
Кездесу барысында ЕАЭО елдерінің экономикалық әлеуетін нығайту, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту, өзара сауданы дамыту, Одақ нарығындағы кедергілерді жоюға және басқа да мәселелерге назар аударылды.
ЕҮАК кеңейтілген құрамдағы отырысына Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, бақылаушы елдерден – Иран Республикасының бірінші вице-президенті Мұхаммед-Реза Ареф, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Куба Республикасының Премьер-министрі Мануэль Марреро Круз (бейнеконференция арқылы), сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мұнай-газ және цифрлық салалар, сондай-ақ кедендік және биржа қызметі, медицина мен фармацевтика, еңбек нарығы және басқа да салалардағы өзара іс-қимыл қаралды.
Олжас Бектенов ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын атап өтті. Өзара сауданы дамытуға және сыртқы экономикалық байланыстарды арттыру жөніндегі бірлескен шараларға назар аударылды.
Көлік және логистика саласында өңірдің барлық мемлекеттің мүдделерін ескере отырып, баламалы бағыттар құрудың өзектілігі айқындалды. Бүгінде келешегі зор көлік бағыттарының бірі – өткізу қабілеті 10 млн тоннаға дейін жүкті құрайтын «Тургунди-Герат» теміржолы жобасы.
Сауда ағындарының тұрақты өсуін және әртараптандырылуын қамтамасыз ету үшін ЕАЭО-ның үшінші елдер мен ұйымдар арасындағы ынтымақтастығын кеңейту маңызды. Қазақстан әртүрлі форматтағы серіктестермен өзара іс-қимылды тереңдетуді жақтайды.
Жиын барысында қатысушылар газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын, сондай-ақ тауарлардың биржа нарығын қалыптастыруға қатысты баяндамаларды тыңдады. Биржалық сауда-саттықты дамыту бағдарламасы бекітіліп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарығын дамыту тұжырымдамасы мақұлданды. Бұл құжаттарды іске асыру ЕАЭО шеңберінде әріптес елдердің сапалы әрі қауіпсіз өнімін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қатысушылар климаттық күн тәртібін іске асыру, көлік дәліздерін цифрландыру, еңбек нарығындағы біліктілік талаптарының жақындасуы және басқа да мәселелерге қатысты пікір алмасты. Кездесу қорытындысы бойынша 10 құжатқа қол қойылды. ЕҮАК-тың келесі отырысы биылғы 29-30 қыркүйекте Минск қаласында өтеді.