Спорт • Бүгін, 09:15

Боччадан халықаралық турнир басталды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада алғаш рет боччадан «Astana 2025 World Boccia Challenger» беделді халықаралық жарысы өтіп жатыр. Сайыс Халықаралық бочча федерациясының (BISFed) қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Турнир барысында әлемнің 12 елінен келген спортшылар бақ сынайды. Жарыстағы көрсеткіштеріне байланысты оларға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпайлар беріледі. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сара­йында жалауы желбіреген іргелі сайыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев қатысты.

Боччадан халықаралық турнир басталды

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жарыс­қа қатысушыларға ілтипат білдіріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инклюзивті қоғам қа­лып­­тас­тыруға үлкен көңіл бөліп отыр­ғаны­на және бұл бағыттың негізгі ба­сымдық­тарына назар аударды. Сондай-ақ Федера­ция президенті елімізде алғаш рет өт­кізіліп отырған ірі халықаралық жарыс­­тың маңызына тоқталып, турнирге Корея, Сингапур, Үндістан, Италия, Иран, Өзбек­стан, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Кипр, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да ел­дерден келген 56 үздік спортшы қаты­сып жатқанын айтты. Мұн­дай ауқым­ды іс-шара елімізде паралим­пиада­лық спортты дамыту және баршаға тең мүм­кін­дік жасау жолында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі екені анық.

«Еліміздің инклюзия, теңдік, құрмет пен ерік-жігер дәріптелетін жаһандық қоғамдастықтың белді өкіліне айналғанын мақтан тұтамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде параспортты дамытуға және бұл саланың қоғам үшін маңызы зор екеніне үнемі баса мән беріп келеді. Бүгінде елімізде параспортшыларға өз әлеуетін іске асырып, мақсаттарына жетулері үшін барлық жағдай жасалып отыр. Бұл ретте «World Boccia Challenger» турнирі де елімізде параспортты және инклюзия мәдениетін ілгерілетуге ықпал етеді деп сенеміз», деп М.Әшімбаев беделді са­йысты Қазақстанда өткізуді ұйғарғаны үшін Халықаралық бочча федерациясына және осы іске атсалысқан командаға алғыс білдірді.

Сондай-ақ ашылу рәсімінде қысқа мерзім ішінде Қазақстан бочча феде­рация­сы, жаттықтырушылар, параспортшылар, ата-аналар және ниеттес жандар мен еріктілер орасан зор жұмыс атқарғаны айтылды. Қазіргі таңда еліміз бойынша 250-ден аса мүмкіндігі шектеулі жан осы спортпен тұрақты шұғылданып келеді. Олардың қатарында балалармен бірге ересектер де бар.

«Федерацияның, ата-аналар мен жаттықтырушылардың ерік-жігерінің арқасында Қазақстанда бочча қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде еліміздің 20 қаласында жаттығулар жүйелі түрде өткізіледі. Ұлттық федерациядан бөлек, 10 өңірлік федерация құрылды. Тұрақты ұйымдастырылатын ұлттық турнирлер параспортшыларға жаңа мүмкін­діктер беріп, оларды жігерлендіре түседі. Қазіргі таңда біздің ел әлемдік рейтингте 18-орында және Орталық Азияда көш бастап тұрғанын да атап өткен жөн. Көз­деген мақсатқа жету жолындағы табан­дылық пен адалдықтарыңыз үшін бар­шаңызға алғысымды білдіремін. Сіздер өз іс-әрекеттеріңізбен шын жүрек­тен сеніп, тек алға ұмтылған жан кез келген биік­­ті ба­ғын­дыра алатынын дәлелдеп келе­­сіздер», деді М.Әшімбаев.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай турнирлер – маңызды спорт­тық сайыс қана емес, сонымен қатар тәжі­рибе алмасу, халықаралық ынты­мақ­­тас­тықты дамыту және өңірде инк­лю­­­зивті спорт түрлерін дәріптеу алаңы. Бүгінде ұлттық құрама ірі халық­аралық жарыстарға белсенді қаты­сып келеді. Сондай-ақ қатарында 50-ден аса ел бар BISFed-тің әлемдік рейтин­гін­де АҚШ, Испания және басқа да жетек­­ші құрамалардан жоғары тұр. Ал Орта­лық Азияда Қазақстан – бочча­дан аб­солют­ті көшбасшы. Одан бөлек, кейінгі жыл­дарда Ұлыбритания, Үндістан, Таи­ланд және Оңтүстік Корея маман­дары­ның қатысуымен халықаралық жаттық­тыру­шылар мен төрешілерге арналған курс­тар, жаттықтырушылардың біліктілігін арт­­тыру бойынша кешенді жұмыстар жү­й­елі жүргізіліп келеді. Осындай нақ­ты қадам­­дардың арқасында үш жыл ішін­де боч­чадан республиканың 12 спорт шебері шықты.

Айта кетейік, «Astana 2025 World Boccia Challenger» сайысын Туризм және спорт министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның, «Sport Qory» Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының және басқа да серіктестердің қолдауымен Қазақстан бочча федерация­сы ұйымдастырды. 

Соңғы жаңалықтар