Медицина • Бүгін, 09:50

Сақтандыру саласындағы өзгерістер

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2027 жылдан бастап елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакеті қолданысқа енеді. Бұл өзгерістің жұмыс күші жиі алмасатын Алматы қаласы үшін маңызы зор.

Сақтандыру саласындағы өзгерістер

Келесі жылдан бастап Алма­тыда 95 мыңға жуық адам қосымша сақтан­ды­ры­ла­тынын айта кеткен жөн. Өйткені мега­полисте тұратын 2,3 млн халық­тың 80%-ы немесе 1,8 млн адам сақтандырылған. Өкінішке қарай, 475 мыңдай адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.

Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалы дирек­торының орынбасары Нұрдос Қадырбеков МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап жергілікті атқару органдары халықтың әлеуметтік жағ­да­йы төмен бөлігі үшін сақтан­дыру жарнасын төлей бастайтынын айтады. Соның арқасында Алматыда 95 мыңға жуық адам МӘМС жүйесіндегі меди­циналық көмекке жүгінуге мүм­кіндік алмақ.

«Мұқтаж жандардың ішінен меди­циналық көмекті жиі қолданатын азаматтар іріктеліп, жергілікті бюджет есебінен сақтандырылады. 2026 жылы 26 мыңнан астам адамның әрқайсысына ай сайын 9 189 теңгеден, жалпы 2,9 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. Сондай-ақ бұдан былай жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер үшін де МӘМС жарнасын жергілікті атқару органдары төлейді», дейді Н.Қадырбеков.

Сонымен қатар сақтандыру жүйе­сінің қаржылық тұрақтылығын қамта­масыз ету мақсатында 2026 жылдан бастап жарна төленетін жалақы шегі өзгеретінін еске сала кету керек. Тағы бір атап өтетін жайт, қазірде Алматыда 1,2 млн-нан астам, ел көлемінде 11,2 млн-ға жуық адам мемлекет есе­бінен сақ­тандырылып отыр. Биыл мем­лекет олар үшін ай сайын орташа айлық жалақының 2%-ын аударады. 2027 жылдан бастап жарна мөлшері біртіндеп өсіп, 2037 жылы 4,7% дейін жетуі тиіс.

МӘМС арқылы көрсетілетін меди­ци­налық көмектің қолжетім­ділігін арттыру мақсатында заңға тағы бір жаңа норма енгізілді. Енді кемінде 5 жыл қатарынан жүйеге жарна ауда­рып келген азаматтар уақытша төлем қабілетінен айрылған жағдайда, сақтандыру мәртебесі алты айға дейін сақталады. Бұған дейін сақтандыру мәртебесі соңғы төлем жасалған сәттен бастап үш ай ғана сақталатын.

«Кейінгі жылдарда біз бірінші рет сақтандыру реформасын тех­ни­калық емес, әлеуметтік тұрғыдан қарас­тырып отырмыз. Енгізілген өзгеріс­тер арқасында медицина шынымен қолжетімді бола бас­тайды. Халықты сақ­тандыру жүйе­сімен қамту деңгейі жақ­сарып, меди­­ци­на­лық көмекті пайдалану мүм­кіндігі арта­ды», деді сарапшы Вячеслав Локшин.

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдың екінші жартысынан бас­тап барлық онкологиялық скринингтер тегін жүргізіледі. Яғни онкоскринингтен өтуге сақтандыру мәртебесі талап етіл­мейді. Сондай-ақ 2026 жылдан бас­тап әлеуметтік маңызы бар сегіз дертке күдік келтірілген жағдайда консуль­та­тивтік-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі. Бұған дейін аталған қыз­мет­тер тек АИТВ мен туберкулез сынды екі сырқат бойынша ғана тегін болатын.

2026 жылдан бастап амбула­тор­лық диализ, консульта­тивтік-диаг­нос­тикалық көмек, амбулаторлық дең­гейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, динамикалық бақылауға жататын 12 сырқат тобы бойынша жос­пар­лы стационарлық, стационарды алмас­тыратын көмек МӘМС пакеті арқылы көрсетіледі. Бұлардың қата­рын­да ба­уыр, қан мен қан шығару органдарының, іш құрылыс аурулары, жұқпалы емес энтерит, колит, артропатия, дорсопатия, қалқанша безі аурулары, қатерлі емес аденома ісігі, сүт бездерінің қатерлі емес дисплазиясы, әйелдердің жыныстық аурулары, бронх-өкпе дисплазиясы, туабітті жүрек кінәраты, іште пайда болған кемістіктер бар.

Алматы қалалық қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі Ләйла Иманғалиеваның айтуынша, бұл бастамалар 2027 жылдан бастап қаржыландырудың сақтандыру үлгісіне басымдық беруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығын­ның 35%-ы Тегін медициналық көмек пакетінен (ТМККК), 65%-ы МӘМС пакетінен алынбақ. Қазір­де шығынның 57%-ы ТМККК паке­тіне, қалған 43%-ы МӘМС-ке тие­сілі.

 

АЛМАТЫ