
Бұл жоба ҚазҰУ мен Қытайдың жетекші жоғары технологиялық компаниясы — «Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd.» арасындағы стратегиялық әріптестіктің нәтижесінде жүзеге асты. Ашылу рәсімі Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің отырысы барысында өтті.
Салтанатты іс-шараға ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен «Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd.» компаниясының өкілі Ли Вэнь ханым қатысты. Қос тарап білім, ғылым және инновация саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты.
Жиын барысында Институт пен Роботтехника орталығы туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Жаңа орталық KazNU Hub аумағында орналасқан, жалпы ауданы – 600 шаршы метрді құрайды. Жобаға 2,5 млн доллар көлемінде инвестиция құйылып, 13 заманауи робот орнатылған. Мұнда бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде «Роботтехника», «Мехатроника», «Жасанды интеллект» және «Заттар интернеті» бағыттары бойынша бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, өндірістік, сервистік және білім беру роботтары бойынша жаңа жобалар әзірленеді. Жасанды интеллект пен автоматтандыру саласында стартаптар мен инновациялық компанияларды қолдау да көзделген.
Бұл бастама еліміздің цифрлық даму қарқынын күшейтіп, мемлекеттің халықаралық инновациялық кеңістіктегі беделін арттыруға серпін бермек.