
Патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, мұндай жүргізушілер мәжбүрлі түрде тоқтатылып, демалып алуына жағдай жасалады.
— Сондықтан да шаршаған, ұйқылы жүргізушілерді уақытылы тоқтату — адам өмірін сақтап қалуға ықпал ететін басты шаралардың бірі, — деді ол.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері облыста 482 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 96 адам қаза тапқан. Оның ішінде 50-ден астамы жүргізушілердің ұйықтап кетуінен болған.
Рейд барысында Қарағанды — Балқаш бағытында 15 көлік тоқтатылып, жүргізушілердің әрі қарай жолға шығуына уақытша шектеу қойылды.
— Қазақстанда бізді полиция қызметкерлері тоқтатып, шаршасақ демалуымызды өтінді. Бұл өте дұрыс. Өйткені көптеген жол-көлік оқиғасын көріп жүрміз. Полиция түн ішінде біздің қауіпсіздігімізді ойлап, жолға шықпауды сұрап жатыр. Полицияның барына рақмет, — деді Өзбекстан азаматы Ахрорбек Камбаров.
Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, енді жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа жүйе енгізілмек.
— Жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біз облыс прокуратурасымен бірлесіп, жаңа жүйені енгізбекпіз. Яғни 8 сағаттан артық жол жүрген жүргізушілер туралы ақпарат автоматты түрде полиция қызметкерлерінің планшеттеріне түседі. Уақытынан артық жүрген жағдайда, біз оларды тоқтатып, әрі қарай демалғанға дейін жолға шығармаймыз. Қарағанды тоғыз жолдың торабы болғандықтан, көліктер көбіне түн ортасы немесе таңғы уақытта келеді. Дәл осы мезгілде ұйықтап кету қаупі жоғары болады. Егер жүйе толық іске қосылса, жол-көлік оқиғаларының едәуір азаятынына сенеміз, — деді ол.
Полиция жүргізушілерді ұзақ жолда міндетті түрде демалуға, жол ережелерін қатаң сақтауға және өз өмірі мен жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.