Өнім • Бүгін, 14:58

Импортқа есік ашық, өзімізге тосқауыл көп, неге?

30 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгінде отандық азық-түлік өндірушілер қиын жағдайда. Себебі нарықта шетелдік өнімнің үлесі басым, бәсекелестік әділ емес, ірі сауда желілерімен жұмыс істеу қиындай түсуде. Оған қоса, бақылаусыз сырттан келетін «көлеңкелі» тауарлар отандық өндірушіге қосымша қиындық туғызуда. Бұл мәселені шешудің жолын «Ақтөбе облысының сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауымдастығы» басқарма төрағасының орынбасары Сағынғазы Құрманалин айтып берді.

Импортқа есік ашық, өзімізге тосқауыл көп, неге?

– Сағынғазы Даниярұлы, сүт саласының мысалымен қарастырсақ, азық-түлік импортының мәселесі қаншалықты өзекті? Шын мәнінде, импорт өсіп, отандық өндіріске қауіп төніп тұр ма? Қазақстан нарығы неге шетелдік жеткізушілер үшін тартымды болып тұр?

– Біздің нарыққа импорт қысым жасап жатқаны анық байқалады. Бір ғана сүт өнімдері бойынша ресейлік, беларусьтік, тіпті француздық кем дегенде онға жуық брендті атап өте аламын – оларды біздің тұтынушылар жақсы біледі. Қазір бұл ірі компаниялармен қатар, көптеген ұсақ шетелдік өндірушілер де отандық дүкен сөрелерін берік иеленіп отыр. Бірақ мәселе оларда емес. Бұл біздің ритейлдің таңдауы. Бұл сала – экономикадағы қуатты сектор, ол бөлшек нарықтың кемінде 90 пайызын иеленіп отыр.

Өз бизнесін дамыту үшін сауда желілері сатылым көлеміне қарай барған сайын көбірек пайда табуға тырысады. Ал ресейлік, беларусьтік өндірушілерге біздегі сауда – қосымша табыс көзі. Олар өз ішкі нарығындағы кіріс көрсеткіштерін жаба алатындықтан, тауарын біздің елде төмен бағамен сатуға мүмкіндігі бар. Оған қоса, олардың өндірістік қуаты біздегі ұқсас кәсіпорындардан жүздеген есе үлкен болуы мүмкін. Мұның бәрі – шетелдік бәсекелес тарапынан демпинг жасауға тамаша мүмкіндік береді. Бұл жағдайды сауда желілері пайдаланып, оның өнімін сату арқылы үлкен маржаға қол жеткізіп отыр.

Тағы бір еске сала кететін жайт – соңғы уақытта Ресей мен Беларусь үкіметтері ұлттық өндірістеріне қаржылай қолдауды он есе арттырды. Бұл – салаларды тікелей субсидиялау, соның қатарында экспорттық жеткізілімдерді субсидиялау арқылы жүзеге асуда. Бір ғана мысал, ресейлік өндіруші зауыттан сату нүктесіне дейін өнімді жеткізуге кеткен шығынға 100 пайыз мемлекеттен өтеу алады. Біз мұндай мемлекеттік қолдауды тек армандай аламыз. Біздегі жағдай – жалпы кәсіпкерлік бағдарламалармен шектеледі, олар жаңартылмайды әрі бәсекеге қабілетсіз күйінде қалып отыр. Ал Қазақстан, Ресей және Беларусь ортақ экономикалық кеңістікте әрекет ететіндіктен, бизнес жүргізу шарттары әртүрлі болғанымен, бұл әділетсіз бәсекенің пайда болуына жол ашады.

– Бәсекеге қабілетсіз сауда ортасына қатысты мәселе қозғалғанда, көбінесе дүкен сөрелеріне тиісті бақылаусыз түсіп жатқан «көлеңкелі» азық-түлік туралы да сөз айтылады. Бұл мәселе аймақ үшін қаншалықты маңызды?

