Маман • Бүгін, 10:40

Маңызы жоғары мамандық

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қолынан іс келетін адамға еңбек нарығында әрдайым орын бар. Технология дамығанымен, адам қолының шеберлігі мен кәсібилігіне сұраныс ешқашан төмендеген емес. Әсіресе табиғатпен етене жақын мамандық иелері қай заманда да маңызын жоғалтпайды, керісінше, уақыт өткен сайын жаңа деңгейге көтеріле бермек. Биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында кәсіби-техникалық білім беруге және жұмысшы кадрлар даярлауға ерекше мән беріліп отыр. Бұған Астанадағы Сервис және туризм колледжіне барғанымызда анық көз жеткіздік.

Маңызы жоғары мамандық

Колледж ауласына енген бет­те-ақ жайқалған жасыл желекке көз сүйсініп, көңіл мейірленді. Жол жиегіндегі әсем гүлдер, анау бір жер­­де­гі жылыжай, ғимарат жанындағы бітімі бөлек ағаштар, расымен, жаныңды шуаққа бө­лейді. Флористика мамандығын оқытатын Астанадағы жалғыз колледждің кере­метін осы­лай ауласынан-ақ аңғардық. Дәл қазір оқуға құжат тапсыру уақыты жүріп жатқан­дықтан, Қабылдау қомиссияның жауапты хатшысы Камила Анапияқызымен жолығып, студенттердің осы флористика мамандығына деген қызығушылығын білгіміз келді.

«Флористика» мамандығы бойынша алғашқы студенттер 2024 жылы қабылданып, бүгінде 10 студент білім алып жатыр. Жаңа оқу жылына 25 студент қабылдау жоспарланып отыр. Оның ішінде 10 студент ерекше білім беруді қажет етеді. Болашақ флорис­тер 2 жыл 10 ай бойы колледж базасындағы зертханаларда және біздің әлеуметтік серіктестер қол­дауымен тәжірибеден өтеді. Бұл мамандықты таңдаған талап­керлердің биология, математика және оқыту тіліне байланысты қазақ және орыс тілінің орташа бағасы есептеледі. Сонымен қатар сұхбаттасу жүргізіледі. Біз 9-сыныпты бітірген талапкер­лерді қабылдаймыз, олар оқуға түскен жағдайда мемлекет­тік грант есебінен білім алады. Оқу ордасында осыған ұқсас ландшафтық дизайн, орман шаруашылығы мамандықтары да оқытылады. Жалпы, бүгінде бұл мамандықтар бойынша 60 студент білім алып жатыр», дейді Камила Анапияқызы.

Иә, көпшілік флорист десе тек гүл шоқтарын қиып-кесіп, әдемі букет жасайтын маманды елестетеді. Шын мәнінде, бұл мамандық тек гүлдермен жұмыс істеуді ғана емес, сонымен қатар шығармашылық, эстетика және сервис саласындағы білім мен дағдыны қажет етеді. Нәзік гүлдердің күтіміне үлкен ықтияттылық керек. Колледж директорының міндетін атқарушы Гауһар Рамазанованың айтуынша, осы оқу орнында флористика мамандығына үйрететін арнайы білікті оқытушылар бар.

«Жас мамандарға нидерландтық «Flower Circus» компаниясы шеберлік сабағын өткізіп тұрады. Оқытушыларымыз Ресей­дің Татарстан аймағында «Флористика» мамандығы бо­йынша халықаралық тағылымдамадан өткен. Одан бөлек, колледж «Romantic» гүлдер орталығы, «ҚазФлор» гүл дүкенімен және орман шаруашылығы мамандығы бойынша «Астана-Зеленстрой», «Жасыл аймақ» сияқты компаниялармен тығыз жұмыс істейді. Осы байланыстың нәтижесін студенттеріміз қазірдің өзінде көрсетіп, дәлелдеп жатыр. Мәселен, биыл колледж түлегі Ержан Балтабай рес­пуб­ликалық «EuroSkills Herning» 2025» бай­қауының іріктеу кезеңінде жеңіске жетіп, Нидерландтағы конкурсқа жолдама ұтып алды. Одан бөлек, биыл Астанада өткен «Жұмысшы мамандықтары» фестивалінде студенттеріміз ландшафтық жобаларды таныстырып, эстетикалық элементтерді орналас­­тыру бойынша шеберлік сағаттарын өткізді», дейді Гауһар Рамазанова.

