Абай • Бүгін, 14:35

Семейде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтуде

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысында ақынның 180 жылдық мерейтойына арналған шаралар жалғасуда. Онкүндіктің тоғызыншы күнінде Семейдегі Шәкәрім университетінде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, деп жазады Egemen.kz.

Семейде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтуде

Басқосуға Түркия, Нидерланды, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдерден және Қазақстанның әр өңірінен абайтанушылар, әдебиеттанушылар, философтар мен тарихшылар жиналды.

Конференцияның ашылуында облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мұхтар Әуезовтің немересі, түркітанушы ғалым Зифа-Алуа Мұратқызы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйледі.

Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтылған: «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқының ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге» деген сөзін еске алып, конференцияның мақсаты – ұлы ойшылдың рухани мұрасын терең зерттеу, оны қазіргі заман тұрғысынан пайымдау және Абай ілімінің ұлттық сана қалыптастырудағы, білім мен тәрбиедегі, тұлға дамытудың мәдени-философиялық негізін айқындау екенін атап өтті.

Жиында Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бираз, Нидерландыдан келген түркітанушы Роберт Эрмерс, филология ғылымдарының докторлары Тұрсын Жұртбай мен Арап Еспенбетов және өзге де ғалымдар баяндама жасады.

Конференция аясында 9 жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Солардың қатарында белгілі әдебиеттанушы, Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов құрастырған «Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағы» бар. Сондай-ақ, «Абай» баспасынан мерейтойға орай жарық көрген бірқатар туынды алғаш рет оқырманға ұсынылды. Олардың ішінде ғалым, мәдениеттанушы Базарбек Атығайдың «Абайдың аударма мектебі» монографиясы, «Шейіт» жинағы, Ахат Шәкәрімұлының «Жалынға малған жүрегін» кітабы, Әсет Медеуханұлының «Халиолла» хикаяты, Даниял Ысқақовтың шығармалар жинағы, сондай-ақ Шәкәрім университеті мамандары әзірлеген AR «Қарасөз» кітабы бар.

Бұл туындылар көпшілікке алғаш рет таныстырылып отыр.