ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:45

Криптовалюта қоры – қаржылық тұрақтылық негізі

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Криптовалюта қоры дегеніміз – әлемдегі негізгі цифрлық активтерді сатып алып, олардан арнайы қаржылық резерв қалыптастыру. Қазір биткоин, эфир, айткойн, тонкойн сияқты танымал койндарды сатып алу арқылы белгілі бір қор құру жоспарланып отыр.

Криптовалюта қоры – қаржылық тұрақтылық негізі

Сурет: yandex.kz

Бұл қордың басты мақсаты – крип­то­валюталардың бағасы өскен кезде ел қазынасына қосымша табыс түсіру әрі Қазақстанның қаржылық тұрақ­ты­лығын күшейту. Мұндай қор жаңа қаржы құралы ретінде экономиканың дамуына серпін бермек.

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұн­дай бастамалар қазірдің өзінде кеңінен дамып келеді. АҚШ, Қытай, Еуропаның бірқатар мем­лекет­тері криптовалюта қор­ларын қалыптастырып, оларды экономикалық саясаттың маңызды бөлігіне айналдырды. Бұл елдерде криптовалюталардың құны артқан сайын қорлардың табысы да көбейіп, бюджетке қосымша қаржы түседі. Біздің ел де осы үдерістен шет қалмауға тиіс. Қордың көлемі әзірге талқыланып жатыр, бір миллиард долларға ма, екі миллиард дол­ларға ма, әлі нақты ше­шім қабыл­­данған жоқ. Сондай-ақ қай крип­то­ва­лютаға басымдық бері­ле­тіні де әлі анықталады.

Бұл бастама Alatau City жобасымен тікелей байланысты. Alatau City  еліміз үшін инновациялық серпіліс әкелетін, технологиялық сынақтар мен тәжірибелер жүргізуге арналған арнайы аймақ болады. Мұнда жаңа идея­ларды сынап көруге мүмкіндік туады: ұшатын таксилер, пицца жеткізетін дрондар, жасанды интеллектіге негіз­дел­ген басқару жүйелері, үйден үйге жал­ғасатын канат жолдары сияқты ше­шімдер осы жерде жүзеге асуы мүмкін. Алматы мен Астанада мұндай жоба­ларды іске асыру қиын, себе­бі бұл қала­ларда халық тығыз орна­­ласқан, инфрақұрылым бұрыннан қалып­тасқан. Ал Alatau City жаңа кеңістік ретінде барлық инновациялық бас­та­маны сынап көруге жол ашады.

Болашақта Alatau City толық­қанды «ақылды қалаға» айналуы ықтимал. Мұнда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін әкім­шілік басқару жүйесі орнатылып, ин­новациялық стартаптар мен тәжіри­белік сынақ алаңдары дамуы мүмкін. Арнайы реттеушілік аймақ құрылса, әлемдік стартаптар мен технологиялық инвес­торлар Қазақстанға қызығушылық танытады. Жоба жүзеге асқан жағдайда елімізге түрлі инженерлер, IT-маман­­дар, ғалымдар келіп, өз идеяларын іске асы­руға мүмкіндік алады. Бұл елі­міз­ді өңір­лік технологиялық хабқа айнал­дыруға жол ашады.

Сондай-ақ Президент Жолдауында атап өтілгендей, еліміздің жаңа экономикалық бағыты цифрландыру мен инновацияға негізделуге тиіс. Криптовалюта қоры мен Alatau City осы стратегияның бір бөлігіне айналуы мүмкін. Бұл жобалар ел экономикасына жаңа инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, технологиялық прогресті жеделдетуге және Қазақстанның халықаралық дең­гей­дегі беделін арттыруға ықпал етеді.

Мұндай қадамдар елімізді жаңа экономикалық дәуірге жетелейді. Криптовалюта қоры – қаржылық тұрақтылықты арттыратын құрал ғана емес, сонымен қатар елімізді ин­но­вациялық технологиялардың орта­лы­ғы­на айналдыруға бағытталған үлкен мүмкіндік.

 

Айбар ОЛЖАЕВ,

экономист