Білім • Бүгін, 08:40

Сапалы білім негізі

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Білім және зерттеу жылы» деп жариялауды ұсынды. Президенттің айтуынша, технологиясы дамыған болашаққа апарар жол білікті кадрлар даярлауға тікелей байланысты. Демек басты мақсат – білім сапасын, оның ішінде, орта білім беру сапасын көтеру. Себебі орта білім сапасы көтерілсе, білікті кадр даярлау деңгейі көтеріледі, елдің экономикасы мен ғылыми-инновациялық даму қарқыны артады.

Сапалы білім негізі

Сурет: nazarmedia.kz

Орта білім беру сапасын көтеру аса ауыр жұмыс екені белгілі. Қандай болсын күрделі жүйенің сапасын көтеру үшін алдымен оның жүйе құраушыларын табу керек. Солардың сапасын ғылыми негізде көтере алған жағдайда ғана жүйе сапасы жақсарады.

Ұзақ жылдар бойы жүргізген отан­дық және әлемдік тәжірибелерді зерттеу нәти­жесінде орта білім беру жүйе­сінің 8 жүйе құраушысы анық­талды. Олар: білім стандарттары мен оқу бағдарламалары, оқу әдебиеті, педагог кадрлардың кәсі­би біліктілігі, білім беру сапасын баға­лау, рухани-адамгершілік және патриот­тық тәрбие беру, ғылыми зерт­теу жұмыстары, басқару жүйесі, материалды-техникалық база.

Осы 8 құраушыны мұқият қарасақ, онда олардың ішіндегі, білім стандарттары, оқу бағдарламалары мен оқу әдебиетінен, басқа 6 құраушының сапасын, мемлекеттік деңгейде атқа­ры­лып жатқан жұмыстарымен бірге, мектеп пен аудан білім мекеме­ле­рінің ішкі резервтерін пайдалана отырып, қосымша көтеруге болады. Осы негіз­де оқушылардың білім сапасы арта түседі.

Мысалы, мектептерде жүйелі түрде жұмыс істей отырып, белгілі бір сыныптарда сабақ беретін мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетіл­­­­дірудің көптеген тетігін тиімді пай­­даланып оны көтеруге, бала­­лардың білім сапасын дұрыс анық­­тауға қол жеткізуге, рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие берудің тиімді жолдарын қарастыра отырып, тәрбие сапасын арттыруға, балалардың білімге, ізденіске деген қызығушылықтарын оятып, талаптандыра білуге, мектепте және сол сыныптарда жақсы басқару жүйесін қалыптастыруға, шама келгенше материалды-техникалық база сапасын көтеруге болады. Осындай жұмыстар сол сыныптарда оқитын оқушыларға қатысты жүйелі түрде жүргізілетін болса, онда олардың білім сапасы көтеріледі.

2018–2019 және 2019–2020 оқу жылдары Түркістан облысының 4 ауда­нында 40 мектеп 3 мыңнан астам оқушы және 400-ге жуық мұғалім қатыс­қан көлемді эксперимент жүр­гізілді. Ол оң нәтиже берді, оған қатыс­қан оқушылардың білім сапасы, оған қатыспаған оқушылардың білім сапасына қарағанда, әр сыныпта әр пән бойынша салыстырмалы түрде 4,5%-дан 8,1%-ға дейін көтерілді. Пан­демия жағдайына байланысты бұл жұмыстар тоқтап қалды.

Осы экспериментке қатысқан біраз мектеп сол кезде атқарған жүйелі жұмыстарын өз еріктерімен жүргізе берді. Соның бірі – Ордабасы ауданының Ынтымақ мектебі. Сол кезде экспериментік сыныпта оқып 2023–2024 оқу жылында мектеп бітірген 41 оқушының 29-ы грантпен жоғары оқу орнына түсті. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Өткен 2024–2025 оқу жылында, Түркістан облысы әкімдігінің шешімімен арнайы бағдарлама қабылданып, бұл жұмыс өз жалғасын тапты. Оған Төлеби ауданынан 16 мектеп, Отырар және Ордабасы аудан­дарынан 7 мектептен, жалпы 30 мектеп алынды. Осы мектептерден 1-сыныптарда оқитын 1 620 оқушы мен оларға сабақ беретін 92 мұғалім, 2-сыныптан – 1 607 оқушы мен 284 мұғалім, 5-сыныптан – 1 649 оқушы мен 482 мұғалім, бағдарламаға жалпы – 4 876 оқушы мен 482 мұғалім тартылды.

Бағдарламаның тұжырымдамасы мен кешенді жұмыс жоспары жазылып бекітілді, сол негізде барлық аудан мен мектеп өз жоспарларын жасап бекітті. Жыл бойы осы жоспарға сәйкес аудан, мектеп ұжым­дары жүйелі түрде жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде, мұғалім­дер­дің кәсіби білік­тілігі артып, оқушылардың білім беру сапасын бағалау жүйесі жетіл­дірілді. 

Осындай нәтижелерге қол жет­кізу негізінде, 2-сыныптарда оқитын 1 607 оқушының білім сапасы, осы бағдарламаға қатыспаған сынып оқу­шы­лардың білім сапасына қарағанда, салыс­тырмалы түрде 3,47%-дан 7,7%-ға дейін, ал 5-сыныптарда оқитын 1 649 оқу­шының білім сапасы – 2,5%-дан 3,87%-ға дейін көтерілді. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Біз, бір сыныпта оқитын 1 мың баланың білім сапасын көтеруге қол­­данылған әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, басқа да мыңдаған бала­лар­дың білім сапасын көтеруге болады деп есептейміз.

Біздің болжамымызша, білім сапын көтеру жұмыстары осы әдіс-тәсіл­дерді пайдалана отырып 1-сыныптан бастап жүргізілетін болса, онда оқу­шылардың білім сапасы 60-80%-ға дейін артады.

Алдағы қараша айында Түркістан облысының Төлеби ауданында осы жұмыстардың нәтижесін талқылауға арналған республикалық ҒПК өткізі­­ле­тін болады, оған еліміздің педагог кадрлары қатысады деп ойлаймыз.

 

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор