
Жалпы, «Келешек мектептерін» еліміздегі орта білім саласының зертханасы, тәжірибе жасау алаңы деуге болады. Өйткені білім жүйесіне енгізілетін өзгерістер мен жаңалықтардың барлығы алдымен «Келешек мектептерінде» апробациядан өткізіледі. Негізінен «Келешек мектептерінің» кәдімгі мектептерден аса бір айырмашылығы жоқ, басты ерекшелігі – материалдық базасы мен жабдықталуында. Кәдімгі мектептерге қарағанда «Келешек мектептеріне» 30 пайызға кең аумақ қарастырылған, жабдықталуы төрт есе жоғары. Мысалы, арнайы жабдықталған пән кабинеттері, кітапхана, демалыс аймақтары, би залы, бастауыш сыныптарға бөлек, жоғары сыныптарға бөлек спорт залдары бар. Десе де оқу жүйесі барлық мектепте бірдей, бәріне ортақ бір стандарт, бір бағдарлама бойынша жұмыс істейміз. «Келешек мектептері» – қандайда бір әлеуметтік, экономикалық ерекшелігіне, ауылда, я қалада тұратынына қарамастан, кез келген оқушыға қолжетімді жайлылық, барлығына тең жақсы жағдай жасаудың көрсеткіші. Бұл – лицей де, гимназия да, дарынды балаларға арналған оқу ошағы да, зияткерлік білім ұясы да емес, жалпы білім беретін мектеп.
«Келешек мектептеріне» директорлар конкурспен қабылданады, бірақ «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының түлектері директор қызметіне бірінші кезекте конкурссыз қабылданады. Мен де сол жобаның алдыңғы жылғы түлегімін, бірнеше кезеңнен өтіп, 1000 көшбасшының бірі болдым. Ал «Келешек мектептеріне» мұғалімдерді жұмысқа алудың екі жолы бар, біріншісі – конкурс арқылы тұру, екінші ретте арнайы тестілеуден өткен, Оқу-ағарту министрлігі жасақтаған педагогикалық мамандықтарды бітірген үздік түлектердің базасындағы жас мамандар қабылданады. Бұл – «Келешек мектептеріне» ғана берілетін мүмкіндік.
Бекарыс СЕРІКҚАЛИ,
Ақтау қаласындағы №32 жалпы білім беретін келешек мектебінің директоры