– Әрине. Бұл барлық аймаққа тән мәселе. Бірақ бұл туралы қанша айтсақ та, жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында қалыптасқан тауар айналымы мен оны бақылау ережелері елімізге не сатуға болады – соның бәрін әкелуге мүмкіндік беріп отыр. Оның ішінде ерекше бақылауға алынуы тиіс тағам өнімдері де бар. Ірі сауда желілері «көлеңкелі» импортты сатуға аса тәуекел етпесе де, шағын дүкендер мен базарлар бұған назар аудара бермейді. Мен бұл туралы бұған дейін де айттым, әлі де айтамын – елімізде контрабанда бар. Тауарларды «Газельдермен», жүк көліктерімен тасиды, салық төленбейді. Жақында болған бір жағдай өте жақсы мысал, жекеменшік үйге тоңазытқыштар орнатып, Қабарда-Балқариядан сүт өнімдерін әкеліп, оны тікелей гаражда қаптаған. Ол жерде қандай сапа мен қауіпсіздік болуы мүмкін?

Ал жергілікті өнімдердің сапасы үнемі бақылауда. Олардың сапасы шетелдік бәсекелестердің тауарынан еш кем емес. Алайда отандық өндірушіге басымдық түгілі, тіпті әділ бәсекелестік жағдайы жасалмағандықтан, импорт көлемі өсіп жатыр. Тек бір ғана Беларусьтен әкелінетін сүт өнімдерінің импорты былтырдың өзінде 51%-ға артқан. Ал дүкендерінің саны апта сайын көбейіп келеді десек, артық айтқанымыз емес.

– Сіздің кәсіби қауымдастыққа мүше компаниялар мен ірі сауда желілері арасындағы қарым-қатынас қандай? Жергілікті сүт өнімдерін аймақтарға өткізуде қиындықтар туындамай ма?

– Әрине, қиындықтар бар. Оларды жергілікті жеткізушілерге әдейі жасалған кедергілер дей алмаймыз, бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, импорттаушыларға ритейл талаптарын орындау әлдеқайда оңай. Біздің қарым-қатынастағы негізгі мәселелерге тоқталайын. Сөрелерден қосымша орын алу қиын. Көп жағдайда, сауда желісі өзінің жеке тауарына – қойма өнімдеріне басымдық бергенде, жергілікті жеткізушілер сөредегі орындарынан айырылып қалады. Сондай-ақ, жаңа өнім түрлерін нарыққа енгізгіміз келгенде, «кіру кедергілеріне» тап боламыз. Әдетте бізге екі таңдау беріледі: не ескілерін алып тастау, не жоғары ретро-бонус төлеу. Қалғанын тізбелемей-ақ қояйын, айтпағым – осы кедергілердің бәрі өнім сатылымына тікелей әсер етеді, ал бұл өз кезегінде отандық компаниялардың дамуына кедергі келтіреді, өндірісті дамытуға инвестиция тартуды бәсеңдетеді немесе мүлде тоқтатады. Демек, бұл бүкіл саланың өсуін тежейді.

– Жақында қауымдастықта жергілікті сауда желілері жеткізушілерге жүктейтін қосымша қызметі мен ретро-бонусының тым көптігі жөнінде мәселе көтерілді. Бұл нарық жағдайында соншалықты маңызды ма?

– Сіздің сұрағыңыздағы ең маңызды тұжырым – бұл «нарық жағдайы». Сауда желісі – бұл 100% жеке бизнес, ол әрқашан өз мүддесін көздейді. Сондықтан коммерциялық құрылымдарға бізбен қарым-қатынаста қандай да бір ерекше жеңілдік жаса деп өтіну тиімсіз. Бәлкім, бұл жерде мемлекеттік экономикалық саясаттың тетіктеріне жүгінген дұрыс болар. Мысалы, отандық өндірушіге нақты қолдау көрсету үшін өндіріс орынына бөлшек саудаға байланысты шығындарды өтеуге субсидия беруге болады. Сөре жалдау ақысы, ретро-бонустардың бір бөлігін жабу, сауда желісіндегі тұрақты маркетингтік шараны өткізу мен тағы сол сияқты істер.

