
Фото: Ашық дереккөз
«Былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асты. Сонымен бірге еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Президент атап өткендей, бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек.
«Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тартуы қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда, цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолданған абзал. Онсыз ешқандай тиімділік болмайды. Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды», деді Президент.
Естеріңізге сала кетейік, біз таяуда Вьетнамға Қытайдың Ляньюньган порты арқылы бидайдың алғашқы легін жөнелттік.
«Ауғанстанда Пәкістан нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Тургунди – Герат» темір жолын салу жоспарда бар. Алайда, жаңа көлік бағыттарына және жаңа нарықтарға жол ашатын мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді. Алда атқарар шаруа көп», деді Мемлекет басшысы.
Жалпы, әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр. Басқа да арзан балама бағыттар мен жолдар ұсынылып отыр. Президент транзиттік тасымалдың көлемін арттырамыз десек, біз алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуымыз керектігін еске салды.
«Тағы да қайталап айтарым, инфрақұрылымды жаңғырту ісін одан әрі жалғастырып, осы саладағы озық ел болу үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кең ауқымда пайдаланған жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент өз сөзінде биыл ұзындығы – 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылатынын атап өтті. Жоба өте қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан. Бұл жолдың мән-маңызы ерекше, себебі «Шығыс-Батыс» бағытының жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
«Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Үкімет «Бақты-Аягөз», «Қызылжар-Мойынты» жобаларын уақытылы жүзеге асыруға тиіс. Себебі, аталған жобалар еліміздегі теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастырады», деді Тоқаев.