Пікір • Бүгін, 08:43

Деректер қауіпсіздігінің маңызы

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып, барлық салаға еніп жатыр. Алайда бұл технологияның мүмкіндігімен қатар, қоғам мен адамзат болашағына төндіруі мүмкін қауіптері де бар.

Деректер қауіпсіздігінің маңызы

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құзы­реті шеңберінде айт­сақ,  бұл – деректер қауіп­сіздігінің маңызы. Мем­лекет басшысы атап өткендей, ней­рожелілер адам­ның дауысын, бейнесін, мінез-құлқын айнытпай жасай алатын деңгейге жетті, бұл жеке деректердің, банк есепшоттарының қолды болуына және жалған ақпарат таратуға жол ашты. Осы сын-қатерлер аясында біз киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуді басты міндет деп санаймыз.

Жасанды интеллект жүйелері үлкен көлемдегі деректерге сүйеніп жұмыс істейді. Бұл пайдаланушылардың жеке өміріне қатысты ақпараттардың жиналуына және таралуына әкелуі мүмкін. Деректердің қауіпсіз сақталмауы кибершабуылдар мен алаяқтықтың артуына себеп болуы ықтимал. Сонымен қатар жасанды интеллект арқылы адамның беделіне, қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, компроматтық контент және жалған ақпарат тарату, танымал адамдардың атынан жалған мәлімдемелер жасалуы мүмкін.

Бұдан бөлек, кейінгі жылдары алаяқтар азаматтарды алдау үшін жаңа технологияларды белсенді пайдаланып жүр. Мысалы, дипфейк технологиясы кез келген дауысты, мимиканы қолдан жасауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-боттарға дербес деректерді, құпия қамтитын құжаттарды және қызмет бабында пайдаланатын құжаттар мен ақпаратты енгізбеуге кеңес береміз. Сондай-ақ интернеттегі ақпаратқа бірден сеніп қалмау керек. Кез келген ақпаратты бірнеше дереккөзден қарап, асығыс шешім қабылдамаған жөн. Ақпарат қайдан шыққанын, кім таратқанын зерттеп көру қажет.

Дербес деректерді қорғау мәселесі арнайы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңымен және министрліктің бұйрықтарымен реттелген. Министрлікпен дербес деректерді қорғау және олардың қауіпсіздігі мақсатында келесі шаралар қабылданды:

– азаматтардан мемлекеттік жүйелерден олардың дербес деректеріне қол жеткізу туралы келісімдерді жинау және бұрын берілген келісімдер бойынша ақпарат беру үшін «Egov» электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік бақылау сервисі енгізілді;

– «Egov» электрондық үкімет порталында «Стоп-Кредит» функциясы енгізілді. Бұл азаматтарға несие алудан бас тартуға мүмкіндік береді. Қажет болса, оны қайта өзгертуге болады.

Киберқауіпсіздік мәдениетін дамыту мақсатында «Egov» электрондық үкімет платформасында орналастырылған арнайы бейнероликтер әзірленді. Сонымен қатар азаматтардың кибергигиенасын жақсартуға, алаяқтыққа қарсы тұруға, ата-аналар мен балаларды интернетті қауіпсіз пайдалануға үйретуге бағытталған, сондай-ақ дербес деректердің таралып кету жағдайлары туралы ақпаратты қамтитын «Nomad Guard» және «Citizensec.KZ» тегін порталы іске қосылды.

Биыл 10 қаңтарда Президент «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, оған сәйкес Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар (ҚР ӘҚБтК 79-бабы) үш есеге ұлғайтылды.

Министрлік дербес деректерді қорғау және ақпараттандыру салаларындағы заңнаманы жақсартуға қатысты жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде қолданыстағы заңнаманы жақсартуға және мемлекеттік органдарды ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін айқындауға бағытталған түзетулер Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

 

Дана БЕРДЕНҚЫЗЫ,

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті

Дербес деректерді қорғауды дамыту басқармасының бас сарапшысы