
Экономиканы әртараптандыру – тұрақты даму кепілі
Жуырда Ордабасы ауданы, Бадам елді мекенінде «Central Asia aluminum» ЖШС-ның алюминий профильдерін өндіретін зауыты ашылды. Кәсіпорынның өндіріс қуаттылығы – жылына 20 мың тонна. 200 адам жұмыспен қамтылады. Жобаның алғашқы кезеңіне құйылған инвестиция көлемі – 4,4 млрд теңге. Міне, осы зауытты іске қосу рәсімінде облыс басшылығы өңірде өнеркәсіп саласын дамытуға және кіріс көздерін ұлғайтуға ықпал ететін жобаның жүзеге асырылуын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу тапсырмасымен байланыстырды. Түркістанды дотациялық өңір деңгейінен өз бюджетін қамтитын, өндірісі дамыған облысқа айналдыру облыс басшылығының мақсаты екені де айтылды. Тапсырмаларды орындап, мақсатқа жету бағытында өңірде атқарылып жатқан және жоспарланған ауқымды жұмыстар аз емес.
Мысалы, алюминий профильдерін өндіретін зауыт ашылған Ордабасы ауданында «Tangshan Huating Ceramics Co., LTD.» компаниясының ірі қара мал сүйегін өңдейтін өндіріс орны салынады. Шетелдік инвестормен бірге зауыттың капсуласын салу рәсімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы дамыған өңірде терең өңдеу саласында әлі де көп жұмыс атқару қажеттігін жеткізді. Әсіресе мал қалдығын өңдеу мәселесі күн тәртібінен түспегенін атап өтті. Аумағы 10 гектар, жобалық құны 9 млрд теңге болатын зауытта ірі қара малдың сүйегі өңделіп, желатин өнімдері мен пептон қоспасы дайындалады. Жоба іске асқан соң 100-ге жуық жұмыс орны құрылады. Өндіріс қуаттылығы – жылына 5 мың тонна болатын заманауи зауыт келесі жылы іске қосылады.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында Шардара ауданының индустриялық аймағында «Казкрахмал» ЖШС-ның жүгеріні терең өңдеу зауыты салынып жатыр. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеу мүмкіндігі бар зауыттың инвестициялық құны – 35 млрд теңге. Кәсіпорын 35 гектар аумақта орналасқан. Қазір дәнді дақылдарды сақтау және кептіру қоймасы іске қосылып, алғашқы кезең аясында өнім қабылдау үдерісі жүріп жатыр. Екінші кезең бойынша крахмал сірнесін өңдеу зауыты биыл іске қосылады. Бұл бағытта 500-ден аса жұмыс орны ашылып, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпал етеді. Кәсіпорын жүгеріден «крахмал», «глютен», «жүгері сечкасы», «мальтоза», «карамель» және жүгері сірнесін өндіреді. Мамандар бұл өнімдерге сұраныс елімізде ғана емес, халықаралық нарықта да жоғары екенін айтады.
Қазіргі уақытта өнімдерді экспортқа шығару бағытында Ресей, Қытай, Бельгия, Англия елдерімен іскерлік байланыс орнатылған. Сұраныс демекші, Түлкібас ауданындағы «Стас и К» өндірістік кооперативінің полиэтилен құбырларын пайдаланатындар өте көп. Елге аса қажетті полиэтилен құбырларын өндірумен айналысатын кәсіпорын құбырларының сапасы жоғары. Жоғарғы, төменгі температураларға төзімді, су, кәріз, газ, ылғалды жерді құрғату тағы да басқа қажеттіліктер үшін қолданылады. Аталған өндірістік кооператив алғаш құрылған жылдары екінші деңгейлі банктен 16% жылдық мөлшерлемемен несие алған. Ол несиенің 7%-ы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы субсидияланды. Өндірістік кооператив басшысы Ә.Саитовтың айтуынша, өнімді өткізетін нарық бар.
«Қазір барлық елді мекенде газ, ауызсу тарту, кәріз жүйесін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Сол коммуналдық игіліктер енді кіріп жатқан ауылдарды керекті құбырлармен қамтамасыз ету керек. Бұл – жергілікті өнім өндірушілердің мойнына түскен жауапкершілік. Құбырлар елді мекендерді ең маңызды коммуналдық қажеттіліктермен қамтамасыз ететін күретамыр саналғандықтан, сапасының мінсіз болуына да ерекше мән береміз. Өндірістік кооператив 2004 жылдан бері газ және су тасымалдауға арналған полиэтилен құбырларының өндірісімен айналысып келеді. 2015 жылы заманауи құрал-жабдықтар алып, жаңа жүйені іске қостық. Бүгінде 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған», дейді ӨК басшысы.
