
Суретті түсірген – Виктор Федюнин
Бұл жүйелі формат тек саяси ғана емес, сонымен қатар стратегиялық маңызға ие болып, өңірлік дамудың ұзақмерзімді мүмкіндіктерін ашып келеді. Өткен онжылдықтармен салыстырғанда, қазіргі таңда Орталық Азияда интеграциялық үдерістің негізгі параметрлері бойынша консенсус қалыптасып отыр. Бұл ретте саяси ерік-жігер де айқын көрініс тауып келеді. Сонымен қатар өңірлік интеграцияны кең ауқымда ілгерілетуге деген қоғамдық сұраныс та өзекті сипатқа ие болды.
Орталық Азияның бес елі басшылары алғаш рет бір үстел басына 2018 жылы жиналды. Ол кездесу Астанада өтті және ұзақ уақыт бойы саяси әрі басқа да себептерге байланысты шиеленісті қатынастарды қайта жандандыру талпынысы ретінде қабылданды. Кездесуден кездесуге қарай өңірлік өзара іс-қимылдың күн тәртібі кеңейе түсті, ұсынылған бастамалар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың белсенділігін арттыру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ бүкіл өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін жиі қамти бастады.
Алты жыл өткен соң, еліміздің астанасында өткен кезекті ОАМБКК айтарлықтай ілгерілеуді көрсетті: көтерілген мәселелер нақты сипатқа ие болып, диалог прагматикалық арнаға түсті. Егер бастапқы кезеңде Орталық Азия саммиттері сенімнің нышаны ретінде маңызды болса, бүгінде олар нақты нәтижелер беріп отыр.
Орталық Азиядағы саяси ахуалдың сапалы өзгеруіне байланысты өңір елдері біртіндеп ішкі кооперацияның сыртқы әріптестіктерге балама емес, керісінше, олардың қажетті толықтауыш екендігін түсіне бастады. Өңірлік интеграциялық үдерістерді дамыту үш маңызды артықшылықты қамтамасыз етеді:
Біріншіден, экономикалық мүдделерді ұтымды ету. Орталық Азия елдері өздерінің логистикалық бағыттары, энергетикалық жүйелері мен ауыл шаруашылығы бір-біріне бәсекелес емес, қайта бірін-бірі толықтыратынын түсінді. Жаһандық турбуленттілік пен халықаралық қатынастар жүйесінің трансформациясы жағдайында өңір ішіндегі өзара іс-қимыл сыртқы тәуекелдерге төтеп беруге көмектеседі.
Екіншіден, шекараларды қабылдаудың өзгеруі. Он жыл бұрын өңірдің кейбір мемлекеттері арасында кедергілер болған: жабық шекаралар, шектеулі транзит, сауда және шекара маңындағы жанжалдар. Бүгінде керісінше, бірыңғай ортаазиялық «шенген визасы» идеясын талқылау жолға қойылды, бірлескен логистикалық хабтар құрылып, артық протекционистік шаралар жойылып жатыр.
Үшіншіден, Орталық Азияның субъектілігін нығайту. Консультативтік кездесулер елдерге халықаралық аренада ортақ әрі прагматикалық күн тәртібімен шығуға мүмкіндік береді. «Орталық Азия + Еуропалық Одақ», «Орталық Азия + АҚШ», «Орталық Азия + Қытай», «Орталық Азия + Ресей», «Орталық Азия + Оңтүстік Корея» және басқа да форматтар – өңірлік бірегейліктің қалыптасуының көрінісі. Бес мемлекет геосаясатта барған сайын маңызды факторға айналып, өңірлік мүдделерін үйлесімді түрде ілгерілетіп келеді.
Былтырғы тамызда Астанада өткен алтыншы саммит бетбұрысты кезеңге айналды. Алғаш рет Қазақстан тарапы әзірлеген «Орталық Азия – 2040» даму тұжырымдамасы ұсынылды. Онда аймақ елдері өңірлік ынтымақтастыққа жүйелі тәсілмен қарайтынын мәлімдеді.
