Заң • Бүгін, 15:17

Әлеуметтік желідегі заңсыз ұтыс ойындарына қатысты тексеріс басталды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Instagram әлеуметтік желісіндегі «Zhanabylov_e» және «elt6i» аккаунттарында өткізілген бағалы сыйлықтарды ұтысқа салуға қатысты түсініктеме берді, деп жазады Egemen.kz.

Әлеуметтік желідегі заңсыз ұтыс ойындарына қатысты тексеріс басталды

ҚР ТСМ жанындағы құмар ойындар мен лотерея қызметін реттеу комитетіне азамат С.-дан жоғарыда көрсетілген блогерлер ұйымдастырған бағалы сыйлықтарды ұтысқа салудың лотерея қызметі туралы заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру жөнінде өтініш келіп түсті.

— Қазіргі уақытта азамат Жанабыловқа ӘҚБтК-нің 743-бабының 1-бөлігіне сәйкес түсініктеме беру қажеттілігі туралы хабарлама жолданды, оның нәтижелері бойынша әкімшілік іс қозғау мәселесі қаралатын болады.

Түсініктеме болмаған жағдайда, Комитет ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғайды (жеке тұлғаларға — жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — үш жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — бес жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады). Азамат келмеген жағдайда іс сырттай қаралады, — делінген министрлік хабарламасында.

Еске саламыз, Қазақстан Республикасының «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңының 5-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес лотерея операторы немесе лотерея таратушысы (агенті) болып табылмайтын тұлғалардың лотерея өткізуіне және лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін таратуларына (сатуларына) тыйым салынады.

Азаматтарды әлеуметтік желілерде ресми лотерея ұйымдастырушылары болып табылмайтын тұлғалар өткізетін күмәнді ұтыс ойындарына, «гивтерге» және өзге де іс-шараларға қатыспай, қырағылық танытуға шақырамыз. Бұл қаржылық шығынға ұшыраудан және алаяқтықтың құрбаны болудан сақтайды.