
«Лев Троцкий, Ефим Неймарк және Алматы» деп аталатын бөлімде төңкеріс заманының атышулы тұлғасын тың дерек негізінде сипаттайды. Ол шамалы уақыт Алматыда да мекен еткені мәлім. И.Сталиннің басты идеологиялық қарсыласы болған Лев Троцкий кеңес елінен қуылып, 1940 жылы Мексикада тапсырыспен ажал құшты. Кітапта Л.Троцкийдің шетелге қуыларда 1928 жылдың қаңтарынан 1929 жылдың ақпан айына дейін Алматыда үйқамақта отырған тағдыры баяндалады. Ілияс Манашұлы архив деректерін, естеліктер мен зерттеушілер еңбектерін салыстыра отырып, Троцкийдің отбасы аялдаған мекенжайлар туралы алшақтықтарды анықтап, дұрысын оқырманға ұсынады. Автор астананы Қызылордадан Алматыға ауыстыру науқаны кезіндегі қарбаласты, қала құрылысын, көшелердің көне және қазіргі атауларын салыстыра деректерді жүйелейді. Л.Троцкий күнделіктеріндегі қазақ коммунистерінің большевиктік саясат туралы ой-пікірлері және қайраткердің Ф.Голощекинге берген мінездемесі – назар аударарлық дүние.
Кітапта Л.Троцкиймен бір мезгілде Алматыда тұрған (бірақ бір-бірімен таныс емес) КСРО Сыртқы істер халық комиссариатының Орталық Азиядағы өкілі қызметін атқарған Ефим Неймарктың (1895–1938) 20-жылдардағы Алматы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі туралы жазбалары тартымды байыпталған. Мәскеу мен Алматы арасындағы 4 мың шақырым жолда осы қайраткерлер байқаған көріністер, тағдырлар қызықты зерделенген.
Тарихшы-ғалым екінші бөлімді «Қағаз жүзіндегі халық комиссариаты және Бауыржан Момышұлы» деп айдарлапты. Екінші Дүниежүзілік соғыс (1939–1945) кезінде кеңес одағы басшылығы саяси амалға көшіп, құрылайын деп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымынан көбірек орын алу мақсатында одақтас республикаларды «жеке субъект» деген желеумен осы халықаралық ұйымға мүшелікке өткізуге тырысқан. Осы мақсатта әлемдік қауымдастыққа одақтас республикаларды Ресеймен тең мемлекеттер етіп көрсету үшін Мәскеу билігі одақтас республикаларға Сыртқы істер және Қорғаныс халық комиссариаттарын құруға рұқсат берген.
Қазақ КСР Қорғаныс халық комиссариатының құрылғаны туралы республика парламенті 1944 жылы 13 сәуірде заң қабылдағанымен, бұл идея іс жүзіне аспады. Автор Бауыржан Момышұлы, Шәкір Жексенбаев, Мұса Садыбеков сияқты кәсіби қазақ офицерлері кеңестік Қазақстанға тірек болатын ұлттық қарулы күштердің басшылығына, яғни Қорғаныс министрі лауазымына үміткер ретінде ұсынылған құжаттардың жоқтығын алға тартып, «бұл әдеби естеліктердегі адами ниеттер болса керек» деген пікір айтады. Бір қызығы, кітапта нақты дерекпен Қазақ КСР армиясының ұлттық нақышта тігілетін әскери киім үлгілері беріліпті.
«Оның қамқоршысы Леонид Брежнев еді» атты зерттеу очеркінде Қазақ КСР-ін 1955–1956 жылдары басқарған Л.И.Брежневтің майдандас, қызметтес дос-жаранын қолдаудағы ерекшелігі баяндалады. Ол басшы болған жерлерінде достарына қызмет ұсынып отырған. Солардың бірі Семен Николаев Қазақстанға келіп жауапты шаруашылық, партия қызметтеріне тағайындалыпты. Бірақ мемлекет қаржысына қол салып, қыз-келіншектермен сауық құрып, қамқоршысы Мәскеуге жоғарылап кеткенде қылмысы ашылып сотталған. Дегенмен Брежнев көмегімен түрмеден ерте құтылса да, өмірі «ит өліммен» аяқталғаны дәйектеледі. Тарихшы мұндай «николаевшылдықтың» қайдан, қалай пайда болып, соңы неге апарып соғатынын зерделейді.
Автордың «Михаил Исеналиев күнделігі не айтады?» деген сұраулы тарауы да қызықты оқылады. М.И.Исеналиев (1928–1999) – Қазақ кеңес республикасына және оның халқына адал қызмет еткен комсомол, партия, мемлекет қайраткері, дипломат, саясаткер. Ол Ресейдің Саратов облысындағы орыс селосында жалғыз қазақ отбасында дүниеге келіп, көрші-көлем әкесін «дядя Иван», ал баласын «Миша-Михаил» деп атап кеткендіктен, есімдері құжатқа орысша тіркеліп кете барған. Осы Михаил Ресейде мектеп бітіріп, Мәскеуде жоғары білім алып, 1954 жылы Қазақстанға біржола көшіп келіп Павлодар облыстық комсомол комитетін, республика комсомол ұйымын басқарды. Мәскеуге аспирантураға түсіп, диссертациясын сәтті қорғап, Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы болып сайланады. 1981–1989 жылдары еліміздің Сыртқы істер министрі лауазымында БҰҰ-ның жұмысына қатысып, осы халықарлық ұйым мінберінен алғаш сөйлеген қазақ азаматы болды. Ел құрметіне бөленген Михаил Ивановичті халық «Мәке», «Хакім» деп ардақтады.
Ілияс Манашұлы адамгершілігі жоғары, білікті мемлекет қайраткерінің күнделігіндегі ой-пікірлерді оқырманға түсіндіріп, талдай отырып, тұлғаның ғибратты өмірі мен айрықша қасиетін, іс-әрекетін жан-жақты жеткізеді. Автор осы аяулы азаматтың ұмытылмауына қам жегені байқалады.
Мәскеу басшылығы 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне байланысты «қазақ ұлтшылдығы» деген айып таққанда, Михаил Иванович оған қарсы шығып, бұқаралық ақпарат құралдарында алғаш үн қатқанын, Д.Қонаевтың орнына келген Г.Колбинге республикалық партия басшылығымен қоса парламент басшысы лауазымын қатар беру қателік екенін КСРО бас хатшысы М.Горбачевке хатпен жеткізгенін кітап авторы ерлікке балайды. Осы қарсылығы үшін Михаил Иванович министрлік қызметінен айырылады. Дегенмен ол Тәуелсіздік жылдары елді нығайтуға белсене араласты.
Тарихшы кітаптың қорытынды очеркін «Еркін Әуелбеков өмірі мен тағдыры» деп атапты. Еркін Нұржанұлы (1930–1999) – еңбек жолын ауыр кезеңде бастап, бірнеше облысты басқарып, сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Автор ел құрметіне бөленген жанның заманында «Қазақстанның болашақ басшысы осы кісі болады» деген халық бағасының жөн-жобасын бағамдап көрсетеді. Сонымен бірге оның үстінен жазылған арыздарды, қаралауларды архив құжаттары негізінде саралайды.
Түйіндеп айтсақ, профессор Ілияс Қозыбаевтың осы еңбегі бұралаң тарихтың белгісіз беттерін ықыласты оқырманға ашып жеткізуімен құнды.
Сейітқали ДҮЙСЕН,
Тарихшылардың ұлттық конгресі мүшесі, доцент