Президент Қ.Тоқаев өзара тауар айналымын 15 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жөнінде бастама көтерді. Бұл үшін тек саяси ерік-жігер ғана емес, кедендік шығындардан бастап көлік тораптарының жетіспеушілігіне дейінгі кедергілерді жоюға бағытталған практикалық әрекеттерді де талап етеді.
Мемлекетіміздің басшысы өз сөзінде: «Орталық Азия республикалары сыртқы саяси қатынастардың өзіндік прагматикалық стратегиясын қалыптастыра алды, бұл еларалық және өңіраралық мүдделердің тұрақтандырушы тепе-теңдігін қалыптастырып, бізге жаһандық үдерістердің толыққанды қатысушылары болуға мүмкіндік берді», деп атап өтті.
Еліміздің өзара сауданы ұлғайту және экспорт ауқымын кеңейту, тауар өндірушілердің электрондық базасын құру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу, цифрландыру және инфрақұрылымды жаңғырту арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін күшейту бойынша бұған дейін алға қойған бастамалары Орталық Азиядағы көршілерінен қолдау тауып жатыр.
Назар аударарлық ұсыныстардың қатарында Өзбекстанның бастамалары да бар. Атап айтқанда, өңірде еркін сауда аймағын құру, тұрақты сауда-логистикалық тізбектерді қалыптастыру жөніндегі тиісті Бағдарламаны қабылдау, шекара маңы саудасын кеңейту, салалық министрлердің тұрақты кездесулерін өткізу, Орталық Азия мемлекеттерінің Экономикалық кеңесін құру және басқа да ұсыныстар атап өтуге тұрарлық.
Айта кету керек, Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия шеңберінде өңірлік кооперацияны ұйымдастыруға бағытталған кешенді бастамалар ұсынып отыр. Бұл екі елдің жинақтаған экономикалық және қаржылық әлеуетін ескере отырып, олар интеграциялық үдерістердің «өзегіне» айналды.
Бұнда аймақтық ынтымақтастықты қайта іске қосуға, өзара сауда, өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықты ынталандыруға мүдделі Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан биліктерінің күш-жігері мен қолдауы да маңызды.
Жалпы алғанда, қалыптасып келе жатқан ОАМБКК-нің икемді форматы — бұл бюрократиясыз, саяси синергия қағидаты бойынша жұмыс істейтін өңіраралық одақ. Ол өңірді біртіндеп Еуразия картасындағы тұрақтылықтың жаңа аймағына айналдырып, өз дауысы, стратегиясы және мүдделері бар субъект ретінде қалыптасып келеді.
Анық прогреске қарамастан, өңірлік өзара іс-қимылда кедергілер де бар: әділетсіз бәсекелестік элементтері әлі де сақталған, су және энергетикалық ресурстар саласында да мәселелер бар. Соған қарамастан, жалпы бағыт айқындалған, ал Консультативтік кездесулер өзара мүдделерді ескере отырып, прагматизм негізінде уағдаластықтарға қол жеткізудің маңызды алаңына айналды.
Келесі, жетінші Консультативтік кездесуді Ташкент қабылдайды.
ОА-дағы Консультативтік формат өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Ол тек дипломатиялық алаң ғана емес, сонымен қатар геосаяси тұрақсыздық жағдайында стратегиялық жоспарлаудың нақты құралына айналды. Жаһандық үрдістер мен ішкі трансформацияларды ескере отырып, болашақтың өңірлік бірлестіктері тек экономикалық одақтар ғана емес, сонымен қатар ортақ мүдделері, проблемалары мен шешімдері бар қауымдастықтар деп айтуға болады. Осы тұрғыда Орталық Азия республикалары интеграцияны тереңдетіп, тату көршілік қатынастарды нығайта отырып, осы бағытта сенімді түрде ілгерілеп келеді.
Алмат ТОЕКИН,
Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы