Жасанды интеллект • Бүгін, 11:30

Тоқаев білім беру процесіне цифрлық технологияларды жедел енгізуді тапсырды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарға арналған Тамыз конференциясында білім беру жүйесінде цифрлық трансформацияны жылдамдату – жаһандық технологиялық дәуірге бейімделудің басты шарты екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

 

Тоқаев білім беру процесіне цифрлық технологияларды жедел енгізуді тапсырды

Фото: ашық дереккөз

«Әлем жаңа технологиялық дәуірге қадам басты. Оның басты нышанын инновацияның қарқынды дамуы мен жасанды интеллектінің өмірімізге дендеп енуінен байқауға болады. Сондықтан бүгінде «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары егіз», деді Мемлекет басшысы.

Сонымент қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қазіргі міндеті – жаһандық үрдістерге бейімделу екенін ескертті. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды екенін атап өтті.

«Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады. Бүгінде еліміздегі мектептердің 95 пайыздан астамы жылдам интернетпен қамтылған. Аталған көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек. Жерсерік жүйелерінің мүмкіндіктерін осы мақсатқа пайдалануға болады. Мұны жай ғана инфрақұрылымға теңдей қол жеткізу мәселесі емес, әлеуметтік әділдіктің маңызды идеологиялық қағидаты ретінде қарастырған жөн. Сонымен қатар озық инновациялық тәсілдер ерекше қажеттілігі бар балалардың толыққанды білім алуына жол ашып, инклюзивті орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп жатыр. Елімізде мектепке немесе колледжге қабылдау, сондай-ақ басқа мектепке ауысу бойынша барлық негізгі қызметтер цифрлық жүйеге көшірілген. Электронды Үкіметтің мобильді қосымшасында білім саласына қатысты барлық ақпарат жиналған Bilim қызметі жұмыс істеп тұр», деді Президент.