Технология • Бүгін, 07:43

«Starlink» іске қосылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Starlink» компаниясы күні кеше ел аумағында ресми түрде спутниктік интернет қызметін іске қосты.

«Starlink» іске қосылды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігінің мәліметінше, енді елі­міздің тұрғындары «SpaceX» компаниясына тиесілі төмен орбиталық спутниктер желісі арқылы жоғары жылдамдықты және сенімді интернетке қосыла алады.

Еске сала кетсек, осы жылдың 12 мау­сымында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Starlink» компаниясы қызмет көрсету кезінде Қазақстан заңнамасын сақтауды міндеттейтін келісімге қол қойған еді.

«Starlink» технологиясы шалғай өңірлерде де тұрақты қосылымды қамтамасыз етіп, халыққа заманауи цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді. «Starlink» қызметінің айлық тарифі 23 мың теңге­ден басталады, ал терминалдың бағасы шамамен 104 мың теңге. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев «Jibek Joly» телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

«Тарифтер мен құрылғы бағасы қол­дану түрі­не байланысты өзгереді. «Starlink» қыз­меті жеке тұлғалармен қа­тар биз­нес үшін де қолжетімді», деді ол.

Вице-министр ел аумағының кеңдігіне байланысты барлық өңірді кабельдік интернетпен толық қамту мүмкін еместігін, сондық­тан спутниктік байланыс – ең тиім­ді шешімдердің бірі екенін атап өтті. Қазіргі таңда ел аумағы түгел­дей дерлік «Starlink» желісімен қамтыл­ғанымен, шекараға жақын кейбір аймақтарда сигналдың әлсіреуі мүмкін екенін де ескертті.

Америкалық кәсіпкер Илон Маск негізін қалаған «SpaceX» компаниясының спутник­тік интернеті бүгінде әлемнің көп­теген елінде қолданылады. «Starlink» деп аталатын бұл ғаламдық жүйе шалғайдағы ауылдарды, ашық теңіздегі кемелерді интернетпен қамтамасыз етуге және автократиялық елдерде ақпаратты цензурасыз таратуға арналған. Осы мақсатта компания Жердің төменгі орбитасына шамамен 2 300 спутник ұшырған.