Колледждің «Флористика», «Ландшафт дизайны», «Оранжерия», «Гидропоника» зертханаларын аралау барысында түрлі жайтқа қанық болдық. Студенттер «Сарыгүл», «Арыстан ауыз гүлі», «Қызылгүл», «Әйел бақыты» сияқты түр-түрлі гүлді өздері егіп, өсірген екен. Тіпті осылардың кейбірін будандастырып, жаңа сорттар шығарыпты. Қураған гүлдердің де күлтесін тастамай, оларды кептіріп, түрлі бұйым жасап, қалдыққа екінші өмір сыйлағандарына да көз жеткізіп, таңдай қақтық.

Орман шаруашылығы мамандығының бөлім меңгерушісі Алуа Темірбекованың айтуынша, колледж аумағында жылыжай орналасқан. Онда орман шаруашылығы бойын­ша білім алатын студенттер көкөністер мен жидектерді күтіп баптайды.

«Жылыжайымызда түрлі жемістер мен көкөністер өсіріледі. Оларды студенттер оқытушыларымен бірігіп, күтіп-баптайды. «Бақшадан – дастарқанға» жобасы аясында қазір Қызылорда өңірінде кеңінен таралған «Әміре» қауыны өсіріліп жатыр. Оның салмағы 15 килоға дейін жетеді. Айта кетейік, республика бойынша ландшафтық дизайн, орман шаруашылығы, флорис­тика мамандықтарының «WorldSkills» жарыс­тары осы колледждің базасында ұйымдас­тырылады», деді Алуа Темірбекова.

Шыны керек, қоғамда флористика тек әйелдер айналысатын мамандық деген қате түсінік бар. Ал шын мәнінде нағыз наубайшылар мен мықты аспаздар, креативті дизайнерлер ерлерден шығатыны секілді, фантазиясы бөлек флористтердің де қатарын ер азаматтар толтыратыны белгілі. Оған осы оқу орнының биылғы түлегі Ержан Балтабай анық мысал бола алады. Ол қазір шетелде өтетін сайысқа қызу дайындық үстінде.

«Флористика – бұл тек гүлдермен жұмыс емес, бұл – айналаға эмоция сыйлап, сұлулықты жеткізу өнері. Иә, мен бұл мамандықты жұмыс деп емес, өнер деп түсінемін. Осы саланы таңдаған себебім де сол, табиғат тамашаларын үйлестіре отырып, адамдарға қуаныш сыйлағым келеді. Дәл қазір Нидерландта өтетін «EuroSkills» жарысына дайындық өте қарқынды жүріп жатыр. Күн сайын флористика бойынша түрлі техниканы қайталап, күрделі композициялар жасаумен айналысамын. Әсіресе шығармашылық ойлау қабілетімді шыңдап жатырмын. Өйткені флористика шеберлікті ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік пен үлкен ыждағаттылықты, байқампаздықты талап етеді», дейді Е.Балтабай.

Расымен, флорист маманы – өмірлік маңызы бар кәсіп иесі. Бұл колледжден тек гүл­дердің хош иісі ғана емес, еңбектің, ізденістің, шығармашылықтың иісі сезіледі. Осындай заманауи білім мен практиканы ұштастырған оқу орны ертеңгі күні елдің сәнін кіргізетін флорист мамандарын тәрбиелеп отыр. Олар қазірдің өндірісте, халықаралық деңгейде өз орындарын тауып, кәсіптерін дөңгелетіп жүр.