
Оған еш таңдануға болмас. Себебі 32 жастағы Жәнібек қазіргі кездегі толыққанды нұсқалар бойынша еліміздегі жалғыз әлем чемпионы. Орта салмақта жұдырықтасып жүрген ол кәсіпқой рингте 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 12 қарсыласын нокаутқа жіберді. Жетісу облысы, Алакөл ауданының тумасы 2022 жылы WBO, 2023 жылы IBF нұсқасының теңдессізі деп танылып, сол атақтарын бірнеше мәрте сәтті қорғады. Сондықтан да Әлімханұлының көш басында тұруы заңдылық.
Екінші орында – екінші жартылай жеңіл салмақтағы Сұлтан Зәуірбек. 29 жастағы Түркістанның тарланы 20 бәсекенің бірде-біреуінде ұтылған жоқ. 13 жекпе-жекте қарсыластарын ұрып жықты. Түрлі ортаңқол нұсқалар бойынша алтын белбеудің иегері, WBA рейтингінде үшінші орында тұр.
Үздік үштікті Бекман Сойлыбаев түйіндеді. Ол да екінші жартылай жеңіл салмақта өнер көрсетеді. 34 жастағы тәжірибелі қазақ боксшысы 21 кездесуінің тек біреуінде ұтылды. Бекман өз жеңістерінің тең жартысынан астамына нокаутпен қол жеткізді. Сондай-ақ ТОП-10-дықта Данияр Елеусінов (12-0, 7 КО), Батыр Жүкембаев (24-1, 17 КО), Бек Нұрмағанбет (14-0, 12 КО), Елшат Ныгметолла (21-0-2, 8 КО), Садриддин Ахмедов (15-0-1, 13 КО), Руслан Мәдиев (17-2-1, 6 КО), Сергей Липинец (18-4-1, 13 КО) сынды саңлақтар бар.