Медицина • Бүгін, 16:12

Жетісуда жедел жәрдем қызметі жаңа көліктермен толықты

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісу облысының жедел жәрдем қызметіне тағы 29 арнайы көлік берілді. Көліктердің кілтін аймақ әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы орталық алаңда өткен шарада тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісуда жедел жәрдем қызметі жаңа көліктермен толықты

фото: Жеңіс Ысқабай

Әкімнің айтуынша, соңғы үш жылда өңірдің санитарлық автопаркі 167 көлікпен толыққан. Тек биылдың өзінде жедел жәрдем қызметіне 343 мыңға жуық шақырту түсіп, күн сайын орта есеппен 1100-ге жуық тұрғынға алғашқы көмек көрсетілген. Сондықтан жаңа көліктер медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Бұл жолы берілген көліктер Қаратал, Сарқан, Панфилов, Көксу, Ақсу, Кербұлақ, Ескелді, Алакөл аудандарына, Текелі және Талдықорған қалалық емханаларына, сондай-ақ облыстық перинаталдық орталық, дәрігерлік-дене тәрбиесі диспансері мен жұқпалы аурулар ауруханасына бөлінді.

Ақсу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Байқадам Құрымбай медицина қызметкерлерінің атынан алғыс білдіріп, соңғы жылдары ауданға жас мамандар тартылып, жаңа нысандар салынғанын атап өтті.

Аймақта денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жүйелі жүргізілуде. 2022 жылдан бері облыста 162 жаңа нысан салынып, 10 ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Биыл олардың 75-і пайдалануға берілмек. Жетісу дәрігерлерге көтерме жәрдемақы төлейтін алғашқы өңір саналады: өткен жылдан бері 120 маман қаржылай қолдауға ие болды. Соның нәтижесінде дәрігерлер тапшылығы 20 пайыздан аса қысқарды.