Экология • 08 Тамыз, 2025

«Таза Қазақстан»: Қарашөкеев Тараздағы жұмысты тексерді

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданының аулаларын аралап, тазалық жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Таза Қазақстан»: Қарашөкеев Тараздағы жұмысты тексерді

Өңір басшысы қала басшысына қоқыс шығаратын мекемелердің жұмысын тұрақты үйлестіру қажеттігін ескертті. Тұрғындармен кездескен Е. Қарашөкеев жергілікті азаматтарды «Таза Қазақстан» акциясына белсенділікпен қатысып, аулаларды таза ұстауға шақырды.

Кейіннен өңір басшысы «М-1» жылу желісін қайта жаңғырту жобасының іске асырылу барысын зерделеп, ұйымға құрылыс жұмысын мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі Абай даңғылы бойында салынып жатқан көпір құрылысының жұмысымен танысты. Ілкімді жоба облыс орталығындағы көлік қозғалысын оңтайландыруға және жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды нысан екенін атап өтті. Қазіргі кезде алып көпір құрылысы жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Мұндағы жұмыс 15 ай мерзімді аяқталуы тиіс.

Аймақ басшысы Тараз қаласы Жібек жолы ауданы аумағына қосылған Түркісіб алқабын аралау барысында облыс орталығына енген 14 елді мекенде шешімін таппаған мәселелердің әлі де бар екенін атап өтті. Сондықтан тұрғындарға бұл түйткілдердің бюджет мүмкіндіктеріне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін түсіндіру қажеттігін ескертті. Сонымен бірге Қойгелді (1,337 км), Комратов (1,468 км) және Лермонтов (1,421 км) көшелерін орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. 

Бұл күні облыс әкімі Тараз қаласында ағын судан зардап шеккен үйлерді аралап, тұрғындармен тілдесті.  Еске сала кетейік, 7 тамыз күні, сағат 20:35 шамасында, «Зербұлақ» көлінде белгісіз тұлағалардың шлюздерді ашуы салдарынан суармалы арнаға көп мөлшерде ағын су келгені анықталды. Нәтижесінде Достоевский бұрылысы, Жуанышев көшесі, Ұлбике ақын көшесі мен 1-бұрылысы, Ниетқалиев пен Бөлтірік шешен көшелерінде орналасқан 30 тұрғын үйдің ауласын, сондай-ақ 2 жертөлені су басқан. Тұрғын үйлердің ішіне су кіргені туралы деректер тіркелген жоқ.

Оқиға орнына дереу 25 адам, 12 арнайы техника мен көлік жұмылдырылды. Әуелі шлюздер жабылып, кейін су ағыны тоқтатылды. Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы әкіміне бұл мәселені толық зерделеуді, зардаптарды жою бойынша нақты және жедел шаралар қабылдауды тапсырды.

Жамбыл облысы.