Егер жағдайдың өзіне, яғни отандық өндіруші мен сауда желісі арасындағы қиын қарым-қатынасқа тоқталсақ, мұндай түйткілдер расымен бар және оларды жоққа шығару мүмкін емес. Азық-түлік өндіруші мен сауда желілісінің өзара қарым-қатынасын мемлекет тарапынан реттеу бұрыннан қажет-ақ. Мысалы, өндіруші арасында аты шулы «ретро-бонустар» деген түсінік пайда болды – сіз сұрап отырған осы бонустармен сауда желілері өндірушілерді сөзсіз қыспаққа алады. Біздің заңнамада мұндай ретро-бонустарды талап етуге тыйым салынған. Алайда сауда желілері оларды «жарнама» немесе басқа да қосымша қызметтер ретінде бүркемелеп алып отырады. Бұл – шын мәнінде, өндірушілерге салынатын қосымша «алым» деуге болады. Ал, мысалы, Ресейде ретро-бонустар заңды түрде рұқсат етілгенімен, азық-түлік өндірушілер үшін олардың мөлшері 5%-дан аспайды. Ал бізде сол жасырын ретро-бонустардың көлемі 7%-дан да жоғары.

Осының бәрі отандық нарықта ресейлік және беларусьтік өнімдердің кеңінен таралуына әкеліп отыр. Нақты мысал келтірейін, қазір ел аумағында «Белорусские продукты №1» деп аталатын шамамен 130 сауда желісі және тағы шамамен 120 сауда нүктесі жұмыс істейді. Бұл Беларусь өнімдерінің ішкі нарықтағы жаппай және тұрақты түрде кеңеюінің айқын дәлелі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Беларусьтен келетін кейбір азық-түлік санаттарының импорты бұрнағы жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқаны тіркелді: сүт импорты 51%-ға өскен (3,3 мың тоннадан 5,0 мың тоннаға дейін), ірімшік пен сүзбе – 30%-ға (11,2 мың тоннадан 14,5 мың тоннаға дейін), шұжық өнімдері – 2,6%-ға (10,4 мың тоннадан 10,7 мың тоннаға дейін). Импорттың осылайша қарқынды өсуі шетелдік тауарлардың нарықтағы үлесі артып келе жатқанын және отандық өнімдерге өз еліміздің сауда алаңдарынан орын табу барған сайын қиындап бара жатқанын көрсетеді.

– Ал егер ауқымдырақ қарайтын болсақ, ішкі нарықты қорғау, отандық өндірушілерге көмек көрсету және елдегі тамақ өнімдері өндірісін ынталандыру үшін қандай шаралар қажет деп есептейсіз?

– Ең алдымен, өндірісті кеңейту мен олардың технологиялық деңгейін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаларды қолдаудың ауқымды бағдарламалары қажет. Сонымен қатар, салаға ең төменгі сыйақы мөлшерлемелерімен және ұзақ мерзімге берілетін несие керек. Дайын өнімді өткізу мәселесін шешу үшін сауда кәсіпорындарын жергілікті өндірушілермен жұмыс істеуге ынталандыратын түрлі тәсілдер қолдануға болады.

Жалпы айтарым, өнім өндірудің әрбір сатысы назардан тыс қалмауы тиіс. Егер оның бір бөлігіне субсидия берілсе, екінші бөлігі ұмыт қалмауы тиіс. Мысалы, қаптама шығаратын кәсіпорындар – қазіргі таңда өнімнің өзіндік құнының айтарлықтай бөлігін осы шығындар құрайды.

Бұған дейін айтылғандай, отандық өндірушілерге нақты қолдау көрсету үшін өндіріс орындарының ритейл шығындарын өтеуге арналған субсидиялар пайдалы болар еді: сөре жалдау, ретро-бонустардың бір бөлігін жабу, сауда желілерінде тұрақты маркетингтік іс-шаралар өткізу және тағы басқалар.

–   Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –   

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»