Қоғам • Бүгін, 17:18

АЭС құрылысының алғашқы қадамы басталды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атом энергиясы жөніндегі агеттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бүгін Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасының құрылысына бағытталған инженерлік-іздестіру жұмыстары басталғанын жариялады. Үлкен ауылында өтіп жатқан іс-шараға агенттіктің шетелдік серіктестері, отандық ғалым-мамандар, Алматы қаласындағы MEPhI филиалының студенттері, болашақ атом саласы инженерлері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты.

АЭС құрылысының алғашқы қадамы басталды

Фото: ehonews.kz

Бүгінгі салтанатты шара инженерлік-іздестіру жұмыстарының басталуы – Қазақстанда атом электр стансасын салу жолындағы негізгі дайындық кезеңі, оған нақты учаске мен қондырғының конфигурациясын таңдау ғана емес, сонымен қатар бүкіл жобаның қауіпсіздігі, сенімділігі және экономикалық тиімділігі де байланысты.

«Қадірлі ағайын, құрметті әріптестер, достар, шетелдік серіктестер! Бүгін біз «Росатом» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасының құрылысына бағытталған инженерлік-іздестіру жұмыстарын бастап отырмыз. Бұл кезең – жоба үшін аса маңызды, себебі ол болашақ стансаны орналастыруға ең қолайлы алаңды анықтап, кейінгі жобалау жұмыстары үшін қажетті инженерлік және геологиялық деректерді жинауға негіз болады», деді қуанышын жасыра алмаған Алмасадам Сәтқалиев.

АЭС құрылысының жобасы халықтың кең қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылғы республикалық референдумда ел халқының 70 пайыздан астамы бұл бастаманы қолдаған болатын. Әсіресе, Үлкен ауылындағы тұрғындардың 97 пайызы қатысып, олардың 90 пайызға жуығы «жақтап» шықты. Бұл жобаға үлкен қоғамдық мандат берді.

«Құрметті Үлкен тұрғындары! Үлкен – еліміздің ғылыми, технологиялық және адами капиталы дамитын орталыққа айналып жатыр. Жобаға инвестициялардың жалпы көлемі 14-15 миллиард долларға жуық сомманы құрайды. Сонымен қатар, қосымша 1 миллиард доллар әлеуметтік нысандар мен заманауи инфрақұрылымның құрылысына бөлінбек», деді қош хабарды жеткізген агенттік төрағасы.

Оның айтуынша жобада отандық кәсіпорындар мен зерттеу ұйымдарының белсенді қатысуына үлкен мән беріледі. Бұл жергілікті өндірісті жаңа деңгейге шығаруға, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға, ал ядролық ғылымды – жаһандық стандарттарға сай дамытуға мүмкіндік тудырады.

«Іс-шараға Алматы қаласындағы MEPhI филиалының студенттері, болашақ атом саласы инженерлері қатысып отыр. Бұл символдық. Жоба қазірдің өзінде елімізде ғылым-білім мен инженерлік мектептің дамуына серпін беруде. АЭС жобасын жүзеге асырудың арқасында еліміз мамандардың жаңа буынын, ғылыми-зерттеу базасының дамуын, білім беру мен технологиялық серпіліске мүмкіндіктер алады», деп сөзін жалғады Алмасадам Сәтқалиев.

Атом электр стансасы – атом өнеркәсібін дамытудың, индустриялық-инновациялық прогрес пен ұзақ мерзімді экономикалық өсудің негізгі драйверіне айналатын стратегиялық жоба. Сондықтан ғаламат жобаның жұмысы басталған күнді алты алашқа ақ түйенің қарны жарылған күн деп алақайлауға да болады.