
– Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов, – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, баспана ең алдымен мұқтаж азаматтарға берілуі керек. Бөлінген 371 пәтердің 261-ін әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар жаңа бағдарлама аясында жекешелендіру құқығымен жалға алса, 110 отбасы несиеге баспана ала алады.
«Отбасы банк» АҚ өңірлік филиалының директоры Алмат Нұрахметовтің айтуынша, пилоттық жоба аясында толық ашықтық қағидаты енгізілуде.
–Бұл біздің қала үшін елеулі оқиға. Жаңа жоба қала тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізбек, – дейді Қосшы қаласының тұрғыны, қалалық мәслихаттың депутаты Ирина Осипова.
Сөз арасында соңғы екі жылда облыста мемлекеттік қолдау шаралары арқылы 4 787 отбасы баспанамен қамтылғандығын айта кетелік. Бұл соңғы жеті жылдағы рекордтық көрсеткіш. Тек Қосшыда ғана биыл 560 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Ақмола облысы,
Қосшы қаласы.