Абай • Бүгін, 10:10

Ұлттық жаңғырудың темірқазығы

60 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Абай – ұлттық және әлемдік мәдениеттің ұстыны, қоғамның моральдық-этикалық кодексінің негізін қалаушы. Сон­дықтан биылғы мерейтойдың маңызы – ой толғау мен тағылым алу, ғылыми ізденіс, тәжірибе қорыту. Абай шығармашылығын, оның адамгерші­лік идея­сын жастар мен әлемдік аудиторияға таныстыру – стратегиялық міндетіміз болуы керек.

Ұлттық жаңғырудың темірқазығы

Ұлттың болашағы оның зият­кер­лік әлеуетіне байланыс­ты. Бұл – уақыт сынынан өткен аксиома. Қай халық өз ұрпағын парасатты, білімді, еңбекқор, әділетшіл етіп тәрбиелесе, сол ұлт жаһандық үдерістен орнын ойып тұрып ала алады. Бұл бағыттағы стратегиялық міндетіміз Абайдың философиясына біз тек рухани мұра ретінде ғана қарамай, ұлы ойшылдың ұстанымдарын ұлттың тірегі деп қабылдағанымыз дұрыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» мақалаларында Абай – ұлттық санаға бағыт беруші, қоғамдық жаңғырудың ком­пасы ретінде ұсыныла келе, біздің мін­детіміз – Абайдың ой-өресін, ғылыми көз­қарасын Қазақстанды құру жолында тиім­ді пайдаланғанымыз ләзім. Абай – зият­кер ұлттың негізін қалаушы деген пікір білдіреді. Абайдың туындылары – адамзат баласына ортақ рухани байлық. Ақын шығармаларында терең өмірлік философия ғана емес, жеке тұлғаны тәрбиелеудің үлгісі жатыр. Ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» сынды өлеңдері мен қарасөздері бүгінгі ұрпақ үшін ең өзекті тәрбие құралына айналып отыр. Абай зияткерлік дамудың негізі ретінде ғылым мен білімге құштарлықты, ақыл мен еңбекке адалдықты, ар-ождан мен ұятты, өзіңе де, өзгеге де әділ болуды талап етеді. Ойшылдың «Адам болам десеңіз...» деп бас­талатын өлең жолдары – бұл күнде әрбір жас қазақстандықтың өмірлік ұраны болуы тиіс. Абай мұрасын оқу, білу – бұл тек еске алу, мадақтау емес, оны нақты өмірде іске асыру мақсаты көзделуі керек. 2025 жылы қазақ халқы үшін Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуын атап өту – ұлттық сананы жаңғырту үшін маңызды кезең. Абай – ұлттық жаңғырудың темірқазығы, қоғамның моральдық-этикалық кодексінің негізін қалаушы, ол әлемдік мәдениетке ұлттық құндылықтарды ұсынды. Сон­дықтан да мерейтойды өткізу кезінде тойдың маңызы – мерекелеу емес, ой толғау мен тағылым алу, ғылыми әрі тәр­биелік деңгейде болғаны маңызды. Абай шығармашылығын, оның адамгерші­лік идеясын жастар мен халықаралық аудиторияға таныстыру – стратегиялық міндет болмақ. Президент Абайды заманауи мемлекеттің рухани тірегі ретінде ұсынумен қатар, оны ұлттық стратегия деңгейіне көтеру қажеттігін де алға тартты. Абай тек әдеби немесе философия­лық тұлға емес, ұлттың моральдық кодек­сін жасаған реформатор. Осы орайда, Абай шығармаларында айтылған терең фило­со­фиялық ойлар, әсіресе «Толық адам» ілімі бүгінгі заманда да өзектілігін жоғалт­қан жоқ. Жаһандану дәуірінде адам­зат құндылықтары жаңаша пайымдалып жатқан кезде Абайдың адам болу, адал еңбек ету, ғылым үйрену, әділет пен шындықты ту ету секілді идеялары – жаңғыру жолының темірқазығы болуға әбден лайық. Ақынның отыз сегізінші қарасөзінде «адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген тұжырымы – ұлттық педагогиканың, адам тәрбиесінің іргетасы. Зияткер ұлт – тарихи жадыны сақтаған, рухани тамырынан нәр алған, сонымен бірге жаһандық даму үдерісіне бейімделе алатын ұлт. Мұндай ұлтты қалыптастыру үшін бізге Абай ілімі ауадай қажет. Осы жолда жоғарыда аталған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақала бізге бағыт-бағдар беріп отыр. Ендігі міндет сол бағытты берік ұстанып, Абайды ұлттың ұлы ұстазына айналдыра білу. Абай арқылы біз өзімізді танимыз, әлемді түсінеміз, болашаққа жол саламыз. Зияткер ұлтты қалыптастырудың басты шарты – ұлттық болмысымыздан ажырамай, жаһандық мәдени және технологиялық дамумен үндестікте болу. Абай осы қос бағыттың да алтын көпірі.

