Салық • Бүгін, 14:30

Жезқазғанда өткен көшпелі семинарда жаңа Салық кодексі түсіндірілді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жаңа Салық кодексінің ережелерін түсіндіру жөніндегі жүйелі жұмысы аясында Жезқазған қаласында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановтың қатысуымен көшпелі семинар өтті. Іс-шара «AMANAT» партиясының облыстық филиалы алаңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жезқазғанда өткен көшпелі семинарда жаңа Салық кодексі түсіндірілді

Семинардың мақсаты – кәсіпкерлік қауымдастыққа жаңа Салық кодексінде көзделген салықтық әкімшілендірудегі негізгі өзгерістерді жеткізу, алдағы өзгерістердің мәні мен маңыздылығы және олардың бизнес пен жалпы экономиканың тұрақты дамуына әсері туралы ортақ түсінік қалыптастыру болды.

Ұлытау облысы – тау-кен және металлургия саласының жетекші кәсіпорындары шоғырланған, стратегиялық маңызы жоғары өнеркәсіптік өңір. Kazakhmys корпорациясы мен Жәйрем тау-кен байыту комбинаты сынды ірі салық төлеушілер бюджет кіріс бөлігін қалыптастыруда айтарлықтай рөл атқарады.

Түсіндірмелерді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төраға орынбасары Жәнібек Нұржанов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Әдістеме департаментінің директоры Ораз Абдрахманов жүргізді. Іс-шараның модераторы Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова.

Өз сөздерінде Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері жаңа Салық кодексінде көзделген тұжырымдамалық тәсілдерді жан-жақты таныстырып, қосылған құн салығын әкімшілендіру тәртібін жетілдіру,  корпоративтік табыс салығы мен ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізу, салықтық рәсімдерді цифрландыру және талдамалық құралдарды күшейту, есептілік пен салықтық жеңілдіктер жүйесін оңтайландыру және бейрезиденттер мен жер қойнауын пайдаланушыларды салық салу жүйесін жаңғырту сияқты мәселелерге баса назар аударды.

Талқыланған өзгерістер салық жүйесінің ашықтығын, тиімділігін және әділдігін арттыруға, сондай-ақ мемлекет пен бизнес арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған.

Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерді салық заңнамасындағы өзгерістер туралы хабардар ету және іскерлік қауымдастық өкілдерімен ашық диалогты қамтамасыз ету бойынша жұмыстарын жалғастырады.

Семинар барысында қатысушылар шағын және орта бизнесті қамтитын салық заңнамасындағы негізгі өзгерістерді тереңірек түсінді.

Дифференциалды салық ставкалары, прогрессивті жеке табыс салығы ставкалары, ҚҚС реформасы, «Байлық салығын» енгізу және Салықтық арнайы режимдер мен аванстық төлемдерді өзгерту мәселелері талқыланды.

Шағын және орта бизнеспен кездесу тек пайдалы ақпараттың көзі ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнестің алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылау алаңы болды.

Ұлытау облысы