Қоғам • Бүгін, 14:18

АЭС атауы жөніндегі байқау комиссиясының құрамы мен ережесі бекіді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптаның жұмасында еліміздің Атом энергиясы жөніндегі агенттігінде Алматы облысы Жамбыл ауданында салынуы жоспарланған атом электр стансасына атау беру бойынша жалпыхалықтық конкурс өткізу мәселелерін қараған жұмыс тобының екінші отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

АЭС атауы жөніндегі  байқау комиссиясының құрамы мен ережесі бекіді

Отырысқа жұмыс тобының құрамына енген мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар мен салалық компаниялар өкілдері қатысты. Іс-шараға Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев төрағалық етті. Ол отырыстың мән-мағынасы ел таңдауы маңызды екенін айтты.

Талқылау барысында конкурстық комиссияның ережесі мен құрамы бекітілді. Оның құрамына түрлі қоғам өкілдері, креативті индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих салаларының сарапшылары кірді. Бұдан бөлек, өтінімдерді беру мен қарау тәртібін, оларды бағалау өлшемшарттарын және қорытынды шешім қабылдау рәсімдерін айқындайтын конкурсты өткізу ережесінің жобасы қаралды.

Жұмыс тобының мүшелері атом электр стансасының атауын айқындау шешімі бірқатар факторларды ескере отырып қабылданатынын атап өтті. Конкурстық комиссия ұсыныстарды атаудың танымалдылығы, тарихи және мәдени маңыздылығы, атом энергетикасының имиджіне сәйкестігі, әуезділігі, есте сақтаудың жеңілдігі, бірегейлігі әрі өзіндік ерекшелігі секілді өлшемшарттар бойынша бағалайды.

Сонымен қатар, қорлайтын немесе кемсітушілік сипаттағы сөздерді, бейәдеп лексиканы, коммерциялық брендтерді қамтитын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын және үшінші тұлғалардың құқықтарын, оның ішінде авторлық құқықты бұзатын атаулар қабылданбайды.

Азаматтардың ықыласты қатысуын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық шешімдерді қолдану жоспарлануда. Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, өтінімдерді eGov Mobile қосымшасы арқылы қабылдау жөнінде ұсыныстар енгізді.

Отырыс қорытындысы бойынша конкурстың негізгі ұйымдастырушылық құжаттары бекітіліп, оны өткізу бойынша алдағы қадамдар айқындалды. Болашақ атом электр стансасына атау беру жөніндегі байқау азаматтарды тартудың маңызды құралына айналып, елдің мәдени және тарихи құндылықтарын айқындауға мүмкіндік береді.