
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, қазір қала мектептеріндегі қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай артқан. Барлық оқу орындары бейнебақылау камераларымен жабдықталып, ІІМ Жедел басқару орталықтарына қосылған. Бұдан бөлек, жазбалар әкімдіктің Ахуалдық орталығына да беріліп, жағдайды онлайн бақылап, кез келген тәуекелге жедел әрекет ету мүмкіндігі жасалған.
«Мектеп инфрақұрылымында да үлкен өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 12 жаңа мектеп салынды. Солардың бірі – 2030 оқушы білім алатын №144 мектепке министр арнайы барды. Министрдің айтуынша, жаңа мектептердің құрылысы тығыз орналасқан шағын аудандардағы жүктемені азайтып, әрбір балаға жайлы жағдай жасауға септігін тигізеді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар қала әкімі үш ауысымды оқыту мәселесі толығымен шешілгенін хабарлады.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарын жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Реновация бағдарламасы шеңберінде қаладағы 11 мектеп жөндеуден өтеді. Мәселен, Сайрам тұрғын алабындағы №109 мектепте күрделі жөндеу аяқталып, оқу орны заманауи әрі қауіпсіз талаптарға сай жаңартылған.
Педагогтермен кездескен министр мектептің оқушылар үшін жайлы орта ғана емес, мұғалімдер үшін кәсіби дамудың ортасы болуы қажеттігін атап өткен. Сондай-ақ, мемлекет ұстаздарға жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.
Инклюзивті білім беру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Министр Сайрамдағы көмекші мектеп-интернаты-колледжінде болып, ерекше білім қажеттіліктері бар балаларға жасалған жағдайларды көрген. Қазіргі таңда Шымкентте инклюзивті білім берумен қамту деңгейі балабақшаларда – 96%, мектептерде – 95%-ға жеткен. Бұл бағытта «Ерекше білімді қажет ететін балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар министр Шымкент аграрлық-техникалық колледжінде болып, студенттердің оқу жағдайы мен материалдық-техникалық базасымен танысқан.