
Осы фильмде Абай рөлін сомдаған Қазақ КСР халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың естелігі ақын тойы қарсаңында «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 11 тамыз күнгі №165 санына жариялаған екен. Осы естелікте халық әртісі: «Қазақ халқының ұлы ақыны Абайды мен 12 жасымнан білемін. Біздің ауылға «Абай қайтыс болды» деген хабар жеткенде жайлауға көшкелі отырған бір тайпа ел көшпей, үлкен адамдар қайғырып, аза тұтқаны есімде. Сол кездің өзінде біздің жақта «Абайдың өлеңі», «Абай айтыпты» деген сөздер көп таралатын. Үш-төрт кісі бас қосса Абайдың атын айтпай отырмайтын.
Абай тірі кезінде біздің ауылдың Мәуқай деген адамы жыл сайын ақынның ауылына барып, қыстай жатып, жаз шыға елге қайтып жүрді. Сол кісі қарттық басып отырып, «Абай-ай, аулыңа барып, бір қонып, өзін көріп қайтсам-ау» деп жылайды екен. Сонда замандастары «Әй, Мәуқай-ау, Абай, Абай деп қайтпас сапарға кеткен адамды аңсай беріп қайтесіз. Артында өлмейтін сөзі қалды. Абайды күнде еске түсіріп, оның әнін шырқап, өлеңін айтып жүрген жігіттер бар емес пе? Кәне біреуің Абайдың өлеңін айтып жіберіңдерші» дейтін. Сонда Пішім, Қали, Ғаббас деген әншілер Абайдың әні мен өлеңін айтатын еді.
Сонда Мәуқай: «Әй, қарақтарым-ай, тап осы сендердің мені төбелеріңе көтеріп отырғандарың айналып келіп, Абайдың қасында тізерлеп отырып алып: «Абай аға шақшаңды берші» деп бір атым насыбай сұрап атқанға татымай тұрған жоқ па?», дейді екен.
Абайдың әнін жақсы айтатын адамдар ел ішінде абыройлы болып жүрді. Соның бірі мен едім. Талабымды байқаған Мұқаметәлі деген қария Абайдың сөзін жаттатып, үйретті. Сөйтіп, біз бала жастан Абаймен ауыздандық.
1931 жылы октябрьдің ішінде Жүсіпбек Елебеков екеуміз Шыңғыстауға бардық. Өлең айтып, ән салып сол елде көп жүрдік. Көбінде Абай әндерін айтамыз. Ел ішінде Абайды көрген адамдар баршылық екен. Солармен ұзақ түндер әңгімелестік. Олардың түрлеріне қарап отырып, бет әлпеттерінен, отырыстарынан, қозғалыстарынан, қабақ қағыстарынан, көз қарастарынан, сөйлеген сөздерінен көп нәрсе ойымда қалды. Солар маған әңгіме арқылы Абайды көзіме елестеткені өмірде ұмытылар емес. Кейінгі жылдар – театрда, кинода Абай образын сомдағанда осы оқиғалар керемет көмек болды.
Кейін 1939–1940 жылдары «Абай» пьесасын қойғанда ақынның рөлін ойнадым. Осы кезден бастап Абайды бұрынғыдан жете зерттеуге тұра келді... Әрине, Абай образын толық жасадым деп айта алмаймын. Мұндай ұлы адамның бейнесін жете суреттеу аса қиын іс. Абайдың адамды сүю, әділдікті аңсау, қараңғылықтан қашу, жаңалыққа төрелік беру сияқты толып жатқан жетістіктерін өз шама-шарқымша сомдап жүрмін деп ойлаймын», деп жазыпты.