Ал Сарыағаш ауданында профил пластик өндіретін «Ерғали» жеке кәсіпкерлік нысаны цехында есіктер мен терезелерге арналған және өзге де салаларға қажетті пластик пен профиль өнімдері шығарылады. Тауарлары ел ішінен бөлек, Қырғызстан мен Тәжікстанға экспортталады. Мұндағы жабдықтар мен қондырғылар Италия мен Ресейден әкелінген.
Өңірде қолға алынған жүйелі жұмыстардың, инвестициялық жобалардың, сонымен бірге жергілікті кәсіпорындар жұмысының нәтижесінде ет экспортының да әлеуеті артқан. Бұл бағытта нәтижелі жұмысымен танылған кәсіпорындардың бірі – Қазығұрт ауданында орналасқан «Қарқын-2030» ЖШС. Серіктестіктің шұжық өнімдерін шығаратын цехы заманауи технологиялармен жабдықталған. Толық автоматтандырылған желілер іске қосылған. Кәсіпорын тәулігіне 30 тоннаға дейін дайын шұжық өнімін өндіреді. Шикізат сапасына, санитарлық талаптарға, өнімнің сақталу мерзімі мен құрамына ерекше мән беріледі. Қазір өндіріс орнында 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын өнімдері барлық аймаққа жөнелтіліп, ішкі нарықты отандық әрі сапалы тағаммен қамтамасыз етіп отыр. Ал құны 1,1 млрд теңге болатын мал сою цехы 60 мың басқа дейін ірі қара мен ұсақ малды союға қауқарлы. Онда 10 адам еңбек етеді. Цех халықаралық стандарттарға сай жабдықталған, мал сою, ет сақтау және бастапқы өңдеу үдерістері толық автоматтандырылған.
Бүгінде мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Алаңда бордақыланған мал кейінгі өңдеуден соң, дайын ет өнімдері ретінде ішкі нарыққа жолданып, шетелге экспорттау жоспарланып отыр. Ал Сарыағаш ауданы Жібек жолы елді мекенінде орналасқан «Бесқара» ЖШС-ның бекеті тәулігіне 128 ірі қара, 600 бас уақ мал союға қауқарлы. Отыз тұрғын жұмыспен қамтылған. Заманауи кешен биыл пайдалануға берілді. Ірі қара малдар Орталық және Солтүстік Қазақтан облыстарынан тасымалданып, арнайы орында сойылады. Дайын болған өнім еліміздің барлық өңіріне және «Нәрлен» ет өңдеу цехына жөнелтіледі. Сонымен бірге ет өнімдері Өзбекстанға экспортталады.
Агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру және ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар қолға алынып жатыр. Осы бағытта ерекше серпін алып келе жатқан салалардың бірі – балық шаруашылығы. Облыстың оңтүстігіндегі Келес ауданында бұл салаға инвестиция тартылып, жаңа жобалар іске асырылып жатыр. «БозСу балық шаруашылығы» жеке кәсіпкерлігі 4,8 гектар аумақта тиімді жобаны жүзеге асырып отыр. Кәсіпкер Олжас Әбдіжаппарұлы былтыр су айдынына миллион ақ амур шабағын жіберіп, нәтижесінде, 4 тоннаға жуық сапалы балық өнімін алған. Биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артып отыр. Нақтырақ айтқанда, 2025 жылы 3 млн-ға жуық шабақ өсіріліп, оның 600 мыңы сатылымға шығарылған. Қалған бөлігі өсіріліп, қосымша 10 тонна дайын өнім алу көзделген. Шаруашылық биыл уылдырық өндіретін инкубаторлық цехты іске қосып, алғашқы кезеңде 20 кило уылдырық өндірді. Алдағы жылы уылдырық көлемін 100 килоға дейін жеткізу жоспарда бар. Кәсіпорын қазірдің өзінде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Келес ауданындағы балық шаруашылығы бағытындағы ірі жобалардың тағы бірі – «Көшім» шаруа қожалығы. Жалпы аумағы 76,2 гектар болатын бұл шаруашылықты кәсіпкер Райс Көшімұлы басқарады. Қожалық балық өсірумен қатар, өндірісті кеңейту мақсатында өңдеу цехының құрылысын қолға алған. Жоба аясында жылына 32 тонна балық өнімі өндіріледі. Шаруашылық 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ал Сайрам ауданы Сарыарық елді мекеніндегі «Көмеш балық» ЖШС 259 гектар жерде тоғандар салып, жылына 721,6 тонна өнім алып, ішкі нарықты сапалы балықпен қамтуға кіріскен. Жоба құны – 750 млн теңге, мұнда 19 тұрақты жұмыс орны ашылған.
