Үкімет • Бүгін, 17:10

«Банктер туралы» жаңа заң 2026 жылға дейін қабылданады

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қаралды. Құжат 87 іс-шарадан тұрады. Оның негізгі бағыттары туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Банктер туралы» жаңа заң 2026 жылға дейін қабылданады

Фото: Finratings.kz

«Жоспар негізгі 8 бағыттан тұрады, оның ішінде жаңа инвестициялық саясат, өнеркәсіпті нығайту, АӨК дамыту, көліктік әлеуетті жүзеге асыру, ТКШ жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, адами капиталды дамыту және парламенттік реформаны жүргізу бар», деді Серік Жұманғарин.

Вице-Премьердің айтуынша, инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта құрылады. Сондай-ақ жоғары технологиялық секторларға Ұлттық қордан 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция тартылмақ.

2026 жылдың қаңтарына дейін жаңа «Банктер туралы» заң қабылданып, ол банк нарығына жаңа қатысушыларды кіргізуге және қаржы ресурстарын нақты экономикаға бағыттауға мүмкіндік береді.

Жоспар аясында Alatau city аумағында іскерлік белсенділік пен инновациялар орталығы құрылады. Мұнда криптоактивтер арқылы төлем жасауға жол ашатын крипто-фиат арналарын енгізу көзделген.

Сонымен қатар Ұлттық банкпен бірлесіп, цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыру үшін Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылатын болады.