
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Бұл депутаттық кезең – менің Парламенттегі екінші шақырылымым. Бұған дейін жетінші шақырылымда Қазақстан халқы Ассамблеясынан тағайындалған депутат ретінде қызмет етсем, қазіргі сегізінші шақырылымда «Amanat» партиясының атынан сайланып, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі ретінде еліміздің заң шығару үдерісіне белсене араласып келемін.
Осы уақытқа дейін Ұлттық құрылтай отырысында көтерілген мәселе, Мемлекет басшысының Жолдауларында белгіленген басты міндет сессия жұмысына серпін беріп, заң шығару қызметіне тың қарқын қосты. Әрі Парламент жұмысын қоғамдағы ең өзекті түйткілге бағыттап жүр.
Мәселен, «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қоғамның сұранысын ескерген, уақыт талабы туғызған маңызды құжат болды. Бұл заң тек әйелдердің ғана емес, барлық отбасы мүшесінің, соның ішінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасы 2020 жылдан бастап қаралып, бірнеше жыл бойы түрлі талқылаудан өтті. Қазір нақты іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнама да жаңартылып, «Масс-медиа туралы» заң қабылданды. Оның аясында интернет-ресурстар медиа саласына енгізіліп, бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізу үшін ұлттық медиа платформа құрылды. Журналистерді аккредитациялау рәсімі жеңілдетіліп, мемлекеттік емес БАҚ-ты гранттық қаржыландыру тетіктері енгізілді.
Президент бастамасымен қолға алынған және қоғамда үлкен қолдауға ие болған маңызды құжат – Ұлттық қордан балаларға қаржы аударуға жол ашқан заң. Нәтижесінде, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың жеке жинақ шоттарына аударылады.
Бұған қоса «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды. Оның негізінде былтырдан бастап азаматтар ресми түрде өз ұсыныстары мен бастамаларын петиция арқылы жолдай алатын мүмкіндікке ие болды. Бұл – азаматтық қоғамды дамыту жолындағы маңызды қадам.
Тағы бір өзекті мәселе – құмар ойындарға тәуелділікпен күрес. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, құжат аясында азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулер белгіленді. Заңмен ойынқұмарлыққа тәуелділік деңгейін төмендетуге, әлеуметтік осал топтарды қорғауға және ойын бизнесін ұйымдастырушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған нормалар енгізілді.
Есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған заң жобасы аясында табанды жұмыс жүргізілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң есірткі өндірісі үшін ғана емес, осы қылмыстық әрекет үшін лауазымды адамдардың да жауапкершілігін едәуір қатаңдатты. Енді бұл қылмысқа қатысы бар тұлғалар мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Заңда есірткіні жасырын орналастырушылардың жазасы аздап жұмсартылды. Мәселен, алғаш рет мұндай қылмыс жасағаны үшін қылмысын ауырлататын мән-жайлар болмаса, мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген (бұрын мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыратын). Жаза аталған қылмысқа тартылатындардың, яғни есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан жұмсартылды. Олардың есірткіні өздері дайындамайтыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылардың қылмыстық тұзағына түсетіндігі ескерілді. Алайда қылмыстық әрекетті бірнеше рет қайталаса, оны мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза күтеді. Осылайша, біз ел Президентінің тапсырмаларына сәйкес мәселені жан-жақты қарастырдық.
Ішкі істер органдарының қызметін бюрократиядан арылту бағытында да бірқатар түзету қарастырылды. Бұл өзгерістер құқық қорғау саласының тиімділігін арттыруды көздейді.
Сондай-ақ кейбір заңнамалық актілерге астананың және республикалық маңызы бар қалалардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, заң жобасын қарастырдық. Оның негізінде қала мәртебесін айқындап қана қоймай, материалдық-техникалық базасын нығайту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, Президенттің сайлауалды бағдарламасында қамтылған бастамалардың негізгі бөлігі осы сессия барысында жүзеге асырылды. Бұл жұмыс – ел дамуы мен азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі әрі кешенді іс-шаралар. Сондықтан қабылданған шешімдер кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, әр мәселе нақты, байыппен шешіледі. Алдағы уақытта да қоғамдағы түйткілдердің түйінін тарқатуға, азаматтардың мүддесін қорғауға бар күш-жігерімізді жұмсап, миссияны адал атқаруды жалғастырамыз.
Наталья ДЕМЕНТЬЕВА,
Мәжіліс депутаты