ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:50

Агроөнеркәсіпті дамыту алғышарттары

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде шамамен 1 млн адамды жұмыспен қамтитын 285,5 мың өнім өндіруші жұмыс істейді. Бүгінде АӨК саласында жалпы кадрға қажеттілік шамамен 6,5 мың адамды, оның қатарында 3,5 мыңнан астам білікті қызметкерді керек етеді.

Агроөнеркәсіпті дамыту алғышарттары

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Аграрлық саясаттың басымдығы – заманауи технологияларды бір мезгілде енгізіп, ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы құрылымында өнім өндіру ауқымын кеңейту. Өткен жыл қорытындысында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бір жұмыспен қамтылғанға шамамен 5 млн теңгені құрады, бұл бұрнағы жылғы ұқсас көрсеткіштен 16%-ға жоғары (4,2 млн теңге).

«Осы жылдың бірінші тоқсанында бұл өсім сақталды әрі еңбек өнімділігінің 10,6%-ға артуы байқалады. Бұл динамика саланың тиімділігі артқанын көрсетеді. Бірақ мұндай жағдай еңбек ресурстарына, әсіресе тұрақты жұмыспен қамту бөлігінде қажеттіліктің төмендеуіне әкеледі. Бұдан бөлек, аграрлық саладағы еңбек ресурс­тарына қажеттілік ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусым­дылығына байланысты», деді Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Бүгінде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу қарқынды дамып келеді. Ақтөбе облысындағы «КАФЕЛТЕК» ЖШС жүннен жылу оқшаулағыш материалдар өндіру жобасын жүзеге асырып жатыр, ал Алматы қаласында «Iskefe Holding» ЖШС ауыл шаруашылығы жануарларының терісінен желатин өндіру жобасын қолға алған. Сауда және интеграция министрлігінің тері мен жүнге экспорттық кедендік бажды алып тастау жөнінде ереже қабылдауы маңызды қадам болды. Бұл өнімді сатып алу мен экспорттау бойынша 15 кәсіпорынның жұмысын жандандырды.

Ет экспортын жылына 50 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт-тауар фермаларына етті мал шаруашылығы саласына жеңілдікпен кредит беру бағдарламасын кеңейтуді көздейді. Бағдарламаның әлеуетті қатысушылары етті мал шаруашылығына аустралиялық тәжірибені енгізу бойынша жобалар болуы мүмкін, олар жылдық түсімі 500 млрд теңгеге жуық 50 мың тоннаға дейін ет экспортын қамтамасыз етеді. 14 жобаны іске асыру үшін 29,3 млрд теңге қарастырылған. Сүт фермаларына жеңілдікпен кредит беру жылдық 2,5%-бен жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында 116 сүт-тауарлы ферманы салу жоспарланған. Оның 69-ы қолданысқа енгізілді, тағы 47-сі іске асыру сатысында.

 

Жеңілдікпен кредит беру іске қосылады

Мемлекет басшысының ауыл шаруа­шылығындағы жалпы өнімді екі есеге көбейту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде шаруаларға жеңіл­­дікпен кредит беру бойынша екі бағдар­ла­маны іске қосу жоспарланып отыр. Олар мал шаруашылығын дамытуды қолдауға әрі кәсіпорынды айналым қара­жа­тымен қам­тамасыз етуге арналған. Қаржы­лан­ды­рудың жалпы көлемі 100 млрд теңгені құрайды. Бірінші бағ­дар­лама ірі қара мен ұсақ малдың асылтұқымды мал басын сатып алуға 50 млрд теңге бөлуді көздейді. Шаруалар жыл­дық 5%-бен «ұзақмерзімді» несие ала алады. Тағы 50 млрд теңге ағым­дағы қар­жыландыру тетіктеріне ұқсас, жыл­­дық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын айна­­лым қаражатын кредиттеуге бағыт­та­лады.

Биылғы 5 айдың қорытындысына қарасақ, ауыл шаруашылығы жануарлары саны мен мал басының жалпы өнімі көлемінің тұрақты өсуі байқалады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров атап өтті. Нақты дерекке зер салсақ, ірі қара мал басы 23,4%-ға артты, ұсақ мал – 7,8%-ға, жылқы – 12,2%-ға, түйе – 8,5%-ға, құс 2,2%-ға өсті. Мал шаруа­шы­лығының жалпы өнім көлемі 1,2 млрд теңгеден асып, 4,2%-ға өсті. Ет (+3%), сүт (+7,5%) пен жұмыртқа (+0,3%) өндірі­сінің көлемі артқаны да анық көрінеді.

Елімізде отандық азық-түлік өндірісі де біртіндеп артып келеді. Осы жылдың 5 айында оның көлемі 10,5%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгені құрады. Әлеуметтік азық-түлік тауарларының ішінде ең көп өсімді қызылша қанты (4,6 мың тоннадан 64 мың тоннаға дейін), өсімдік майы (316,3 мың тоннадан 376,8 мың тоннаға дейін), сары май (13 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін), ұн (1,3 млн тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін), ашытылған сүт өнімдері (102 мың тоннадан 106 мың тоннаға дейін), өңделген сүт (264 мың тоннадан 274,6 мың тоннаға дейін) және тағы басқалары көрсетті.