«Біздің кәсіпорын 26 тоғаннан тұрады, оның 13-і – табиғи тоған, қалғандары – жасанды. 2016 жылдан бастап шабақ өсірумен айналысып келеміз. Күтімге алған балық түрлерін айтатын болсақ, олар – ақ амур, карп, сазан, дөңмаңдай. Барлық өнімдеріміз ішкі нарыққа шығып отыр», дейді кәсіпкер Даулеталы Абдраманов.
Сайрам ауданы Таскешу елді мекенінде «Gen Group Kazakhstan» ЖШС алғашқылардың бірі болып тропикалық өнімді жерсіндіріп, банан өсіру ісін қолға алған. Мұнда жылына 1 000 тонна өнім алынып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Кешен директоры Тимур Утешевтің айтуынша, 2023 жылы жұмысын бастаған жобаның алғашқы кезеңінің құны 1,056 млрд теңгені құрайды, барлық жабдықтар Түркиядан алынған. Қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қосымша 15 адам маусымдық жұмыстарға тартылады. Екінші кезеңде банан бауы қосымша 4,8 гектарға ұлғайтылмақ, ал 5,4 гектарға – қызанақ, 1 гектарға құлпынай өсіру жобалары іске асады. Үшінші кезеңде 2,7 гектарға қияр өсіру қолға алынбақ. Барлық кезеңде жұмыс табысты жүрген жағдайда, бұл шаруашылық отандық нарықты 1 500 тонна банан өнімімен, 120 тонна құлпынаймен, 3 153 тонна қызанақпен және 1 125 тонна қияр өнімдерімен қамтымақ. Жоба құны барлық кезеңді қоса есептегенде 13,4 млрд теңгені құрап, 150 адам тұрақты жұмысқа тартылады. Мемлекет тарапынан сумен, электр қуатымен, газбен қамту тұрғысынан, жерасты суын пайдалануда ұңғыма шаруашылығын жолға қоюға қатысты көмек көрсетіліп жатыр.
Жұмыспен қамтитын жобалар
Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген өңірде «Turan» арнайы экономикалық аймағының алар орны ерекше. Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, 2019–2025 жылдардың қорытындысы бойынша «Turan» АЭА-ның инвестициялық портфелі жалпы құны 751,6 млрд теңге болатын 221 жобаны құраған. Оның ішінде 253,9 млрд теңге болатын 39 жоба жүзеге асырылып, 1 353 тұрақты жұмыс орны ашылған. 464,6 млрд теңгеге 137 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, АЭА аумағында 34,1 млрд теңгеге 45 жоба жүзеге асып, қонақүй, туристік кешендер, сауда ойын-сауық орталықтары елге қызмет көрсетіп жатыр. Қатысушы есебінде тіркелген жобалар құрылысы барысында жаңа 11 236 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жыл соңына дейін 46,5 млрд теңгеге 1 360 тұрақты жұмыс орнын құратын 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазір жаңадан қосымша 104 млрд теңгені құрайтын 11 әлеуетті жобаны іске асыру бойынша жұмыстар қолға алынған. Сонымен бірге арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын жетілдіру, инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында да тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Өнеркәсіптік аймақтар газбен, қоршаумен, абаттандыру, су және кәріз жүйелерімен қамтылады. «Turan» АЭА-да тіркелген, ашылған және енді ашылатын ең ірі өндіріс орындарына тоқталсақ, олардың қатарында «Baspolymer» ЖШС-ның полимерлі құбырлар, пластмасса бұйымдар, тамшылататын таспалар шығаратын ірі зауыты, «QazEcoPack» ЖШС-ның бастапқы және қайталама полиэтилен шикізатынан орау материалдарын өндіретін кәсіпорны, «PSI Mineral Technologies» ЖШС-ның тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр техника шығаратын зауыты, «Алтын дала мақта» ЖШС-ның біріктірілген қоймасы бар ПВХ құбырларын шығаратын зауыты, «KZ_Unicol» ЖШС-ның әртүрлі жарықтандыру құрылғыларының сэндвич-панельдерін шығаратын зауыты, «Er-Qan Group» ЖШС-ның орамдағы полиэтилен пакеттер және бір рет қолданылатын пластик ыдыстар шығаратын зауыты бар. «Silk Way International» ЖШС-ның ауыл шаруашылығы машиналары мен бөлшектерін өндіру және құрастыру зауытын, «Kazakhstan Lihua» ЖШС-ның толық циклді тоқыма өнімдерін өндіруге арналған мақта агроөнеркәсіптік кешенін, «Qaz Natural Laminat» компаниясының ағаштан және тығыннан жасалған бұйымдарды өндіру, сабан бұйымдары мен тоқыма материалдарын өндіру кәсіпорнын ашу да көзделген.
