Қоғам • Бүгін, 08:25

Халықаралық сарапшылар бас қосты

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­те­тінің Ғылыми кітапха­насында IFLA-ның Ақпа­раттық сауаттылық секциясы ұйымдастырған «Бар­шаға арналған инклю­зивті цифрлық сауат­тылық: Білімді бірік­ті­ріп, болашақты қалыптас­ты­рамыз» атты халық­ара­лық конференция өт­ті. Алқалы жиын ел аста­на­сын­да өтіп жатқан
89-Халықаралық кі­тап­хана және ақпарат­тық конгресінің (IFLA WLIC 2025) аясында ұйым­дас­тырылып отыр.

Халықаралық сарапшылар бас қосты

Іс-шара барысында әлемнің әр түкпірінен және Орталық Азия елдерінен келген халықаралық сарапшылар баяндама оқып, өз тәжірибесімен бөлісті. Мәсе­лен, Наоми Мваурах (Кения) инклюзивті цифрлық сауаттылық құрылымын әзірлеу бойынша жобаларын таныстырды. Спи­кердің айтуынша, Кениядағы қоғамдық кітапханалар кейінгі он жылда инклюзивті цифрлық сауат­тылықты дамытуда үлгі бо­лар­лық тәжірибе жинақтаған. Бұл бағыттағы жұмыстар бірқа­тар маңызды бастамалар арқылы жүзеге асып отыр.

«Біріншіден, ұлттық кітап­хана қызметі (KNLS) ел бойын­ша ондаған кітапхананы ком­пью­терлермен және интернет­пен жабдықтап, оларды тек оқу орны емес, заманауи цифр­лық білім орталығына айнал­дырды. Екіншіден, EIFL және UNESCO ұйымдарының қол­дауымен кітапханашылар арнайы даярлықтан өтті. Бұл оларға өз кезегінде қоғам мүшелерін цифрлық сауаттылыққа үйретуге мүмкіндік берді. Үшіншіден, Worldreader ұйымымен бірлескен Leap жобасы мыңдаған адамға цифрлық  кітаптарға қол жеткізуді жеңілдетіп, кітапханаларды цифр­лық оқу хабына айналдырды. Инклюзивтілік бағытында да айтар­лықтай қадам жасалды. Мысалы, inABLE бастамасы көзі нашар көре­тін және зағип оқырманға арнал­ған арнайы кітапханаларды ашып, Braille кітаптармен, ірі қаріпті ресурс­тармен қамтамасыз етті», дейді Наоми Мваурах.

сарапшы

Сондай-ақ Доктор Неза Сингх (Үндістан) қауымдастықтарды цифр­лық сауаттылық арқылы дамы­ту жолдарын ұсынса, доктор Шэрон Янг (АҚШ) цифрлық сауат­тылықты оқыту әдістемесінің тиімді тәсілдерін түсіндірді. Ал Доктор Лейли Сейфи (Иран) ауылдық аймақтардағы фермер­лердің цифрлық сауаттылығын арттырудағы тәжірибесін ортаға салды. Атап айтсақ, Иранның Систан мен Белуджистан айма­ғындағы жергілікті халықтың жаңа тех­нологияларға деген ынта­сы мен қызығушылығы жо­ға­ры. Бірақ көптеген ауыл­да интернет тұрақсыз, компьютер немесе смартфон саны жеткіліксіз. Осыдан барып цифрлық дағдыларды меңгеру және күнделікті қолдану дең­гейі төмен болып отыр.

«Ұлттық деңгейде цифрландыру саясаты қабылданғанымен, оның ауылдық өңірлерге, әсіресе Систан мен Белуджистан сияқты шекаралық аймақтарға нақты әрі мақсатты түрде жетуі әлі де жеткі­лік­сіз. Бұл аймақтағы фермерлер көбіне дәстүрлі тәжіри­беге сүйеніп отыр, ал цифрлық шешімдер ауылшаруашылыққа толық енген жоқ. Сондай-ақ ауылшаруашылық білім беру орталықтары мен ақпараттық жү­йе­лерді күшейту қажеттілігі анық байқалады. Егер осы орта­лықтар цифрлық қызмет көрсету бағы­тында жұмыс істесе, фермерлер нарыққа шығып, заманауи технологияны өз еңбегінде қолдануға әлдеқайда бейімделе түсер еді», деді Лейли Сейфи.

Айта кетейік, аталған конференция инклюзивті цифрлық сауаттылықты дамыту арқылы түрлі қауымдастықтарды бірік­тіру, халықаралық тәжірибе алмасу және заманауи технология­­лар­ды кітапхана қызметінде тиімді қол­дану жолдарын талқы­лау мақса­тын көздейді.

Конференция IFLA Ақпарат­тық сауаттылық секциясының ұйымдастыруымен жоғары деңгей­де өтті дейді қатысушылар. Іс-шара соңында Ғылы­ми кітапхана директоры Бақыт­жан Оразалиев алқалы жиын­ның маңыздылығына тоқ­та­лып, оның кітапхана ісін дамы­­тудағы және халықаралық әріп­тестікті нығайтудағы рөлін атап өтті.

Басқосу барысында презентациялар, воркшоптар мен нетворкинг өткізіліп, қатысушыларға кәсіби даму мүмкіндігі ұсынылды. Сондай-ақ қонақтар университет пен кітапхананы таныстыру турына қатысты.