
Облыста құрылыспен айналысатын серіктестіктер қатары да артқаны байқалады. Солардың бірі – көп жылдардан бері баспана кезегін күткен мыңдаған адамға қуаныш сыйлаған «Сәт-сервис» компаниясы. Былтыр облыс орталығында аумағы 8,8 мың шаршы метрден асатын «Жайлы мектептің» бірін салған «Сәт-сервис» осы күні салада аты алғашқылар қатарына аталатын серіктестіктер қатарында тұр. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Марат Қасымбеков осындай іргелі ұжымның бір мүшесі екенін мақтан тұтады.
Жоғары оқу орнынан мұнайшы мамандығын алған жас жігіт бастапқыда өңірдегі «қара алтын» өндіретін компаниялардың бірінде еңбек етті. Алты жылдан кейін бұрынғы табысты кәсіпорындағы жұмыс ырғағы іркіліске ұшырай бастады. Өңірдегі мұнай қорының таусылуға таяғаны да бұл жұмыстың келешегін күмәнді ете бастап еді. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан жұмыссыз қалды. Көп ойланбай, құрылысқа адам іздеп жатқан «Сәт-сервис» компаниясына келді. Істі жаңадан келгендердің бәрі басынан өткерген бетон құюдан бастады, тас қалаушы болды. Бұл жұмыста аға әріптесі Бақытжанның көмегі көп тиді.
«Қазіргі жұрттың көзіне «құрылыс» десе бейнетке белшесінен батып жүрген жандар елестей кететіні рас. Әйтсе де, бүгінде жаңа технология бұл салаға да жеткен, жұмыстың ауырын техника атқарады. Осының арқасында ең ауыр іс – бетон құю да бұрынғыдан көп жеңілдеген. Әрине, қай салада да бастапқыда қиналасың. Мен жұмыс істей жүріп, осы мамандыққа қосымша оқып алдым», дейді ол.
Бұл салада жүргендердің бірлігі ерекше екен. Білмегенін үйреткеннен бөлек, қиналып жатсаң әрдайым көмегі дайын тұрады. Тағы бір байқағаны – құрылыста оқуды жаңадан бітіре сала жұртқа билік айтып, басшы болу оңай емес. Әр жұмыста әбден пісіп, істі көзің танитын дәрежеге жеткеніңде ғана ешкім сенің сөзіңді екі ете алмайды. Осы күні прораб қызметін атқарып жүрген Марат та осындай жолдардан өтті.
Қазірде қыстың күні құрылыс салуға қарсылар қатары көп. Бірақ Марат бұл пікірмен келісе қоймайды. Өйткені қазір жылуды қалыпты ұстап тұратын қондырғылар бар. Ешкім де өзінің салған үйінен шикілік шыққанын қаламайды. Қай компания болса да әуелі сапаға мән береді. Оның үстіне техникалық, авторлық қадағалау, тиісті басқармалар мен зертханалар да кемшілікке жол бере қоймайды. Олар салған үйі сынға іліккендерге ақауын қалыпқа келтіртпей тыным таппайды. Адал еңбектің арқасы болар, осы уақытқа дейін бұлар салған құрылысқа кінә артатындар кездеспепті.
Бүгінде жергілікті жігіттерге сенбей, маманды сырт мемлекеттен алдыратындар да кездесіп қалады. Әрине, қалтасындағы қаржысын қайда, қалай жұмсаймын десе де әркімнің еркі біледі. Бірақ Мараттың жаңағыдай пікірдің кең етек алып келе жатқанына қынжылатыны бар. Қазір жұмыс іздеп келген жергілікті 10 жігіттің жетеуі мықты құрылысшыға айналып отыр. Тас қалаудан бөлек, сылау, әрлеуді де меңгерген мамандар көп. Сырттан нәпақа іздеп келгендерді кеудесінен кері итеріп жатқан ешкім жоқ, бірақ құрылысты жергілікті жердің климаттық жағдайын жақсы білетін өзіміздің жігіттер салғаны дұрыс.
«Бұрындары кірпіштен бастап құрылысқа қажетті материалдардың көбін сырттан таситын едік. Қазір солардың көбі өзімізден шығып жатыр. Мысалы, кірпіштің күйдірілгені де, сыртын әрлейтіні де Қызылордада өндіріледі. Жергілікті өндіріс ішкі жұмыстарға арналған гипстер, желімдер, кафельдер де шығарып жатыр. Олардың сапасы да да шетелдік материалдардан бір мысқал да кем емес», дейді ол.
Марат құрылғанына 20 жылға жуықтаған компанияда жұмыс істей жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Былтыр тағы бір үйді уақтылы тапсырып, оның ашылуында облыс әкімінің қолынан марапат алды. Осының бәрі адал іс адамды әрдайым алға шығаратынының айқын дәлелі.
ҚЫЗЫЛОРДА