
Сурет: gov.kz
Аталған акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде көмек көрсету. Негізі Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысы негізінде жергілікті бюджет есебінен құрылған Жалпыға бірдей білім беру қоры бар. Осы қордан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасы балаларына, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ табысы төмен отбасы балаларына, қамқоршы қолында тұратын жетім балаларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасы балаларына және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындаған өзге де санаттарға қаржылай көмек беріледі.
– Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша жалпыға бірдей білім беру қорынан оқушыларға кеңсе тауарларын, мектеп формасын, спорттық киім, аяқ киім, т.б. заттарды сатып алуға 434,0 млн теңге қаражат қарастырылды. Қазірге дейін 1991 оқушыға жалпы сомасы 92,0 млн теңге көлеміндегі қаражат ата-аналардың карт-шоттарына аударылды. Яғни әр оқушыға 46 228 теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді, – дейді Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақжарқын Темірханова.
Былтыр Батыс Қазақстан облысы су тасқынынан көп зардап шекті. Бірақ 2024 жылы «Мектепке жол» акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен отбасы балаларына көмек те көп болыпты. Мәселен, «Jelken foundation» қоғамдық қоры, «Freedom Holding Corp» компаниясы жәрдемге киім және оқу құралдарын берген. «Игілік-Мерей» қоғамдық қоры Бәйтерек ауданы білім беру бөлімінің «Чеботарев «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешеніне» оқушыларды тасымалдау үшін «ПАЗ» автобусын сыйлаған.
Білім басқармасы өңірдегі барлық ауқатты азаматты, кәсіпкерді, шаруа қожалығы иелерін осы бір қайырымдылық іс-шарасына атсалысуға шақырып, үндеу жариялады. Бұл игі бастаманы бірден қолдап кеткендер де бар.
– Біз «Мектепке жол» акциясына жыл сайын қатысамыз. Биыл да Теректі ауданының Сарыөмір және Аңқаты ауылдық округіне, Сырым ауданының Тоғанас және Алғабас ауылдық округіне әрқайсысына 150 мың теңге, барлығы 600 мың теңге қаражат беріп отырмыз. Аталған әр ауылдың аз қамтылған 5 оқушысы 30 мың теңгеге мектепке қажет заттарын алады. Бұл оқушыларды ауыл әкімдігі өздері таңдайды, – дейді «Дәдем ата-Жұмағазы хазірет» қорының басшысы Ғарифолла Жанбозов.
«Мектепке жол» акциясы қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
Батыс Қазақстан облысы