Қоғам • Бүгін, 07:55

Киік етін кәдеге асырады

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде еселеп көбейген киік санын реттеу жұмысы шілде айынан басталды. Қазіргі мәліметке қарағанда, желтоқсан айына дейін Бетпақдала популяциясынан 290 мың, Орал ­популяциясынан 460 мың бас киік ауланбақ.

Киік етін кәдеге асырады

Жалпы, киік етін тағамға пайдалану «Стандарттау туралы», «Тамақ қауіпсіздігі туралы» заңдарға, «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО 034/2013 техникалық регламентіне сәйкес келеді. Киіктің балғын етінің стандарты сонау Қазақ КСР-і кезеңінен келе жатса, 2023 жылы Қостанай облысындағы ет комбинаты киік етін қалбырға салып бұқтырудың өндірістік тәжірибесін жасаған екен. Жақында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жас ғалымдары киік етінен шұжық жасаудың технологиясын ойлап тапты.

Жағымды жаңалықты универ­ситеттің ғылым жөніндегі прорек­торы Әлжан Шәмшідіннен естідік. Содан соң Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың доценті, техника ғылымдарының кандидаты, «Тағам қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі Аян Оразовтың шағын зертханасына жолымыз түсті.

Киік етінің азықтық құнды­лы­ғы бұрыннан белгілі. Деген­мен өндірістік жағдайда өңдеу үшін бұл үрдіс әбден зерттеліп, сараптамадан өтуге тиіс. Жалпы, ветеринарлық-санитарлық сараптама қорытындысы бойын­ша киік еті күнделікті азық есе­бінде тұтынуға жарамды екені дәлелденген.

– Киік еті санитарлық-гигие­налық талаптарға сай, оның құра­мында патогенді микроағзалар жоқ, денсаулыққа залалын тигіз­бей­ді. Қосымша зерттеулер киік етін сақ­тау, өңдеу кезінде оның жақсы сақталатынын растады, яғни тамақ өнеркәсібіне пайдалануға болады. Құрамын нақты талдасақ, 100 грамм өнімде 21,2 грамм ақуыз, 13,7 грамм май бар, калориялық құндылы­ғы – 208 ккал. Зерттеулер көрсет­кен­дей, киік етінің органолептика­лық, құнды тағамдық қасиеті жоғары, – дейді Аян Оразов.

Университет ғалымдары биыл киік етінен шұжық жасау ісіне кіріскен. Ол үшін университет жанындағы арнайы питомникте бағылып жатқан бірнеше киікті сойып, етін ветеринарлық тексеруден өткізген. Осы іске тікелей араласып жүрген тағы бір ғалым, университет оқытушысы, магистр Айдана Бекбосынова киік етінің құрамында дәрумендер мен минералдар жеткілікті, еттің дәмі мен иісі жағымды екенін, ақуызының көп, майы аз болғандықтан нағыз диеталық өнім ретінде тұтынуға болатынын айтады. Қысқасы, киік етін еліміздің тамақ өнеркәсібінде пайдалануға әбден болады дейді мамандар.

Бүгінде оралдық ғалымдар киік етінен шұжықтың екі түрін – сервелат және краков сортын жасап шыққан. Киік еті негізінен майсыз, қаракесек болғандықтан, шұжыққа 30% көлемінде қаз бен үйрек етін қосуға тура келген. Бір айта кетерлігі, бұл құстар да университеттің өзінде, қосалқы шаруашылықта өсіріліп жатыр. Түрлі тәжірибеден кейін пайда болған қос шұжықтың дәмін біз де татып көрдік, кәдімгі шұжық цехынан шыққан өнімнен айыру қиын.

– Киік жабайы жануар бол­ған­дықтан, оның етін микро­био­логия­лық сараптамадан өткі­­зіп, әбден тексереміз. Өнім құра­мында ра­дионуклид, ауыр метал­дар бар-жоғын анықтаймыз. Қауіп­­сіз екендігіне әбден көзіміз жет­кен соң ғана тағам ретінде қол­да­нуға кірісеміз, – дейді Аян Жарылқасынұлы.

Қазір БҚАТУ ғалымдары өздері шығарған өнімнің құжаттарын реттеп, тиісті мемлекеттік мекемелерге ұсынып, ғылыми жаңа­лық ретінде патент алуға әзірленіп жатыр. Ғалымдардың киік етін та­ғамға пайдалану бағытында жер­гілікті зертханада жүргізген барлық тәжірибе нәтижелері халықаралық ғылыми басылымдарда жарық көрмек.

Көз алдымызда бірнеше шұ­жықты жасап көрсеткен А.Бек­босынова киік етінен тартылған еттің сөлі көп болатынын, шұжық­қа тек қана табиғи қоспалар пай­дала­ныл­ғанын, ішекке салынған қоспа 70 градустық арнайы пеште 2-3 сағат қақталатынын айтты. Мұндай жолмен дайындалған шұжық тоңазытқышта екі аптадай ғана сақтауға жарамды екен. «Химиялық қоспасы жоқ, таза табиғи өнім осындай болады», дейді Айдана.

Тиісті құжаттары алынып жатса, экологиялық таза әрі арзан киік етін өндірістік көлемде өңдеп, дүкен сөресіне жеткізудің алғы­шартын жасаған ғалымдардың еңбегі бағалануға лайық.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың айтуынша, биыл көктемде облыста 2,3 миллион киік есепке алынған. Бұл – киіктің төлдеу маусымына дейінгі саны. Жануар жыл сайын 30-40%-ға көбейетінін ескерсек, бүгінде Ақ­жайық өңірін­дегі киік саны 4 млн басқа жетіп қалған болуы мүмкін.

 

Батыс Қазақстан облысы