
Енді қандағы оттегінің деңгейін өлшеу және деректерді өңдеу тікелей Apple Watch құрылғысында емес, оған қосылған iPhone арқылы жүзеге асады. Нәтижелерді пайдаланушылар «Денсаулық» қосымшасындағы «Тыныс алу» бөлімінен көре алады. Осылайша функция сағат экранында тікелей көрсетілмейді.
Бұл шектеу АҚШ-тың Халықаралық сауда жөніндегі комиссиясы (ITC) енгізген тыйымға байланысты пайда болған еді. Бұған дейін Masimo компаниясы Apple-ді пульстік оксиметрия технологиясына қатысты патенттерді бұзды деп айыптап, сотқа жүгінген. ITC бұл талапты негізді деп танып, Apple уақытша қандағы оттегін өлшеу функциясын өшірген болатын.
Қазіргі уақытта Apple сот ісін жалғастырып, тыйымды қайта қарауды талап етуде. Компания Masimo-ны да қарсы талаппен айыптап, оның Apple Watch функцияларын өз құрылғыларына көшіруге тырысқанын мәлімдеді.
Жаңартылған функция жаңа iPhone және Apple Watch үлгілеріне бағдарламалық жасақтаманың соңғы нұсқасын орнатқаннан кейін қолжетімді болады.