
Жалғыз голды 24-минутта қонақтар сапында шабуыл шебінде ойнаған Киффер Мур соқты. Бас бапкер Әли Әлиев баспасөз мәслихатында команда сын тезінде тұрғанын, Бақтияр Зайнутдинов, Еркін Тапалов сынды ойыншылар жарақатына байланысты ойынға қатыса алмайтыны да ұжымның әлеуетіне айтарлықтай әсер еткенін айтқан еді.
«Жігіттердің дайындығы ойдағыдай өтті. Ішкі чемпионаттың матчтарына қатысып, ұлттық құрама ойыншыларының қарым-қабілетін көрдік. Футбол жарақатқа жиі ұрындырады. Тәжірибелі футболшылардың кейбірі жарақаттанып, қатарға қосыла алмағаны қынжылтады. Дегенмен де өзге жігіттер сенімді ақтауға барын салды. 1-таймның басынан тізгін қарсыластарда болып, қыспаққа алды. Үзіліске дейін есепті сақтауға күш салдық. 2-таймда қарсылас команданың жасанды алаңға жерсіне алмауын, жергілікті жанкүйерлердің бізді қызу қолдауын, Уэльс ойыншыларының шаршап қалғанын ұтымды пайдалануға тырыстық. Соған сүйеніп дүркін-дүркін шабуыл ұйымдастырдық. Өкініштісі, жолымыз болмады, бірнеше рет доп қарсылас қақпасының маңдайшасынан қайтты. Жанкүйерлерге ерекше алғыс айтамыз, құрама орасан қолдауды сезінді», деді Әли Ханәлиұлы.
Жалпы, жігіттер ұжымдық ойын үлгісін көрсетті. Жартылай қорғаушы Ғалымжан Кенжебектің бірнеше соққысы Уэльс ойыншыларын айтарлықтай абдыратты. Ұлттық құраманы алаңға бастап шыққан капитан Нұрәлі Әліптің сіңірін созып, орта жолда тартыстан шығып қалғаны өкінішті. Матчта тең нәтиже тіркеуге мүмкіндік мол болды. Ұлттық құрама жейдесін жаңа киген жастардың жігер танытуы жанкүйерлерді сүйсінтті. Футболшыларының біразы Англия біріншілігінде ойнап, шарболаттай шыңдалған Уэльс құрамасын кәдімгідей састырды. Ұлттық құрама сапындағы алғашқы матчына қатысқан қақпашы Темірлан Анарбеков қарсыластардың бірнеше қауіпті соққысын тойтарды.
Валлиліктердің бас бапкері Крейг Беллами стадионның жасанды алаңы айтарлықтай ауыр соққанын айтты. Тіпті табиғи көк майса үстінде доп теуіп дағдыланған ойыншыларға жарақат көлденең киліге ме деп қауіптенгенін де жасырмады.
«Біздің жігіттердің көпшілігінің футбол маусымы енді басталады, ал мұнда ішкі чемпионат нағыз қызған шағында. Бұған дейін мұндай жасанды алаңда ойнап көрмегендіктен де ойын жеңіл тиген жоқ, жігіттер айтарлықтай шаршап қалды», деді.
Еліміздің ұлттық құрама футболшылары әлем чемпионатының финалдық кезеңіне іріктеу ойындарын J тобында өткізіп жатыр. Әзірге қоржынымызда 3 ұпай ғана. Бұған дейін 22 наурызда сырт алаңда Уэльс құрамасынан 3:1 есебімен ұтылды. 25 наурызда Лихтенштейн құрамасын 0:2 есебімен жеңді. 9 шілдеде осы «Астана Арена» стадионында Солтүстік Македония футболшыларына 0:1 есебімен жол берді. Бес матчтан соң 10 ұпай жинаған Уэльс құрамасы әзірге көш бастап тұр.
Ұлттық құрама ертең сырт алаңда Бельгия құрамасына қарсы ойын өткізеді. 10 қазанда Лихтенштейн командасын қабылдайды, 13 қазанда Солтүстік Македонияға барады. Іріктеу кезеңін түйіндер матч 15 қараша күні «Астана Аренада» өтеді, жігіттер Бельгия құрамасына қарсы тартысқа түседі.