Қоғам • Бүгін, 09:20

Мәдениеттілік көрсеткіші

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» ертегі-повесіндегі таңертең ұйқыдан тұрысымен жуынып-шайынып алып, өзінің шағын планетасын аса қауіпті арам шөптен тазалауға кірісетін өреннің өнегесі кімге болсын ой салады. Елімізде былтырдан бері іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық жобасына балдырғандардың да үлес қосып жатқанын көріп сүйсінгенде осы шығарма есімізге түседі. Әсілінде, тазалыққа шақыратын бұл бастаманың ең үлкен тағылымы осы емес пе?

Мәдениеттілік көрсеткіші

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұл ретте Мемлекет басшы­сының биылғы сәуір айындағы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз», деген сөзінің мағынасы терең. Президенттің пікірінше, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау – әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет.

Шын­туай­тында, біз – тазалықты ежелден қастер тұтқан жұртпыз. Қоғамдық санада тазалық пен адалдық қатар тұратын егіз ұғым болып қалыптасқан. Маңайы көң-қоқыстан ада, іші де мұн­таздай таза үйлердің еңбекқор иеле­рі қашанда көпшіліктің шынайы құрметіне ие. Ал «Қолы таза азамат» деген сөз – адамның адалдығын білдіретін мінездеме.

Бүгінде «Таза Қазақстан» эколо­гия­­лық жобасы жалпыұлт­тық қозғалысқа айналып отыр. Оған бір жыл ішінде 9 млн отандасымыз атсалысқаны, оның 448 мыңы ерікті екені – соның айға­ғы. «Таза Қазақстан» – таза­лық сенбі­лік­терін өткізумен шектел­мейтін, ауқы­мы кең бағдар­лама. Мәселен, «Таза өлке» апталы­ғында елді мекендер тұрғын­дары, әр­түрлі ұйым мен кәсіп­орын қызметкерлері іргелес аумақ­тар мен аулаларды тазартты.

«Кие­лі мекен» апталығында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтары абат­тандырылды. «Жасыл аймақ» апта­лы­ғын­да кө­шеттер отырғызылып, ағаштар әктелді. «Өнегелі ұрпақ» апталығында жас­тар ардагерлердің үйлерінің аулаларын тазаласып, қарттар үйлерінің аумақтарын абаттандыруға атсалысты. «Мөлдір бұ­лақ» апталығында өзен-көлдердің айналасы қоқыстан тазартылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет былтырғы 31 қазандағы қаулысымен Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024–2029 жылдарға арнал­ған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын бе­кітіп, оны жүзеге асыруға кірісті. Атал­ған тұжырымдама аясында эколо­гия­лық ойлау және экологиялық жауап­ты мінез-құлықты ынталандыру және оны көтермелеу іс-шараларына, эколо­гиялық білім беруге баса назар аударылып отыр.

Осы жылдың басынан бастап «Таза Қазақстан» аясында ел бойынша 874 іс-шара, соның ішінде бірқатар респуб­ликалық және халықаралық акция өткі­зіл­ді. 1 млн 400 мың тоннадан аса қоқыс жинап алынып, елді мекендерде 2 млн 400 мыңнан аса ағаш отырғызылды.

Telegram @ TazaQazBot цифрлық платформасы сәтті іске асырылып жатыр. Оның көмегімен еліміздің кез келген тұрғыны экологиялық проблемалар мен абаттандыру мәселелерін шешуге өз үлесін қоса алады. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 22 мың өтінім келіп түскен. Оның 21 мыңнан астамы орындалған. Көбіне адамдар аумақты жинау, қоқыс шығару, көшелерді абаттандыру және тротуарларды күтіп ұстау қажеттілігі туралы хабарлап жатады.

«Таза Қазақстан» аясында қалдық­тарды сұрыптау мен өңдеуге арналған инфрақұрылымдық жобалар да іске асырылып жатыр. Себебі жыл сайын елімізде 4,5 млн тоннадан аса комму­нал­дық қалдықтар жиналады, ал олар­ды өңдеу деңгейі былтыр 25,8 пайыз­ға әрең жетті. Еуропаның дамыған елде­рінде қалдықтарды өңдеу мен сұрып­тау­дың орташа деңгейі шамамен – 50 пайызға, Жапонияда – 40 пайызға, Оңтүс­тік Кореяда 60 пайызға жеткен. 2024 жыл­дың басында еліміздің 207 қаласы мен ауданының 142-сінде ғана қалдықтарды бөлек жинау енгізілген, ал сұрыптау 130 қала мен ауданда ғана қолға алынған. Тұрғындар қоқысты бөлек жинау талаптарын сақтамай, көшеде әртүрлі контейнерлер орнатылғанына қарамастан, қалдықтардың бәрін бірге тастауды жалғастырып келеді. Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан басқа өңірлерде қайта өңдеуге арналған қалдықтарды қа­был­дау пункттерінің инфрақұрылымы на­шар дамыған.

