оларды іске асыруға барлық мемлекеттік органдар мен жұртшылық өкілдері тартылуы тиіс», деді Премьер-министр.