
Фото: istockphoto.com
Мемлекет басшысы Жолдауында ұлттық жоба аясында салынған жаңа мектептердің өзіндік басқару жүйесі болуы тиіс деп айтқаны мәлім.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының (ҰБА) вице-президенті Анар Тәңірбергенованың айтуынша, аталған мектептердің оқу бағдарламасы да жүйелі құрастырылады.
«Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы аясында 105 мектептің базасы құрылды. Әр мектеп директоры туралы толық мәліметтер жинақталды. 2024-2025 оқу жылынан бастап «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығымен бірлесіп, жыл бойына әдістемелік қолдау көрсетіліп жатыр. Мектеп жаңадан ашылған кезде оқу жоспарын құру, ұйымдастыру жұмысын үйлестіру сияқты жұмыстар бірден қолға алынды. Қазір бұл процестер жалғасып жатыр», дейді ол.
«Келешек мектептеріне» педагогтерді іріктеу №57 бұйрық негізінде жүргізіледі. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл мектептерге жеке басқару жүйесі енгізіліп жатыр. Соған байланысты мұғалімдерді іріктеу қалай болатыны, мектеп басшыларын қалай тағайындау қажеттігі, бұл мектептердің стратегиялық дамуы қалай жүзеге асатыны әзірленіп жатыр, бұл жөнінде TAMS конференциясында педагогтерге кеңінен таныстырылады.
Педагог мәртебесі туралы заңда көрсетілгендей қалалық болсын, ауылдық болсын, гимназия болсын – әр педагог 3 жылда бір рет біліктілігін мемлекет қаржыландыруымен арттыра алады. Осы тұрғыдан алғанда «Келешек мектептерінің» педагогтері де, қарапайым мектеп мұғалімдері де бірдей негізде оқытылады.
«Келешек мектептерінің» негізгі ерекшеліктері мынадай, онда: төрт спорт залы, кең аулалары, жайлы сыныптары бар, типтік мектептермен салыстырғанда жалпы құрылысы 5-20% көлемдірек. Сондай-ақ IT технологиялары мен стем-зертханалары бар. Ағаш өңдеу, тігін үйірмелері – яғни, ерте кәсіптік бағдар беретін мүмкіндіктер қарастырылған. Ал оқушы орны – 2 000 балаға есептелген.
Айта кеткен жөн, «Келешек мектептерімен» кемінде 3 жыл бойы жұмыс жасалып, аккредитация деңгейіне жеткізіліп, олардың тәжірибесі басқа мектептерге масштабталады. Қазіргі уақытта елімізде 6 800-ден астам мемлекеттік мектеп және 800-дей жекеменшік мектеп бар. Осы мектептерге кезең-кезеңімен «Келешек мектептерінің» тәжірибесі таратылатын болады.
Еске салайық, бұл мектептердің атауы бастапқыда «Жайлы мектеп» деп аталды. Өйткені әуелі инфрақұрылымын дамыту керек болған. Сөйтіп ғимараттары салынып, заманауи жабдықтармен қамтылды. Ал білім сапасын жақсарту кезеңінде «Келешек мектебі» деп аталды.
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау атаудың былай өзгергені дұрыс бағыт деп есептейді.
«Иә, «Жайлы мектеп» – ол тек комфорт, инфрақұрылым, технология. Бірақ келешекке бағытталған мектеп – бұл тек жайлы болумен шектелмеуі керек. Біз келешекте елімізге пайда әкелетін ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Сондықтан жай ғана «комфортта отырғызу» емес, сапалы білім беру, тәрбие беру, күшті мамандарды тарту басты назарда болуы тиіс. Міне, «Келешек мектептері» осындай мазмұнмен ерекшеленуі керек деп ойлаймын. Сондықтан бұл атау да, концепция да өз орнында», дейді депутат.
Сол салынған лабораторияларды, жабдықтарды, медиатекаларды шаң баспай, балалар үшін қолжетімді, ал мұғалімдер тарапынан қолданылып, оқыту үдерісінің бір бөлігіне айналған жағдайда бұл мектептер шын мәнінде «Келешек мектептеріне» айналатыны сөзсіз.