ЖОЛДАУ • Бүгін, 09:00

Сұранысқа ие мамандықтар – дамуымыздың өзегі

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатыр. Кеше сұраныста болған мамандық­тар бүгін маңызын жоғалтып, жаңа кәсіптер пайда бола бастады. Осындай жағдайда мемлекет алдында тұрған көкейкесті жұмыс – уақыт талабына сай білікті маман даярлау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек», деп арнайы тапсырма берген еді.

Сұранысқа ие мамандықтар –  дамуымыздың өзегі

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Ғылым және жоғары білім министрлігі­нің мәліметінше, кадр даярлауға беріле­тін мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл сайын артып келеді. 2024–2025 оқу жылына 94 251 грант бөлінген. 2025–2026 оқу жы­лында да осы шама сақталып отыр. Оның ішінде бакалавриатқа – 77 мың, магистратураға – 10 мың, докторантураға 3 мың грант қарастырылған. Биылғы мемлекеттік гранттар ел экономикасының болжамды кадрлық қажеттіліктерін ескере отырып бөлінген. Ең көп грант техникалық, педагогикалық және ІТ салаларына тиесілі. Президент өткен жылғы Жолдауында: «Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет», деп баса айтқан. Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есенбаеваның айтуынша, биыл осы тапсырма назарға алынған.

«Былтыр да 78 мыңға жуық грант бөлінген еді. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы осы көлемде болды. Педагогика саласына 13 мыңнан астам, ақпараттық коммуникациялық технологияларға және инженерлік бағытта 20 мыңнан астам грант қарас­тырылған. Басқа салаларға қажет­тілігіне сай бөлінді. Біздің эконо­мика­мызға байланысты қазір инже­нерлік, су, энергетика, жол құрылысы, көлік, әуе жолдары мен теміржол сала­сындағы мамандар қажет. Сол себеп­ті дәл осы салаларға тиісті гранттар бөлініп отыр. Талапкерлердің арасында медициналық, педагогикалық және инженерлік бағыттарда, биотехнология, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен істері мамандықтарына сұраныс көп», деді ол.

сми

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту мақсатында студенттердің шәкіртақысы да жыл сайын жоғарылап жатыр. Биылғы оқу жылында 20 пайызға көтерілген. Мысалы, бакалавриаттың медициналық жоғары оқу орындарының студенттері үшін стипендия 2024 жылы 75 600 теңгеден 2025 жылы 84 000 теңгеге дейін, интернатура студенттері үшін – 94 863 теңгеге дейін, резидентура студенттері үшін 134 664 теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ ЖИ мамандарын даярлауға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, 20 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бо­йынша 21 жаңа білім бағдарламасы ашылған. Оның ішінде «Қолданбалы жасанды интеллект», «ЖИ және блокчейн инженериясы», «Медицинадағы ЖИ», «Компьютерлік ғылым және жасанды интеллект» сияқты заманауи бағыттар қамтылған. Қазірдің өзінде 2196 студент осы бағдарламаларда білім алып жатыр. Бұған қоса инновациялық жобаларды жүзеге асыру жолға қойылған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул техникалық университетімен бірлескен ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылды. Қ.Сәтбаев университетінде «City University of Hong Kong» филиалы жұмыс істеп тұр. Ал ШҚТУ базасында Лу Бань шеберханасы аясында халықаралық ЖИ зерттеу орталығы құрылды.

Озық мамандармен қамтамасыз ету мақсатында «Мамандығым – болашағым» жобасы іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда 20 өңірде осы жобаны жүзеге асыру бойынша өңірлік жол карталары бекітілген. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 9 өңірде (Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Ақмола, Жетісу, Астана, Алматы) 45 сала бойынша мамандарға қажеттіліктің өңірлік карталары әзірленді. Соның негізінде 91 жоғары оқу орны жаңа кәсіптердің салалық атластары мен өңірлік карталарға сүйене отырып, 902 білім беру бағдарламасы дайындалған. Қазіргі кезде тағы 5 өңірде – Алматы, Атырау, Қостанай, Түркістан, Ұлытау облыстарында, өңірлік карталарды әзірлеу жұмысы жүріп жатыр. Жұмыс барысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Министрлік «Мамандығым – болашағым» жобасын халықаралық Атлас деңгейіне көтеруді көздеп отыр. QS ұйымымен бірлесіп, студенттерді еңбек нарығына дайындауға көмектесетін 1Mentor интерактивті құралымен интеграциялау жұмыстары басталған. 1Mentor – бұл QS әзірлеген жасанды интеллект платформасы. Ол 200 миллионнан астам бос жұмыс орны туралы хабарландыруды талдап, индустрия­ның нақты қажеттіліктерін және сұраныс­қа ие дағдыларды анықтайды. Плат­форма оқу орындарына білім бағдарла­ма­ларын бейімдеуге, мансаптық кеңес беруге, студенттерге кәсіби мақсат­тары­на жету үшін тиісті курстарды таңдауға мүмкіндік береді. Яғни бұл құрал студенттерге оқу траекториясын түзеп, еңбек нарығына қажетті бағытқа жол көрсетеді.

Техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында да маман даярлау ісіне тыңғылықты көңіл бөлініп отыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ең алдымен, қайталанатын мамандық­тарды қысқарту, еңбек нарығында сұ­ра­ныс­қа ие жаңа бағыттарды ашу қолға алын­ған. ТжКБ ұйымдарына акаде­мия­­лық дербестік берілгеннен бастап кол­ледж­дерге 4000-нан астам жаңартыл­ған, сұрнысқа сай білім бағдарламалары енгізілген.

Сонымен қатар дуалды оқыту жүйесі кеңейіп келеді. Бүгінде 558 колледжде 8013 кәсіпорынның қатысуымен 72 мыңнан астам студент қамтылған. 498 компания оқу орындарымен меморандумдарға қол қойып, қамқоршылық кеңестерге еніп, студенттерді өндірістік тәжірибеге қабылдау туралы келісім жасасқан. Соның арқасында жыл сайын колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы деңгейі артып келеді.