
«Жетім көрсең – жебей жүр» дейді дана халқымыз. Бұл – ата-бабамыздан жеткен өсиет, ұрпақ бойына мейірім мен қамқорлық дәнін себетін асыл сөз. Дәл осы қағиданы «Samruk-Kazyna Trust» қоры Жұмысшы мамандықтар жылында «Samruk Umiti» жобасы арқылы жүзеге асырды. Бастаманың алғашқы нәтижелері Павлодарда өткен республикалық жастар форумында таныстырылды. Онда жоба қатысушылары Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевпен кездесті.
Форумда қордың бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиеваның айтуынша, 9-сыныпты бітіріп, колледжге түсуді жоспарлап отырған 40 тәрбиеленушінің 30-ы сұранысқа ие техникалық және жұмысшы мамандықтарды таңдаған.
«Жоба бастаған кезде 9-сынып оқушыларының арасынан техникалық мамандықтарға қызығушылық танытқан небәрі 11 жасөспірім болды. Бүгінде түрлі кәсіби бағдарлау шараларының және менторлардың көмегімен бүгінде еңбек мамандықтарын таңдаған жастардың саны 30-ға жетіп отыр. Бұл – жүйелі кәсіби бағдар беру жастардың ой-санасын өзгертіп, болашаққа деген сенім беретінін көрсететін нақты нәтиже», деді Альфия Адиева.
Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы балалар үйлерінен іріктелген 100 жасөспірім кешенді бағдарлама аясында кәсіптік бағдарлау тестілеуінен өтті, мүдделер картасын жасады, еңбек нарығы мен нақты бос жұмыс орындарымен танысты. Сондай-ақ қаржылық және құқықтық сауаттылық, тұлғалық даму бағытында дағдылар қалыптастырды. Әрқайсысына жеке тәлімгер мен куратор бекітіліп, сенімді байланыс орнатылды.
Жастар теорияны тәжірибемен ұштастырып, жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындар мен колледждерге барып, жұмыс орнын көзбен көріп, мамандармен тілдесті. Оқуды аяқтаған барлық бала «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобына жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Жоба аясында кәсіби бағдары ғана емес, өмірлік көзқарасы өзгерген жастың бірі – Шамиль Мехновцев. Павлодардағы балаларды қолдау өңірлік орталығының тәрбиеленушісі техник-механик мамандығына колледжге түсуге бел буып отыр.
«Негізі техникалық мамандықтарға жақынмын. Кәсіпорындарға барғанда мамандармен кездесіп, кәсіптің қыр-сырымен танысуға тырыстым. Бастысы осы бағытты саналы түрде таңдадым. Өзіме ұнайды. Жақсы маман атанғым келеді», дейді болашақ студент.
Ал өскемендік Людмила технолог мамандығын игеріп, шебер атанғысы келеді.
«Алғашында шаштараз болғым келген. Бірақ көп ойланып, үш түрлі мамандықтың арасынан таңдау жасау қиын болды. Соңында жүрегіме жақын технолог мамандығын таңдадым. «Самұрық-Қазына» өзіме ұнайтын мамандықты таңдауға көмектесті. Колледж өкілдері мектепке келіп, мамандықтар туралы айтып, экскурсия ұйымдастырды. Бұл жоба бізге тұрақты болашақ құруға мүмкіндік беріп отыр», дейді ол.
Алдағы жаңа оқу жылында қор бастамашылары колледждермен, кәсіпорындармен келісім жасап, әрбір бала толық қамқорлыққа алынады. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» өңірлік жастар кеңестерінің мүшелері балаларға тәлімгер атанып, кәсіби шеберлікті шыңдауға жәрдемдеседі.
Ұлы Абай «Елді ел, адамды адам ететін тек еңбек» деген. «Samruk Umiti» дәл осы қағиданы басшылыққа алып, жастарды еңбексүйгіштікке, кәсіби дамуға, өз болашағын өз қолымен құруға жетелейді.
Меруерт ШУКУЕВА