Қоғам • Бүгін, 10:26

Арнайы мемлекеттік жәрдемақы кімдерге беріледі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел алдындағы айрықша еңбегі үшін немесе төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік көмек ретінде республикалық бюджеттен ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы (АМЖ) төленеді. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, оны алушылардың саны 208 668 адамды құрап, оларға 15,7 млрд теңге төленген. 1999 жылы енгізілген бұл мемлекеттік қолдау түрі – халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды элементі, деп жазады Egemen.kz.

Арнайы мемлекеттік жәрдемақы кімдерге беріледі

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

АМЖ алуға құқылы азаматтардың 17 санаты ҚР заңнамасымен белгіленген. Олардың қатарында екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері мен басқа мемлекеттердің аумағында өткен әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, аталған соғыстың ардагерлеріне теңестірілген азаматтар және қаза тапқан жауынгерлердің әйелдері мен мерт болған әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар, тыл еңбеккерлері, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар, саяси репрессиялардың құрбандары, мүгедектігі бар адамдар немесе зейнеткерлер, ҚР алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалғандар және басқа да азаматтар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше жәрдемақы мөлшері алушының санатына байланысты және 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке (әрі қарай – АЕК) дейін өзгереді. Арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері жыл сайын АЕК мөлшерінің артуына байланысты, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тәртіп бойынша көтеріліп отырады.

ҚР-нда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар да ҚР азаматтарымен тең дәрежеде арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. АМЖ тағайындау үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында беру керек.

Айта кеткен жөн, егер азамат бірнеше негіз бойынша АМЖ алуға құқылы болса, жәрдемақы тек олардың біреуі бойынша, өз таңдауы ескеріліп төленеді.