
Сурет: baq.kz
Бастапқыда Тараз, Шымкент және Түркістанда қанатқақты жоба ретінде іске қосылады деп жоспарланған жүйе Таразда сәтімен жүзеге асты деуге толық негіз бар. Жүйенің артықшылығы – баланы балабақшаға тіркеу, жолдама алу мүмкіндігі.
Ата-ана ваучерлық қаржыландыру жүйесіне қосылу арқылы балабақшаны өз қалауымен таңдау мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттырады. Өйткені жұмыс жүйесі көңіл көншітпейтін балабақшалар өздігінен жабылады.
«Ілгеріде ұзын-сонар кезекке тұрудан қажып жүретінбіз. Одан әбден зәрезап болған соң, бала дүние дидарын көргеннен бастап кезекке жазыла бастадық қой. Ол жұмыстың машақаты көп еді. Тіркелу үшін түрлі мекемені жағалап, табан тоздыратынбыз. Қазір сол жүйенің түпкілікті жойылып жатқаны көңіл қуантады.
Расында да ваучер жүйесі – ата-ана үшін тиімді. Баланы тіркеу бірер минут қана уақытыңды алады. Мәселен, таңғы уақытта тіркелсең, кешқұрым ваучерлық беріледі. Уақыттан ұтылмайсың», дейді жаңа жобаның шарапатын көрген ата-ананың бірі Арайлым Оспанова.
Расында да бастапқыда Таразда бастау алған жоба жергілікті халықтың көңілінен шыққан секілді. Өйткені олар білім бөлімі секілді мекемелерге ағылып, табан тоздырмайды.
Indigo ақпараттық жүйесі арқылы балабақша таңдауды жүзеге асырады. Олар тізімде көрсетілген балабақшаның бірін таңдайды. Шынында да, жаңа жобаның жергілікті халық үшін өте тиімді екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар. Өйткені ата-аналар ваучер болу арқылы жұмыстың едеәуір жеңілдегенін алға тартып отыр.
Жоғарыда айтқанымыздай, ваучерлік қаржыландыру қанатқақты жоба ретінде өткен жылы Таразда жүзеге асырылды. Дерекке сүйенсек, мұнда 25 мың бала балабақша табалдырығын аттаған. Балдырғандардың мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етілуіне қазынадан 18 млрд теңге қаражат қарастырылыпты. Ата-ана бұл қаржының мақсатты жұмсалуын да қадағалай алады екен. Тек ваучер ретінде тіркелуге берілетін үш мүмкіндікті уыстан шығарып алмаса болғаны.
«Жаңа жоба іске асырылғалы балабақшалар ата-ананың таңдауына таласатыны белгілі. Бұл өз кезегінде жұмыс сапасын, өнімділігін арттыруға айтарлықтай сеп болады. Бәсеке бар жерде дамудың болатыны қалыпты жағдай ғой. Тәрбиешілер, педагог мамандар өздеріне келген балаларды басқа балабақшаға жібермеу үшін тырысады, жанталасады. Соның арқасында біліктілігін ұдайы жетілдіріп отырады. Бұл шын мәнінде адал бәсекелестікті қалыптастыратыны анық. Жаңа жоба бұқара халық үшін сонысымен де тиімді болып отырғаны даусыз», дейді «Толағай» балабақшасының басшысы Гауһар Күзенбаева.
Ваучерлық қаржыландыру жүйесіне қосылған ата-ана өз мүмкіндігіне мұқият болғаны абзал. Ол өзіне тиесілі үш мүмкіндікті өткізіп алса, база оны автоматты түрде кезектің соңына түсіріп жібереді екен. Жаңа жоба қолға алынғалы Тараздан кейін Шымкент, Орал және Астана қалалары ваучерлық қаржыландыру жүйесіне қосылып үлгеріпті. Атқарылған жүйелі жұмыс нәтижесінде балабақша кезегі 44 пайызға қысқарған көрінеді.
Оқу-ағарту министрлігі ваучерлық қаржыландыру жүйесі осы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірінде іске қосылатынын растап отыр. Қазірге дейін жаңа жоба облыстық маңызы бар 15 қалада және екі өңірдегі 5 ауданда жүзеге асырылып жатыр екен. Бүгінгі күнге дейін 3 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйымды қамтыған жүйе негізінде 230 мыңнан астам балдырған балабақшаға барған.
Жамбыл облысы