
– Ержан Құрманғалиұлы, әңгімемізді дін саласындағы диалог пен келісімнің еліміз үшін маңызынан бастасақ. Біз үшін басты құндылық не?
– Әлемдік қауымдастық алдында толеранттылық пен тату көршілік қатынасын өрістетіп жатқан мемлекетіміз үшін ең басты құндылық – бірлік пен келісім. Ал дінаралық диалог – осы бірлігіміздің басты іргетасы. Сондықтан барлық дін өкілдерінің бейбіт өмір сүруі мен өзара сыйластығы – аса маңызды мәселе әрі мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Бұл салаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі әрдайым ерекше ден қойып келеді. Алдағы күндері Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VІІІ съезі өткелі жатыр. Оған да Мемлекет басшысы өзі тікелей қатысып, әлемнің әр түкпірінен келетін дін көшбасшыларымен бірге бейбітшілік пен ынтымақ мәселесін талқыламақ.
– «Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен өткен дін саласындағы оқиғалар шежіресі. 2019–2024 жылдар» атты жинақтың негізгі идеясы да еліміздегі конфессияаралық келісімді көпке танытуды көздей ме?
– Әрине. Негізгі мақсат – еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын жетілдіру, оның тиімділігін арттыру. Ол үшін саладағы жұмыстардың көздейтін мақсатын, қандай құндылықтардан бастау алатынын, ең басты қағидаттары мен міндеттерін ұғыну өте маңызды. Бұл кітапты шығару идеясы еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын дамытудың орта мерзімге арналған стратегиялық жоспарлау құжатын әзірлеу барысында туды. Құжаттың жобасын дайындау үшін көптеген фактор мен үрдісті зерттедік. Мемлекет басшысының кейінгі бес жылда осы салада жүргізген саясатын да талдадық. Нәтижесінде, қолымызға жинақталған бар материалды өңдеп, хронологиялық тәртіппен құрастырып, кітап түрінде жарыққа шығаруды жөн көрдік.
Жалпы, жинаққа дін саласына тікелей немесе жанама қатысы бар 80-нен аса оқиға туралы ақпарат енді. Олардың басым бөлігі Мемлекет басшысының ресми сайтынан және әлеуметтік желідегі парақшаларынан алынды. Кейбір материалдарды Президенттің Баспасөз қызметі ұсынды.
– Басылымның негізгі ерекшелігі неде?
– Ерекшелігі – Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік өкілеттігін атқаруға кіріскеннен бері ол кісінің қатысуымен өткен дін саласындағы іс-шаралар туралы тақырыптардың бір кітапта топтастырылуында. Бұл өз кезегінде талдауға, түрлі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге, қабылданған шешімдердің себептерін түсіндіруге, насихаттауға ыңғайлы әрі пайдалы. Сондықтан ең алдымен, бұл жинақ мемлекеттік аппараттың, ғылым мен білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне, ізденушілер мен сарапшыларға пайдалы еңбек боларына сенім мол. Жалпы, дін саласының мәселелеріне қызығушылық танытатын қалың оқырман үшін де құнды дүние.
– Мемлекет басшысы дін саласындағы ахуалға жіті ден қойып отыратынын жоғарыда айттық. Жалпы, осы жинақты құрастыру барысында ерекше назарыңызды аударған жайттар болды ма?
– Иә, ақпараттарды зерделеу кезінде жан дүниеме ерекше әсер еткен бір жағдай бар. Мысалы, бұған дейін өз басым марқұмдарды зиярат етуді, оларға Құран сауабын бағыштауды, мазарларды көргенде бет сипауды тек діни дәстүріміздің бір бөлігі, жақсы әдет ретінде ғана қабылдайтынмын. Алайда Президенттің Қағбаға, Пайғамбар мешітіне, Жошы хан, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата, Төле би кесенелеріне, шетелде жерленген ағасының мазарына, сондай-ақ мешітке арнайы барып аруақтарға Құран сауабын бағыштағанын көріп, мұның мағынасын тереңірек түсініп, оған мүлде басқа көзқараспен қарай бастадым. Ол кісінің бірнеше рет ата-бабамызға, Қазақ елінің мемлекет және діни қайраткерлері – Алтын Орда билеушілеріне, хандар мен билерге, батырлар мен ғалымдарға, Отан үшін қызмет еткендерге, құрбан болған жандарға халық атынан алғысын білдіріп, дұға жасағанына куә болдық. Сол бабаларымыздың күш-жігері мен сіңірген еңбектерінің арқасында біз тәуелсіз елде өсіп-өркендеп өмір сүріп жатырмыз. Бұл үлкен игілік емес пе. Сондықтан мен марқұмдарға Құран сауабын бағыштауды оларға деген алғыс деп түсінемін.
– Бүгінгі күні еліміздің дін саласындағы саясатының негізгі қағидаттары деп нені айтар едіңіз?
– Ең негізгі төрт қағидатын байқауға болады. Біріншісі – діни толеранттылық. Яғни әр адамды дініне немесе наным-сеніміне қарамастан бағалау, оған құрмет көрсету. Екіншісі – діни еркіндік. Бұл әркімнің дінді немесе өзге де нанымдарды ерікті түрде қабылдайтынын, әр адамның өз еркімен діни және өзге де амалдарды орындайтынын немесе олардан бас тартатынын білдіреді. Үшіншісі – қазақ халқы мен еліміздегі этностардың діни бірегейлігін сақтау. Бұл – Президенттің басшылыққа алатын мәні айрықша ұстанымның бірі. Төртіншісі – діни және өзге де наным-сенім негізінде жек көрушілікке, төзбеушілікке және озбырлыққа жол бермеу. Бұлардың бәрі негізінен зайырлылық қағидаттарына жатады.
Шын мәнінде, еліміздің дін саласында жеткен жетістігі мол. Оларды қадірлеу, сақтап қалу, одан әрі дамыту – басты міндетіміз. Әлі де шешімін күткен мәселелер бар, әрине, оларды да назардан тыс қалдырмау керек. Біз еліміздің дамуына шынайы ықыласпен үлес қоса береміз. Ол үшін мемлекеттік саясаттың қалыптасуына және іске асуына атсалысып, қолданбалы зерттеулерді қатар жүргізіп келеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»