
Партия Мемлекет басшысының цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект негізінде Қазақстанды жан-жақты дамыту қағидаттарын толық қолдайтынын атап өтті. Әсіресе Президенттің мемлекеттік басқару жүйесін жаңа технологиялық тәртіпке сай қайта құрылымдау туралы тезисінің маңыздылығы ерекше көрсетілді.
ЖСДП мәлімдемесінде Президенттің Парламент Сенатын таратып, бір палаталы жүйеге көшу бастамасы уақыт талабына сай шешім екені айтылды.
«Бұл – біздің партияның осыдан 20 жыл бұрынғы бағдарламалық құжатында бекітілген басты қағидалардың бірі. Унитарлы мемлекетте халық сайлайтын, бақылау функциялары бар бір палаталы Парламент қана болуы тиіс», – делінген құжатта.
Партия осы уақытқа дейінгі мәлімдемелерінде, БАҚ-тағы жарияланымдарында және Президентке жолдаған хаттарында Сенатты тарату мәселесін тұрақты көтеріп келгенін еске салды.
«Сенат заң шығару үдерісін негізсіз қиындатып, артық әрекеттер туғызады. Сондықтан бұл бастаманың жүзеге асуы – демократияны күшейту жолындағы тарихи қадам», – дейді ЖСДП.
Сонымен қатар партия әділетті Қазақстан мен «еститін мемлекет» қағидаттарын жүзеге асырудағы өзге шараларға қолдау білдірді. Оның ішінде сайлау процесінде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету, ұлттық парламенттің жаңа құрылымына қатысты қоғамдық талқылауларды кеңінен өткізу маңызды екені атап өтілді.
«2025 жылғы Жолдау – Қазақстан үшін сапалы жаңа жолдар ашатын бағдарламалық тұжырымдардың бірегейі. Мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыруда қоғамдық пікір естілуі тиіс, бұл – басты қағида», – деп қорытындылады партия.