Аграрлық саланың саны мен сапасын арттыру жан-жақты жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік қолдауды іске асыру аясында саладағы бірқатар бағытта оң нәти­жеге қол жетті. Айталық, тыңайт­қыш­тарды қолдану көлемі 2 есеге – 626 мың тоннадан 1,3 млн тоннаға дейін артты. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4,3%-дан 5,5%-ға дейін өсті. Сонымен қатар дәнді және бұршақ дақылдарының өнімділігі 1,38 есеге – гектарына 11,0 центнерден 15,2 центнерге дейін ұлғайды. Су үнемдейтін технология­лар қолданылатын жер көле­­мі 1,82 есеге – 258,8 мың гектардан 470,1 мың гектарға дейін кеңейді.

 

Агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру дамиды

Таяуда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Freedom Holding Corp.» компаниясының негізгі акционері әрі бас директоры Тимур Турловпен кездесті. Тараптар агроөнеркәсіптік ке­шен­ді қаржыландыруды дамыту мәсе­лелерін, соның қатарында агро­бизнесті несиелеу, агросақтандыру мен ауыл шаруашылығына цифрлық шешімдерді енгізу жолдарын талқылады.

Тимур Турлов холдингтің мемле­кеттік аграрлық саясатты жүзеге асыруға белсенді қатысуға мүдделі екенін білдірді. Атап айтқанда, бұл «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясы қатысып отырған қол­даныстағы агросақтандыру тетігі арқы­лы іске асырылып жатыр.

Ерекше назар саладағы отандық тауар өндірушілерді ұзақмерзімді жеңіл­детілген несиелермен қамтамасыз ету мүм­кін­дік­теріне, сондай-ақ сауда желі­лері мен фермерлік шаруашы­лықтарды біріктіретін, ауыл өнімдерін жеткізуге арналған цифр­лық платформаны дамы­туға аударылды. Аталған платформа өткізу нарығына ың­ғайлы әрі ашық қол­жетімділікті қамта­масыз етпек.

Кездесу қорытындысында тараптар аграрлық секторды қолдау­дың негізгі бағыттары бойынша жұмыс­ты жал­ғас­ты­руға уағдаласты. Негізгі екпін тұ­рақ­ты қаржыландыруға, цифр­лан­­ды­руға және агроазық-түлік нарығы инфра­құрылымын дамытуға қойылды.

Негізі кейінгі 10 жылда елімізде көктемгі егіс және орақ жұмыстарын қаржыландыру көлемі 70 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін өсті. Биыл 7 485 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне жалпы 490,1 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Фермерлер үшін қаржы­лан­ды­рудың алты арнасы жұмыс істейді, ал «Даму» қоры қарызға 85%-ға дейін кепілдік береді.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жеңілдетілген несиелендіру қолжетімділігін кеңейту мақсатында былтыр шикізат сатып алуға 35 млрд теңге сомасына жылдық 5% мөлшерлемемен кәсіпорындарды қаржыландыру басталды. Биыл да бюджетте қарыздарды арзандатуға қаражат көзделген. Қайта өңдеу кәсіпорын­­­да­рына айналым қаражатын то­лық­­тыру үшін «таза» 5% жылдық мөл­шер­лемемен шамамен 44 млрд теңге қысқамерзімді кредит беру жоспарланып отыр», деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Өткен тамыздан бастап, көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген несие­лендірудің өзін жақсы танытқан тәжіри­беге сай, мал шаруашылығына арналған жаңа жеңілдетілген кредит­тік өнім іске қосылды – жылдық мөл­­шерлемесі 5%-дан аспайтын 50 млрд теңге. Бұл саладағы айналым қара­­жа­тының жетіспеушілігін шешуге мүм­кіндік береді.

 

Инвестиция игілігі

Жақында Ауыл шаруашылығы минис­тр­­­лігі мен Иорданияның «Al Husseini Group» корпорациясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат агроөнеркәсіптік кешен саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығай­туға әрі кеңейтуге бағытталған. Атал­ған келісім аясында ел аумағында асылтұқым­ды құс өсіретін репродуктор салу жобасы жүзеге асырылады.

Компанияның жоспарына сәйкес, инвестиция көлемі 85 миллион долларды құрайды. «Al Husseini Group»-тың жобалары елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, озық технологияларды тартуға, сондай-ақ құс шаруашылығын дамытуға және қосылған құны жоғары өнім экспортын арттыруға серпін береді.

Негізі еліміз жаңа нарықтарға жол ашып, жеткізілетін тауар түрін кеңейтуде. Бүгінде отандық өнім ЕАЭО, Еуропалық одақ, ТМД елдері, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Сауд Арабиясы, БАӘ, Иран, Әзербайжан мен Өзбекстанды қоса алғанда 15-тен астам мемлекетке экспорт­талады.

Шетелдік импорттаушылар тізіміне 3 652 отандық кәсіпорын енген. Оның қатарында тек маусым айында 9 жаңа экспорттаушы тіркелді. ЕАЭО елдері тізімінде мал шаруашылығы саласындағы 3 292 кәсіпорын бар.