Осы ретте, Абай мұрасын терең танып, оны заманауи санаға бейімдеу – ұлттық жаңғыру бағытының өзегі: «Абайдың идеялары – ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға негіз болатын темірқазық», ойшылдың еңбектерін ұлттықдаму стратегиясымен сабақтас­тыру қажет. Бұл бағытта Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан құрылған «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты бірнеше жылдан бері ғылыми-практикалық жобалармен айналысып келеді. Ондағы мақсат Абай мұрасын жүйелі зерттеу, ұлттың рухани-ғылыми кеңістігіне интеграциялау мен заманауи ғылыммен ұштастыру. Сол арқылы Абайдың идея­ларын бүгінгі ұрпақ санасына қазіргі заманның тілімен жеткізу. Бүгінде Абай академиясы Абай шығармаларын ғылыми-академиялық негізде зерттеу; ойшылдың мұрасын қазіргі қоғамдық-гуманитарлық бағыттарға бейімдеу; қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, философия салалары бойынша абайтану мектептерін қалыптастыру; шетелдік аудиторияға Абай мұрасын насихаттау; Абайды басқа да ғылым салалары тоғысында цифрлық гуманитаризм мен психоаналитикалық зерттеу жұмыстарын атқарып келеді. Нәтижесінде, академия аясында кең ауқымды зерттеу, жобалар, ғылыми еңбектер жарық көрді. Ең алдымен білім беру жүйесіне бағытталған іргелі жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, 2020–2024 жылдар аралығында отандық ғалымдар мен абайтанушылардың жаңа ғылыми-зерттеу бағыттары мен тың ізденістері нәтижесінде 15 сериялы бағыт бойынша 90 ғылыми-танымдық еңбек жарық көрді. Академия жұмысына еліміздің абайтанушылары – профессор Тұрсын Жұртбай, академик Ғарифолла Есім, Анар Салқынбай, академик Дихан Қамзабекұлы, Жандос Әубәкір, тағы да басқа белгілі ғалымдар жұмылдырылды. Ұлы ойшылдың еңбектерін ғылыми-теориялық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ қолданбалы гуманитарлық ғылым аясында зерделеуге ден қойылды.

Тағы бір маңызды ой: «Абай – шынайы гуманист. Ол – рухани реформатор. Біз оның адамгершілік қағидаларын, әділетке негізделген көзқарасын күнделікті өмірімізге сіңіруіміз керек».

Мәселен, қазіргі ақпарат тасқыны мен моральдық құндылықтардың өзгеріске түскен кезеңінде бізге Абай ұсынған рухани иммунитет ауадай қажет. Әсіресе жас буынның ішкі әлемін, танымын, жауапкершілігін қалыптастыру үшін Абайдың дүниетанымы – ең сенімді тірек. Бүгінде жастар Абайды тек өткеннің классигі емес, өз заманының адамы ретінде танып келеді. Бұл – біздің ғылыми қызметіміздің нәтижесі деуге толық негіз бар. Жастармен жұмыс істеудің жаңа формалары, әсіресе әлеуметтік желі мен цифрлық контент арқылы Абай идея­ларын жеткізу – заман талабына сай әдіс. Сонымен қатар бүгінгі ғылымда «моральдық интеллект», «жеке тұлғалық кемелдік» деп аталатын түсініктерді Абай сол заманның өзінде нақтылап кеткен. Ақынның айтуынша, адам болу үшін тек ақыл жеткіліксіз. Адамды толық ететін – ар, намыс, ұят, әділет, еңбек. Міне, осы мәселелер де қазіргі күнгі өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Осы бағытта да ақын өлеңдері мен қарасөздерін заман талабына сай қайта түсіндіру жұмыстары да атқарылып жатыр. Абай­дың «толық адам» тұжырымдамасы, адал еңбек, терең білім, әділетке сүйенген адамдық парасат туралы идеялары – бүгінгі зияткер ұлт қалыптастыруға арналған бағдар. Абай – ұлт рухының тірегі, сананың жаңғыртушысы. Осы ұстаным негізінде алдағы уақытта Абай мұрасын жаңа ғылыми-зерттеу әдістері негізінде саралау, зияткер ұрпақ санасына ақын тағылымын сіңіру жолында біршама жұмыстар атқарыла бермек. Аталған бағытта Абайдың тұлғалық айналасын кеңірек зерттеу, жаңа технологиялық әдістерді енгізу (цифрлық гуманитаризм, мультимедиа); Абай іліміне негізделген курстар, мұғалімдерге арналған семинарлар, мемлекеттік қызметкерлерге арналған онлайн оқыту бағдарламаларын кеңейту; абайтанудың ағылшын және басқа шет тілдеріндегі журналдарын ашып, халықаралық дискурста қатысу мүмкіндігін арттыру; Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мен басқа университеттер арасында абайтану бойынша ғылыми серіктестік платформаларын құру жұмыстары жоспарланып отыр.

Қорыта айтқанда, Абай шығармалары – ұлттық жаңғырудың темірқазығы. Оны бүгінгі білім беру, тәрбие, ғылым жүйесінің өзегіне айналдыру – уақыт талабы. Біз сол бағытта нақты ғылыми жұмыстар атқарып келеміз. Ұлтты өсіре­тін де, өркендететін де – ақыл мен адамгер­шілікке сүйенген ұрпақ. Абай бізге соны өсиет етті. Ендеше, Абайды оқу – өзімізді тәрбиелеу. Яғни Абайды тану – өзіңді тану. Абайды ұғыну – ұлтты ұлықтау. Біздің Еуразия ұлттық университетіндегі Абай академия­сы атқарып отырған жұмыс – бұл жеке ғылыми жобадан әлдеқайда үлкен, бұл – ұлттық идеяның ғылыми негізі.

Ұлы ақынның «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген ұлағатты сөзі – бүгінгі әр қазақтың, әр жастың өмірлік ұстанымына айналуға тиіс. Біз әрқашан ұлы тұлғаны ғылыми биіктен танып, оның мұрасын ұлт игілігіне айналдыру ісін жалғастыра береміз.

 

Ерлан Сыдықов,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, академик