
Фото: Ашық дереккөз
Биыл ҰАТО-ны негізгі қаржыландыру көлемі 2,6 млрд теңгеге артқан, ал 2024–2026 жылдары бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға жыл сайын 9,6 млрд теңге бағытталады.
Сонымен қатар заманауи зерттеу зертханаларын құруға және халықаралық ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлініп келеді. Өткен жылдан бастап елімізде Қытаймен бірлескен биологиялық қауіпсіздік зертханасы және дән сапасын анықтайтын зертхана жұмыс істей бастады.
2025 жылғы маусымда органикалық өнімдерді сертификаттау орталығы және халықаралық санитарлық және ветеринарлық стандарттарға сәйкес тамақ қауіпсіздігі зертханасы ашылды. Аталған орталықтар пестицид қалдықтары, микотоксиндер, ауыр металдар және антибиотиктерді талдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, «жасыл» өндіріс стандарттарын енгізуге жол ашады.
2024 жылы Ақтөбе облысында Жылқы шаруашылығы және жемөндіру институтының құрылуы маңызды оқиға болды. Оның қызметі – жылқы тұқымдарын жетілдіру және отандық жем базасын дамытуға бағытталған.
Айта кетейік ғылыми жобалардың қатарына ауыл шаруашылығы өнімдерін генетикалық паспорттау, климатқа бейімделген егіншілік және сенсорлар, дрондар мен AI-мониторинг жүйелерін қолданатын «ақылды фермалардың» цифрлық модельдері кіреді. Сондай-ақ Қытай, Нидерланды, АҚШ, Франция, Ұлыбритания және басқа елдердің ғылыми орталықтарымен халықаралық ғылыми ынтымақтастық жүргізіліп жатыр.
2027–2029 жылдарға «Agri Export» (өнімдерді генетикалық сәйкестендіру, органикалық өнім өндірісі, климатқа төзімді технологиялар) және «Agri Future» (AgriTech-инкубатор, «АӨК-тің 100 жас ғалымы» бағдарламасы, фермерлерді VR/AR арқылы оқыту, жаңа буын цифрлық фермалар) бағдарламалары әзірленген. Бұл бастамалар Қазақстанның АӨК-ін ғаламдық ғылыми желілерге интеграциялауға негіздеп, саланы технологиялық серпінге шығаруға жағдай жасайды.
Осылайша, аграрлық ғылым ауыл шаруашылығын жаңғыртудың басты құрамдас бөлігіне айналып, оның бәсекеге қабілеттілігін, инновациялық сипатын және ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
«Аталған нәтижелер – аграрлық секторды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстың тікелей нәтижесі. Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдау шараларын жетілдіруді, саясаттың ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз етуді және ең бастысы, ауыл тұрғындары мен аграрлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді жалғастырады», деді Айдарбек Сапаров.
Президенттің Жолдауын іске асыруда Үкіметтің агроөнеркәсіп кешенінде жүргізіп отырған шаралары жүйелі тәсіл қолданылып отырғанын көрсетеді. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығынан бастап терең қайта өңдеу мен ғылыми зерттеулерге дейін тұрақты дамып отыр. Инвестициялық тартымдылық қамтамасыз етіліп, импортты алмастыру мен экспортты көбейтуге қажетті негіз жасалды.