ЖОЛДАУ • Бүгін, 15:20

Ерлан Қарин: Жолдаудың басты идеясы – цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин биылғы Жолдауға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының басты әрі біріктіруші идеясы – цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ерлан Қарин: Жолдаудың басты идеясы – цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу

Фото: Ақорда

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың түрлі салаларына цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізу міндетін жүктеді. Бұл қадамның барлығы жинақтала келіп, Қазақстанның жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясына біріктіріледі. Қазақстан жаңа технологияларды дамыту мен енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр. Бұл ретте Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді. Осылайша, биылғы Жолдауда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу біздің ел үшін жаңа ұлттық идея ретінде айқындалды», деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ Ерлан Қарин Мемлекет басшысының жаңа саяси бастамаларына тоқталды.

«Ұсынылған парламенттік реформа президенттік саясаттағы «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласын дамытады. Референдум өткізу жөніндегі ұсыныс Мемлекет басшысының ел болашағын айқындайтын түйінді мәселелерге қатысты тек халықпен кеңесе отырып шешім қабылдау қағидатын берік ұстанатынын көрсетті. Президент бұған дейін де 2022-2023 жылдардағы реформаларды, сондай-ақ АЭС салу жөніндегі референдумды алдын ала жариялап, ашықтықты қамтамасыз еткен еді. Бұл жолы да әңгіме Конституцияға жедел өзгерістер енгізу немесе Парламент сайлауын өткізу туралы емес. Басты мақсат – саяси жүйенің институционалдық негіздерін одан әрі нығайту», деді ол. 

Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, Президент ойластырылған әрі бірізділікке негізделген дәйекті тәсілді құптайды.

«Алдымен сарапшылар мен қоғам арасында жан-жақты әрі терең талқылау жүргізілуі тиіс. Осылайша, Қазақстан кезең-кезеңімен және жан-жақты жүзеге асырылатын саяси жаңғырудың үлгісін тағы да көрсетті»,  деді Мемлекеттік кеңесші.