«Таза Қазақстанның» тағы бір бағыты – елді мекендерді көгалдандыру және орманды ұлғайту. Мемлекеттік орман қоры аумағында 1 369 млн көшет отырғызылды, оның ішінде Арал теңізінің құрғап қалған түбінде 48,7 млн дана сексеуіл егілді. Бұған қоса, сапалы көшет материалымен қам­тамасыз ету мақсатында орман тұқым­бақтарын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қазақстанның әлеуметтік даму инс­титуты» коммерциялық емес акцио­нер­лік қоғамы жүргізген сауалнама эко­­ло­­гия тақырыбы азаматтардың көп­­ші­лігін алаңдататынын көрсеткен. Рес­пон­денттердің 57,1 пайызы жарық пен суды үнемдейтінін, 50,5 пайызы энергия үнемдейтін шамдарды пайдаланатынын айтқан. Халықтың 25,3 па­йызы ғана қоқысты сұрыптайды. Әрбір бесінші азамат үйде болмаған кезде жылу құрылғысының температурасын төмендетіп кетеді. Респонденттердің 16,3 пайызы ғана ағаш отырғызу және аумақты тазарту іс-шараларына қатысуға мүдделілік білдірген.

Жасалған талдау елімізде эколо­гия­лық тұрғыдан ең белсенді өңірлер Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Жетісу облыстары екенін көрсеткен. Ондағы рес­понденттер экологиялық дағдыларды күнделікті өмірде жиі қолданады. Мыса­лы, Қарағанды облысының тұрғын­дарының 84,1 пайызы қайта пайдалануға болатын ыдыстарды, 69,5 пайызы қайта пай­далануға болатын пакеттерді қолда­нады, 37,1 пайызы ағаш отырғызу, сенбілік акция­ларына қатысады. Қостанай облысында респонденттердің 49,6 пайызында қоқысты сұрыптау, 80,9 пайызында энергияны үнемдейтін электр шамдарын пайдалану және 17,4 пайызында макулатура жинау дағдылары қалыптасқан. Жетісу облысында энергияны үнемдейтін электр шамдарын пайдалану (тұрғындардың 82,1 пайы­зы) және жарық пен суды үнемдеу (79,8 пайыз) кеңінен тараған. Ақтөбе облысы тұрғындарының 83,8 пайызы өздері үйде болмаған кезде жылу құрылғыларының температурасын төмендететінін атап өткен, сондай-ақ мұнда жарық пен суды үнемдеу көрсеткіші (92,8 пайыз) де жоғары. Алайда жастар жағы қоқысты сұрыптауға біршама ынталы болғанымен (27,5 пайызы сұрыптайды), жоғарыда аталған экологиялық дағдылар бойынша белсенділігі төмен болып шықты.

Талдау көрсеткендей, елімізде ха­лықтың экологиялық санасы әлі де жет­кіліксіз. Бұл көптеген адамның күнделікті әрекетінің қоршаған ортаның жағдайы үшін маңыздылығын түсінбеуіне әкеліп соғып отыр. Сарапшылардың айтуынша, жұрттың экологиялық сана-сезімінің төмен болу себебінің бірі – бұқаралық ақпарат құралдарында экологиялық мәселелердің жеткілікті жарияланбауы. Мұның өзі адамдардың экологиялық бастамалардың мән-маңызы мен олардың планетаның болашағына әсері туралы толық түсінік алуына мүмкіндік бермейді.

Дегенмен «Таза Қазақстан» эколо­гия­лық жобасының арқасында сең қозғал­ғаны анық. Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейдің оқушысы Гүлмира Елубаева өзінің «Таза Қазақстан» эссесінде: «Әрбір адам үшін туған жер – киелі мекен. Ата-бабаларымыз ұрпақтарын туған жердің қадірін түсінуге, оның тазалығын сақтауға, табиғатты аялауға тәрбиелеген. Таза Қазақстан – біздің болашағымыз. «Табиғат ол – айнала, қасиетті өлкеміз», деп ақын Сұлтан Қалиев жырлағандай, табиғатты қорғау – біздің міндетіміз. Мектебіміз экологиялық бағытта жұмыс істейді. Оқушылар түрлі жобаларға қа­ты­сады. Биыл біз пластик бөтелке және олардың қақпақтарын жинау акциясына қатыстық. Осы қалдықтарға екінші өмір сыйладық. Біз экологиялық бұрышқа гүл егіп, оны суарып, күтім жасаймыз. Жыл бойғы еңбегіміздің нәтижесінде әдемі гүлдеріміз ерекше сән беріп тұр. Мен Таза Қазақстанға қандай үлес қоса аламын? Таза Қазақстан іс-шарасының бірі – ауланы қоқыстан тазарту. Қоқыс қалдықтарын арнайы жәшіктерге салу – қарапайым ереже. Кейбір адамдар кәмпит, балмұздақ, сусын ыдыстарын әр жер­ге қалдырып кете береді. Бұл – дұ­рыс емес. Әрбір адам өзінің жауапкер­шілігін арттырып, табиғатқа шынайы жана­шырлық танытуға тиіс», деп жазыпты.

Бұл – біздің елден де «Кішкентай ханзадалар» шыға бастағанының белгісі.