Өңір бүгінде жиһаз өнеркәсібі бойынша да республика көлемінде жетекші орынға шығып отыр. Жыл сайын Түркістанда жүздеген мың дана жиһаз өнімдері өндіріліп, еліміздің өзге өңірлеріне, шетелдік нарықтарға экспортталады. Мысалы, қаладағы ең ірі жиһаз өндірушілердің бірі «Идеал Туркестан» ЖШС жылына 200 000 дана дайын өнім шығарады. 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылдық қаржылық айналымы – 1,8 млрд теңге. Жылына 80 000 дана жиһаз өндіріп, 1,55 млрд теңге көлемінде қаржы айналымын қамтамасыз етіп отырған «Lider group» кәсіпорнында 60-70 азамат еңбек етеді. Компания өнімдерінің басым бөлігі жоғары сұранысқа ие. «Asia brend» мекемесі де ірі өндіріс ошақтарының бірі, жылына 22 000 дана жиһаз өнімін шығарады. Мұнда 150-ге жуық адам тұрақты түрде еңбек етіп, 1,1 млрд теңге көлемінде қаржылық айналым қалыптастырып отыр.
Облыста 2024–2030 жылдарға экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша «Жол картасы» бекітілген. Онда, әсіресе инвестициялық жобалардың уақтылы әрі сапалы орындалуына басымдық берілген. Айта кетелік, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп өнім көлемі 723,3 млрд теңгені құрап, 13,5%-ға артқан. Өсім негізінен өңдеу және тау-кен өнеркәсібі есебінен болды. Облыс экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығында өнім көлемі 253,9 млрд теңгені құрап, өсім 104,7% деңгейінде қалыптасты. Өндірілген өнім бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, негізгі капиталға инвестиция тарту 44,2% орындалып, 103,8 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Алты айда 82,3 млрд теңге инвестиция тарту жоспары 1,3 есе артық орындалды. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 гектарға орналастырылып, жоспардағыдан 1,4 есе артқан. Егіс алқаптарына ғылыми негізде 189,8 мың тонна тыңайтқыштар енгізу жоспары 109% орындалған. Машина трактор паркін 6,5% жаңалауды қамтамасыз ету бойынша 877 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жалпы, 2025 жылға 1 649 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған. Техникаларды жаңалау үлесі 9,4%-ға жетеді.
Агроөнеркәсіптің инвестициялық жобалары бойынша 2025–2027 жылдарға арналған «Жол картасына» сәйкес, жалпы құны 227,5 млрд теңгені құрайтын 60 жобаны іске асыру, 2 252 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биылғы жартыжылдықта 53,6 млрд теңгеге 17 жоба іске асырылып, 726 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін қалған 12 жоба (69,6 млрд теңге) жүзеге асырылмақ. Құрылыс жұмыстарының көлемі 230,3 млрд теңгені құрап, 25,1%-ға артты. Жыл басынан 438,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 118,2% деңгейінде қалыптасты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 130 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделіп, бүгінде 74 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Оның 35 812-і тұрақты, 38 215-і уақытша субсидияланған жұмыс орындарына орналасқан. Сонымен қатар ұлттық жобалар арқылы 2 700-ден астам азамат, жеке инвестициялық жобалар аясында 1 400-ге жуық адам еңбекке тартылған. Жобалардың басым бөлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол салалары арқылы іске асты.
Сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша да жаңа жұмыс орындары ашылған. «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» жобасы шеңберінде 8 300-ден астам жаңа жұмыс орны ұсынылды. Өңірдегі жұмыс орындарының көбеюіне жеке тартылған инвестициялық жобалар да ықпал етуде. Биыл облыста жеке қаржы есебінен 125 жоба жүзеге асырылуы керек. Бүгінде оның 88-і іске қосылып, 1 398 адам тұрақты жұмысқа қабылданды. Жобалар негізінен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және туризм салаларына тиесілі. Бұл ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты азайтуға оң әсерін тигізеді.
Түркістан облысы